Жас кәсіпкерлерге 5 миллион теңге үлестірді
Жас кәсіпкерлерге 5 миллион теңге үлестірді
208
оқылды

«Зерен-2019» жастар жазғы лагерінің екінші кезеңі аяқталып, дарынды жас кәсіпкерлердің жаңа легінің жолын ашты.

Ауқымды жобаның екінші кезеңіне Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Түркия, Әзірбайжан және Қырғызстан елдерінен жиналған 200 жас дарын қатысты. 
Қатысушылар 9 күн бойы төрт бағыттағы жобалар бойынша талмай еңбек етті. Азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, жасыл экономика, креативті экономика және жаңа медиа төңірегінде стартаптар әзірленіп, қолдау тапты .
Тәлімгерлер мен әділ қазылар алқасының пікіріне сүйенсек, әр жоба өзінің бірегейлігімен және таңдалған бағыттағы негізгі міндеттерді бірыңғай емес тәсілмен шешу жолдарымен ерекшеленді. Олардың қатарында: ауылдық жерлерде арнайы биогаз қондырғыларын орнату, биологиялық тұрғыдан шіритін материалдан жасалатын және 350 ретке дейін қолдануға болатын эко-баxилалар, халва, май, косметика алуға болатын сафлор өсімдігін өсіру, жасанды және химиялық элементтер қосылмаған, жануарларға арналған «тірі» қорек өндіру тәрізді жобалар болды. Одан бөлек, қимыл-тірек жүйесі бұзылған жандарға көмектесуге бағытталған жоба да бар. Барлық жоба сарапшы қазылардан жоғары баға алды.
Екінші кезеңнің әр күні барынша өнімді өтіп, жобамен жұмыс жасаудан бөлек, елге танымал спикерлердің мотивациялық дәрістерімен жалғасты. Олардың қатарында танымал альпинист, ҚР альпинистер құрамасының капитаны,  спорт шебері Мақсұт Жұмаев; кәсіпкер, Қазақстандағы ең ірі таксопарктердің бірінің негізін қалаушы Тимур Құдайбергенов, Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткері, Нұр-Cұлтандағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитеті төрағасы Әлихан Бәйменов бар.
Маусымның салтанатты жабылуына ҚР Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова қатысты. Ол қатысушылардың барлық жобасына жақсы баға беріп, «Зерен-2019» лагерінің ұйымдастырылуы мен дайындығы жоғары деңгейде екенін атап өтті.
– Осындай айтуыл жобаның біздің елде өтіп жатқаны қуанарлық жайт. «Зерен-2019» лагері – бұл қазірдің өзінде өміріміздегі көптеген мәселелерді шешудің ерекше жолдарын ұсынатын жас ақылдардың квинтэссенциясы. Жоба жас, талапты кәсіпкерлердің үлкен өмірге қадам басатын алғашқы баспалдағы деп білемін, – деді Фатима Надырқызы.
Білім беру лагерінің екінші маусымының жеңімпаздарымен таныстырып өтейік.
«Zeren эко бахилалары» жобасымен UPGRADE командасы кем дегенде 350 рет пайдалануға болатын биологиялық ыдырайтын материалдан эко-бахил ұсынды. Q4 командасы «Тақымды тұлға» жобасымен жеңімпаз атанды.
Әйелдердің репродуктивті денсаулығына байланысты барлық проблемаларды шешу үшін инновациялық платформа құрған Arasan командасы «Aiel Baqyty» жобасымен үздіктер қатарынан табылды.
Демеу командасы мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін тегін оқу курсын және тұрақты жұмысқа орналастыруды көздейтін «Демеу» жобасымен іріктелініп алынды.
Ал Ұмтылу командасы халва, май, косметика жасауға болатын сафлор өсіруді ұсынып, «Агро-М» жобасы арқылы гранттан үміттілердің қатарына қосылды.
Әр команда 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды. Бұл кезеңге бөлінген жүлде қоры 5 млн теңгені құрады.
«Зерен-2019» республикалық танымдық жастар жазғы лагері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, Қазақстанда Жастар жылын өткізу бойынша Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқанын естеріңізге саламыз. Енді үшінші ауысым 23-31 шілде аралығында өтеді.