(Баян Тұяқбаеваға жауап)
(Жалғасы, басы өткен санда)
Біздің халық ауыз әдебиеті, әсіресе жыр, тарихи дастандар мен аңыз-әңгімелер өткен тарихи жадымыздың қазынасы екені даусыз. Маңғыстауда 362 әулие, Түркістанда түмен бап, Сайрамда сансыз баптың болуы туралы аңыздың түбінде де белгілі бір дәрежеде ақиқат жатқаны анық. Ысқақ бап, Арыстан бап, Әбдіжәлил бап, Шашты ата, Әздер ата, Ысмайыл ата, Жүсіп ата, Мұқым ата, Көктонды ата, Құш ата, Айдарлы ата, Ысқақ қожа, Қошқар ата, Шақпақ ата, Қараман ата, Бекет ата, Қосай ата, Масат ата, Қаңға баба, Сұлтан епе, Асар сұпы сияқты тағы басқа әулие кісілердің есіміне тіркелген «ата», «баба», «әулие», «сұпы» анықтауыштары ислам дінін таратушы, ар ілімін үйретуші қазақ даласының рухани ұстаздары осы құл Қожа Ахмет Ясауиге барып тіреледі. Міне, Түркістанның жаңа өркениет ошағына айналуы тек қолайлы географиялық жағдайына ғана байланысты емес еді. Бұл исламдық руханиятта ерекше орын иемденетін, түрік сопылық мектебінің негізін салған ғұлама ақын, Әзірет Сұлтан Құл Қожа Ахмет Ясауидің жан-жақты ұстаздық және уағызшылдық қызметінің арқасы болатын. Түркиядағы қажы Байрам, қажы Бекташ, Жүніс Әміре, Ташкенттегі Зеңгі баба, Қырғызстандағы Баласағұн, Түркіменстандағы Мақтұмқұлы сияқты тұлғалар Ясауи жолын жалғастырушы болатын. Сондықтан Түркістанның тарихи қайта жаңғыруы – түркілік ортақ руханият пен құндылықтардың тарихи бастау-көздерінің жаңғыруы деген сөз. Ал кешегі тарихпен қауышпайынша, бүгінгі және болашақ тарихты елестету мүмкін емес.«Әзіреті Ясауи мұрасының маңызы неде?»
Ясауидің рухани мұрасы XІІ ғасырдан бастап түркі халықтарының тарихи тағдырында шешуші рөл атқарған рухани күшке айналды. Қожа Ахмет Ясауи дін тілін түрікше хикметпен сөйлетіп қойған жоқ, жолында кездескен қиындықтарға қарамастан, түркі халықтарының дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін ислам дінінің талаптарына сай қалыптастырды. Кемелдік жолындағы адамның кемелдікке жетуіндегі алғышарттар ретінде көрсетілген «Отан», «елде тыныштық», «бауырластық» пен «мемлекет басшысына беріктік» ұстанымдарынан қазақ мемлекеттілік жүйесінің де Ясауи ілімімен байланысты екенін көруге болады. Осындай ойдың асылын мұра қылып кеткен Әзірет Сұлтан Ясауиді Елбасымыз кезінде «Ясауи – біздің «конфуций» деген еді. Түрікшіл ақын Мағжан да «Түркістан – екі дүние есігі» деп бекер айтпаған. Себебі екі дүние есігіне ену үшін Ясауи ілімін тану керек. Ясауи ілімі – қоғамдық-әлеуметтік ынтымақ пен бірлікке ұйытқы болатын даналықтың (хикметтің) үлгісі. Яғни, оның ілімі адамдар арасындағы өзара тең сұхбаттың, бауырластықтың, махаббаттың діни-рухани ұстанымдарын қамтитын біртұтас тұжырымдамалар жүйесі болып табылады. Ясауи қазақ мұсылмандық түсінігінің негізін қалаушы ұстаз ретінде «нағыз мұсылман бірге табақтас болып отырған адамдардың дініне, тегіне мән бермейтін адам» деп анықтама береді. Ясауи ілімінің негізгі ұстанымы қандай діндегі адам болса да, оған зарар көрсетпеу болып табылады. Ясауи мұрасы мен ілімі – барша мұсылман баласын бірлікке, дін іші тұтастыққа және өзге діндер арасындағы татулық пен толеранттылыққа шақырады. Ясауи – қазақ мемлекеттілігі мен тарихынан ойып орын алған тарихи-саяси, болмыстық, моральдық құндылықтардың мәні болған Ислам деген өркениеттің есігін айқара ашып берген, артына мектеп қалдырған, тұғырлы мұра тастап кеткен тұлға, әулие.«Әзірет Сұлтан кесенесі»
Бұл ғажайып сәулет туындысында ғасырлар бойы қалыптасқан далалық құрылыс тәжірибесінің ізі жатыр. Кесененің құрылысында түркі өркениетінің тәсілдері, нақыштары мен ою-өрнектері көне замандардағы сәулет және бейнелеу өнер туындысы көрініс тапқан. Кесененің құрылысы жайлы негізгі дерек Шариф ад-дин Йездидің «Зафарнама» («Темір жеңістері») атты кітабында баяндалған. 1397 жылы Әмір Темір Самарқандтан Ташкентке барар жолда Түркістанға арнайы зиярат жасап, Қожа Ахмет Ясауи басына ескі мазардың орнына зәулім кесене тұрғызуға әмір беріп, әрі құрылысқа Әмір Темірдің өзі тікелей басшылық еткен. Әмірдің бұйрығымен Убайдулла Садыр бүкіл құрылыс жұмыстарына жауапты болып бекітілген. Кесене жай ғимарат қана емес, ол жерде рухани тәжірибемізге қатысты, діни таным мен мәдениетімізге сіңген ритуалдық құндылықтар қабаты жатыр. Мысалы, «Тайқазан» тұрған бөлмеде зияратшылар алқа-қотан бас қосып Алланы еске алып, келелі мәжілістер өткен. Әрі муриттер мен дәруіштердің сабақ алатын орны ретінде де білім беру және ағартушылық функциясын атқарған. Кесененің айналасында зияратшылар үшін салынған керуен-сарайлар, кітапханалар, шаршы базарлар, хужралар, монша, асханалар да қызмет көрсеткен. Ал үлкен ақсарай, аты айтып тұрғандай, мемлекеттік істер мен елшіліктерді қабылдайтын резиденция қызметін атқарған. Қорыта айтқанда, рас Түркістан – «Астана» статусындағы киелі қала. Астана – ислам терминологиясы бойынша «ақиқатқа ашылған қақпа» деген мағынаға келеді. Осындай қақпаның басында құл Қожа Ахмет сияқты әулиелердің мазары бар. Астанаға әркім сол үшін де ынтық болған. Қазақтың көптеген тарихи тұлғасының осы жерде жерленуінде осы таным-түсінік жатыр. Мұндай астаналар ислам әлемінің кез келген орталықтарында бар. Енді сіз кезінде «Сағадат Астанасы» болған Стамбұлға немесе Самарқандқа қарап көріңізші, Түркістанмен салыстыруға келер ме екен? Себебі Түркістанның тағдыры басқа болды. Бұл қаладан да, атауынан да үркіп, саяси құралға айналып, кеңестік кезеңде бұл қалаға еш көңіл бөлінбеді. Енді Түркістанды рухани, тарихи қайта жаңғыртамыз деген кезде мына пікіріңіз түсініксіз... Қазір керісінше, киелі астана болған қаланы заманауи шарттарда қайта жаңғырту шарт. Сосын Ясауи кесенесі – ханака емес, ол – куллийа (кешен). Мұнда көпфункционалды тарихи, саяси, діни, білім беру, әлеуметтік тәжірибелер мен ритуалдар да атқарылған. Енді бүгін сол тарихи санадағы функцияларды қайта жаңғырту үшін де қазіргі жаһандану жағдайында кесенені жай мәдени ғимарат етіп қана қоймай, оның тарихи функциясын қайта жаңғыртуымыз қажет. Бұл да зияратшыларға өнер, театр мамандары арқылы кешегі тарихи санадан хабар беретін сахналандырылған қойылымдар мен көріністерден тұру керек. Мұндағы мақсат Әзірет Ясауиді, кесенені, Түркістанды насихаттау, тану және таныту. Осылайша, Түркістанда рухани туризмді өркендетудің сан қырлы нұсқасы қолға алынуы керек. Сосын амфитеатрда Әзірет Сұлтанның зікір, ракс-сама, салауат, тасбих, тахлил сияқты ритуалдық құбылыстары заманауи стильде театрландырылған сахналар арқылы халыққа, зияратшыларға таныстырылатын болады. Біз егемен, зайырлы елміз. Мұндай үлгі әлемде көп. Түркиядағы Кония қаласындағы «Жалалуддин Румидің орталығы» әлемдік туризмде осы қырынан ерекшеленетінін еске салсақ та жеткілікті. Әзірет Сұлтанның ілімі мен философиясында «гүл» символы ерекше орын алады. Қазіргі куллийаны гүлзарға айналдыру тек бау-бақшалармен көмкеру емес, онда символдық мән де бар. Сопылықтағы «иман-и гүл», Абайдағы таным-түсініктің артында осы ақиқат жатыр. Ол махаббат Аллаға деген ғашықтықтың бейнесі. Ясауи рухани психотехникасындағы «хиуат-шілдехана» – бұл ислам сопылық тәжірибесінде бар құбылыс. Оны манихейліктен енген деген анықтамаңыз да кешегі ориеанталистік тенденцияның жемісі екені даусыз. Исламның өз тәжірибесінде де «хира» құбылысы бар. Ол – пайғамбардың жолы. Сосын бұл далада шафиғилер болған емес, ол кешегі Бартольттың концепциясы болатын. Ол да ескірді. Онда мақсат бар еді. Екіншіден, Ясауи бағыты белгілі, Ханафи-Матуриди жолындағы суфи, әулие. Сондықтан оны әлем «силсилат ал захаб» өкілі ретінде таниды, танытады. Бұл – Хазірет Мұхаммед пайғамбарымыздың құтына, Хазірет Али, одан Хазірет Арыстан бап арқылы жалғасқан жол деген сөз. Яғни, Түркістан біздің темірқазық – бағдарымыз бен өркениеттік тұғырымыздың бастауы. Бұл – құндылық. Оны таныту, таныстырудың өз дәуіріне сай тетіктері болары сөзсіз.Досай КЕНЖЕТАЙ, профессор, теолог