Тоқаев Тұңғыш Президентке арналған монументтің ашылу рәсіміне қатысты
Тоқаев Тұңғыш Президентке арналған монументтің ашылу рәсіміне қатысты
Фото: akorda.kz
223
оқылды
Президент өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі Қазақстанның негізін қалағанын, егемен еліміздің стратегиялық даму жолын айқындап, халқымызды ортақ мақсатқа жұмылдырғанын атап өтті. – Тұрақтылық пен татулық, береке мен бірлік – Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі. Кез келген мемлекеттің тарихында өшпес із қалдырған бірегей тұлғалар бар. Олардың сіңірген еңбегін бағалай білу және жан-жақты дәріптеу – өскелең ұрпақтың парызы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.    width= Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның Қарулы Күштері Тұңғыш Президенттің Жарлығымен құрылғандықтан, бұл монументтің Ұлттық қорғаныс университетінде орнатылуының символдық мәні зор. Елбасы еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше көңіл бөлді. Мемлекет ең қиын кезеңдердің өзінде де заманауи қару-жарақ алу, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің қуатын арттыру, әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету, жалақыларын уақытылы беру, жоғары зейнетақы төлеу міндеттерін оңтайлы шеше білді.
– Тәуелсіздік алған сәттен бастап Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әскери әлеуетімізді қалыптастыру барысында ең күрделі деген мәселелерді шешуге өзі тікелей араласты. Оның басшылығымен халқымыз бен елімізді ықтимал әскери қақтығыстардан қорғау мақсатында армиямыздың перспективалары мен міндеттері, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басымдықтары мен механизмдері айқындалды. Нұрсұлтан Назарбаев Президент болған жылдары әскери құрылымның заңнамалық және құқықтық-нормативтік базасы әзірленді. Сондай-ақ Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамы жасақталып, армияның қарулануы кезең-кезеңімен іске асып, заманауи инфрақұрылым қалыптасты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жоғарғы Бас қолбасшы әскеріміздің қанша жерден заманауи техникалармен жабдықталғанымен, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында армияның жеке құрамы негізгі фактор болып қала беретінін айтты. Сондықтан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ең мықты әскери кадрлар сапалы әскери білім беру ісін ұйымдастыруға жұмылдырылды. Бүгінде Қазақстанда орта әскери оқу орындарынан бастап халықаралық деңгейдегі университетке дейінгі аралықта көпсатылы білім жүйесі қалыптасты. – Халқымызда «Ел ерлерімен еңселі» деген қанатты сөз бар. Шын мәнінде, Қарулы Күштері қуатты мемлекеттің бірлігі бекем, абыройы асқақ болады. Сондықтан біз армиямыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қашанда баса мән береміз. Бұл ретте білім мен ғылымның алатын орны ерекше. Ұлттық қорғаныс университеті алдағы уақытта да білікті мамандар дайындау ісіне мол үлес қосады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.