Кейінгі мәліметтерге қарасақ, әлемде COVID-19 коронавирусы 10,6 миллион адамға жұққан. Қайтыс болғандар 500 мыңнан асты. Қазақстанда да осы вирустан көз жұмғандарды жерлеу үшін алғашында арнайы жерлер нақтыланды. Бірақ жақында рәсім өзгерді. Бұл қауіпті емес пе? Басқа елдерде қалай?
Мұсылмандар үшін арнайы пәтуа бар
Айта кетейік, наурыз айының сонына дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 инфекциясын жұқтырып, қайтыс болғандарды жерлеудің нақты, әлем елдеріне ортақ ережесін ұсынбады. Сәйкесінше, түрлі мемлекет марқұмдарды жер қойнына тапсырудың өзіндік ережесін бекітті. Ал Қазақстанда қауіпті жұқпалы індеттен қайтыс болған адамның мәйітін жерлеуге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пәтуа бекітті. Пәтуа бойынша тізімде COVID-19 инфекциясы да бар. Онда айтылғандай, өте қауіпті дерттен қайтыс болған адамды жуындыру рәсімі арнайы мемлекеттік мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Мәйітханада жуындыру шарасы шариғат талабына қайшы келмесе, мәйітті қайта жуындыру шарт емес. Жұқпалы дертке шалдығып, қайтыс болған кісіге кебіндеу ісі, санитарлық қағидаларды сақтайтын арнаулы қызметкердің тарапынан жасалады. Сондықтан мәйітханада кебінделген мәйіт шариғатқа сай болса, қайта кебіндеу де шарт емес. Сонымен қатар жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстарының қатысуы жеткілікті. Сақтық шаралары үшін адам санын барынша азайту керек. Жаназа рәсімдерін жергілікті имам атқарады. Намаз оқыған кезде санитарлық нормаға сай мәйіт имам мен жамағаттан қашық жерге қойылады. Марқұмды жерлеуге денсаулық сақтау мекемесінің мамандары арнайы көлікпен жеткізеді. Қабір эпидемиологиялық нормаға сай қазылуы тиіс. Мәйітті жерлеу рәсімінде биоқауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Санитариялық-эпидемиологиялық мекемесінің рұқсатынсыз мәйітті үйіне немесе басқа мекен-жайға (өзге қала, туған жеріне) апармау керек. Мұндағы мақсат – жұқпалы індеттің өзге аймақтарға таралуының алдын алу. Егер санитариялық-эпидемиологиялық мекеме тарапынан мәйітті шариғат жолымен жуындыруға, кебіндеуге рұқсат берілмесе, шариғаттың зәрулік үкімі негізге алынады. Мәйітханада оралған мата, арнайы қап немесе табыт ашылмастан жерленеді. Жаназа намазы мәйіттен алыс тұрып оқылады.Арнайы полигон
Қазақстанның әр жерінде індеттен қайтқан марқұмдар бөлек жерленеді деп арнайы полигондар бой көтерді. Сол уақытта Алматының бас санитарлық дәрігері, «қайғылы жағдай бола қалса, жұқпалы дерттен көз жұмғандар арнайы полигонға көміледі» деп мәлімдеді. «Коронавирус инфекциясына қарсы күрес жөніндегі аймақтық штаб бекіткен ереже бар. Соған сай марқұмдар қала сыртындағы арнайы полигонда жерленеді. Мәйітке патологоанатомиялық зерттеу жүргізбейміз, бірден дезинфекцияланып жерленеді. Қабірге қорғаныш заттары себіледі. Жаназаға аз адам қатыстырылады», – деді ол. Алматылық бас санитардың айтуынша, марқұмды ақтық сапарға арнайы қорғау киімдерін киген адамдар, жұқпалы аурудың алдын алу ережелерін сақтай отырып аттандырады. Жерлеу рәсімін эпидемиолог дәрігерлер басқарады. Ал жаназасы бейіт басында оқылады.Жаңа ереже
Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды жерлеу ережесі өзгерді. Бұл туралы 30 маусымда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: – Өлгендерді жерлеу тәртібі маңызды болып қала береді. Қолданыстағы тәртіпке өзгерістер енгізілді. Санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық нормаларды қатаң сақтай отырып, кез келген зираттарда көмуге рұқсат етіледі. 30 маусымдағы жағдай бойынша ауру жұқтырған 40 мыңға жуық адам тіркелген, қайтыс болғандары да бар. Медициналық мекемелердің барлығы күшейтілген жұмыс режиміне көшкен, – деді.Шетелде қалай жерленеді?
Италия. Коронавирустан қайтыс болғандардың жақындарына мәйітті ақтық сапарға шығарып салуға тыйым салды. Жерлеуді ұйымдастыратын компаниялар карантинге алынған отбасыларға діни қызметкердің марқұмға бата беріп жатқан сәтін бейнеқоңырау шалып көрсетеді. Израиль. Мәйіттерді екіқабатты герметикалық полиэтилен қаптамаға орап көмеді. Онда марқұмның денесін жуу мен салттық рәсімдер толық қорғаныш киімін киген соң жүргізіледі. Содан кейін мәйітті қайтадан полиэтилен пакетке орап, жер қойнына тапсыру қажет. Сондай-ақ қазаға келген адамдар арасында 2 метр қашықтық сақталады. Бұл мемлекеттегі кейбір зираттарда коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арнайы орындар қарастырылған. Иран. Иран коронавирустан адам шығыны көп мемлекеттер тізімінде. Вирус құрбандарының көптігі сонша, олардың денелері жүк көліктеріне тиеліп, күн-түн демей жерленіп жатыр. Алайда марқұмдарды ислам белгілеген салт-дәстүрлерді сақтамай жер қойнына тапсыруда. Ел билігі коронавирус құрбандарын көму үшін 90 метрлік тереңдікте қазылған қабірлер дайындаған. АҚШ. Америка Құрама Штаттары да індеттің таралу қаупінен сескеніп, кеселдің кесірінен өмірден өткендерді жерлеу рәсімдерін өткізудің жаңа тәртібін енгізді. Ол жақта коронавирус пандемиясына байланысты марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі бейнекамераға жазылады. Ал шараға қайтыс болған адамның тек ең жақын туыстары ғана қатыстырылады. Дәл осындай қашықтықтан жерлеу рәсімін жасау ережесін Ұлыбританияда да қолдана бастады. Оңтүстік Корея. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға арналған аза тұту дәстүрлі түрде 3 күндік дұғадан тұрады. Бірақ карантин жағдайында мұндай мүмкіндік жоқ. Үкімет құрбандардың отбасыларына алдымен кремация жасап, содан кейін жерлеуді өткізуге шақырды. Қазір онда жерлеу мәдениеті айтарлықтай өзгерген. Марқұмның отбасына ақшаны дәстүрлі таратудың орнына банк аударымы арқылы қайырымдылық жасалады. Ресей. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясының алдын алу, диагностикалау және емдеу туралы берген ұсынымдарында COVID-19 індетінен қаза тапқандарды жабық табыттарда көму қажеті туралы қаулы енгізді. Осы ретте құжатта қайтыс болғандардың мәйітіне міндетті түрде патологоанатомиялық зерттеу жүргізілуі тиіс екені көрсетілген. ТҮЙІН:«Әр елдің салты басқа...» дегенімізбен, бұл індет барлығымызды бір шартты орындауға шақырады. Ол – сақтық. Елімізде коронавирустан қайтыс болған марқұмды санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық нормаларды қатаң сақтай отырып, кез келген зираттарда көмуге рұқсат етті екен деп сақтықты ұмытып кетпейік.