Ректорлар конкурс арқылы тағайындалады
Ректорлар конкурс арқылы тағайындалады
144
оқылды

Енді ұлттық университет басшылары арнайы байқау негізінде тағайындалатын болады. Бұл – ректорлар арасындағы бәсекені арттыра түспек. Журналистермен болған кездесуде осылай деп мәлімдеген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа механизм конкурс арқылы әрі Үкімет қаулысымен жүзеге асатынын жеткізді.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев твиттердегі парақшасында ұлт­тық университет ректорларын Пре­зидент Жарлығымен таға­йындау жүйесі күшін жойғанын мәлімдеген болатын. Министр­лік алдағы уақытта арнайы бағ­дарлама әзірлеп, конкурстың қа­лай өтетінін жариялайтын бо­ла­ды. Осыған орай, жаңа та­лаппен тағайындалатын басшы­лар­дың білім саласындағы тәжі­рибесі мен жасы басты назарда болмақ.

Қазір қоғамда баланы бірінші сыныпқа 6 жастан беру мәселесі қызу талқыланып жатқаны бел­гілі. Бұған қарсы болып жатқан ата-аналар да бар. Білім және ғылым министрі осы мәселеге қа­тысты пікір білдіріп, мұны қа­лыпты жағдай санайтынын айт­ты. Өйткені министрдің өзі де баласын мектепке алты жасында беріпті. Бұл шешіміне өкінбей­тінін де жеткізді. Қазіргі заң­на­ма­да балалардың мектепке 6 жас­тан баратыны жазылған. Осы­ған байланысты қоғамда «бұл талап орындалмаса, ми­нистр­лік айыппұл салады» деген сөз тараған еді. Алайда Білім және ғылым министрі бұл ақпа­ратты жоққа шығарды.

– 3 жыл бұрын бұл норма заңға енгізілген болатын. Сон­дықтан бұл – жаңалық емес. Ал айыппұл салу мәселесін растай алмаймын. Өйткені министр­лікте ата-анаға айыппұл салу шарты қаралмаған, – деді Асхат Аймағамбетов.

Қалай десек те, елімізде алты жасынан мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің саны артып келеді. Мысалы, 2014 жы­лы елімізде балалардың 60 па­йызы мектепке алты жастан бар­са, 2018 жылы бұл көрсеткіш 80 пайыздан асқан. ЮНЕСКО мә­ліметі бойынша, әлемнің 134 елінде бала алты жастан мектепке барады екен. «Балалардың дер­бес ерекшеліктері бар. Біз осыны ескеруіміз керек», – дейді ­А.Ай­ма­ғамбетов.

Ұлттық бірыңғай тестілеу, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы, гранттарды бөлу үрдісі және оқулықтар сараптамасы – білім және ғылым жүйесіндегі жиі көтерілетін мәселелер қатарында.

Сонымен, 6 тарау, 21 баптан тұратын қазіргі «Педагог мәр­тебесі туралы» заң жобасында қолданыстағы әлеуметтік ке­пілдіктерді сақтаумен қатар, педагогтардың кәсіби құқығын кеңейтуге, мұғалімдерді өзіне тән емес функциялардан қор­ғау­ға, жүктемені қысқартуға, сон­дай-ақ материалдық және мате­риалдық емес ынталандыру ке­шеніне бағытталған бірқатар нор­ма қарастырылған.

Материалдық ынталандыру бо­йынша шешім әлі қабылданған жоқ. Себебі, бұл республикалық бюджеттен қосымша шығын бөлуді талап етеді.

Биыл білім беру гранттары ҰБТ сертификатының балына сәйкес білім беру бағдарла­ма­ларының тобы бойынша, кон­курстық негізде берілетін бола­ды. Білім беру гранттарын та­ғайындау конкурсына өтініштер қабылдау 13 шілдеде басталған бо­латын. Алғашқы төрт күн ішінде конкурсқа 28 430 өтініш қабылданған. Оның ішінде 26 202 өтініш толық бағдарлама бойынша оқуға берілсе, 2 228-і техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарын бітірушілерден қысқартылған мерзімде оқу үшін ниет білдіргендер. Конкурсқа өтініштерді қабылдау 20 шілде күні аяқталады.

Жалпы, жоғары білімді кадр­ларды даярлауға 53 785 грант бөлінген. Бұдан басқа, биыл қо­сымша 5 мың грант бөлініп отыр. Оны жергілікті атқарушы орган­дар конкурстық негізде беретін болады.


Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ