Енді ұлттық университет басшылары арнайы байқау негізінде тағайындалатын болады. Бұл – ректорлар арасындағы бәсекені арттыра түспек. Журналистермен болған кездесуде осылай деп мәлімдеген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа механизм конкурс арқылы әрі Үкімет қаулысымен жүзеге асатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев твиттердегі парақшасында ұлттық университет ректорларын Президент Жарлығымен тағайындау жүйесі күшін жойғанын мәлімдеген болатын. Министрлік алдағы уақытта арнайы бағдарлама әзірлеп, конкурстың қалай өтетінін жариялайтын болады. Осыған орай, жаңа талаппен тағайындалатын басшылардың білім саласындағы тәжірибесі мен жасы басты назарда болмақ.
Қазір қоғамда баланы бірінші сыныпқа 6 жастан беру мәселесі қызу талқыланып жатқаны белгілі. Бұған қарсы болып жатқан ата-аналар да бар. Білім және ғылым министрі осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, мұны қалыпты жағдай санайтынын айтты. Өйткені министрдің өзі де баласын мектепке алты жасында беріпті. Бұл шешіміне өкінбейтінін де жеткізді. Қазіргі заңнамада балалардың мектепке 6 жастан баратыны жазылған. Осыған байланысты қоғамда «бұл талап орындалмаса, министрлік айыппұл салады» деген сөз тараған еді. Алайда Білім және ғылым министрі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
– 3 жыл бұрын бұл норма заңға енгізілген болатын. Сондықтан бұл – жаңалық емес. Ал айыппұл салу мәселесін растай алмаймын. Өйткені министрлікте ата-анаға айыппұл салу шарты қаралмаған, – деді Асхат Аймағамбетов.
Қалай десек те, елімізде алты жасынан мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің саны артып келеді. Мысалы, 2014 жылы елімізде балалардың 60 пайызы мектепке алты жастан барса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 80 пайыздан асқан. ЮНЕСКО мәліметі бойынша, әлемнің 134 елінде бала алты жастан мектепке барады екен. «Балалардың дербес ерекшеліктері бар. Біз осыны ескеруіміз керек», – дейді А.Аймағамбетов.
Ұлттық бірыңғай тестілеу, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы, гранттарды бөлу үрдісі және оқулықтар сараптамасы – білім және ғылым жүйесіндегі жиі көтерілетін мәселелер қатарында.
Сонымен, 6 тарау, 21 баптан тұратын қазіргі «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында қолданыстағы әлеуметтік кепілдіктерді сақтаумен қатар, педагогтардың кәсіби құқығын кеңейтуге, мұғалімдерді өзіне тән емес функциялардан қорғауға, жүктемені қысқартуға, сондай-ақ материалдық және материалдық емес ынталандыру кешеніне бағытталған бірқатар норма қарастырылған.
Материалдық ынталандыру бойынша шешім әлі қабылданған жоқ. Себебі, бұл республикалық бюджеттен қосымша шығын бөлуді талап етеді.
Биыл білім беру гранттары ҰБТ сертификатының балына сәйкес білім беру бағдарламаларының тобы бойынша, конкурстық негізде берілетін болады. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына өтініштер қабылдау 13 шілдеде басталған болатын. Алғашқы төрт күн ішінде конкурсқа 28 430 өтініш қабылданған. Оның ішінде 26 202 өтініш толық бағдарлама бойынша оқуға берілсе, 2 228-і техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарын бітірушілерден қысқартылған мерзімде оқу үшін ниет білдіргендер. Конкурсқа өтініштерді қабылдау 20 шілде күні аяқталады.
Жалпы, жоғары білімді кадрларды даярлауға 53 785 грант бөлінген. Бұдан басқа, биыл қосымша 5 мың грант бөлініп отыр. Оны жергілікті атқарушы органдар конкурстық негізде беретін болады.