Қатаң карантин: ҚР ІІМ басшысы қазақстандықтарға мәлімдеме жасады
Қатаң карантин: ҚР ІІМ басшысы қазақстандықтарға мәлімдеме жасады
фото: ашық дереккөз
132
оқылды
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елімізде енгізілетін қатаң карантин шараларына байланысты қазақстандықтарға мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Polisia.kz. «Құрметті отандастар! Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Мемлекеттік комиссия 5 шілдеден бастап екі апталық ішінара шектеу енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл шектеулер арқылы жекелеген шағын және орта бизнес санаттарының қызметін тоқтату, қоғамдық көліктердің жұмысын және адамдар көп баратын жерлерде азаматтардың жиналуын шектеу, сондай-ақ бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салу қарастырылған. Мұның бәрі инфекцияның таралуына жол бермеу үшін жасалады. Кәсіпорындар, азық-түлік дүкендері, дәріханалар, банктер және қысқартылған кесте бойынша ХҚО-лар жұмыс істейтін болады. Біздің азаматтарымыз қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған санитарлық және алдын алу шараларын қатаң сақтайтынына сенімдімін. Осы кезеңде ішкі істер органдары қызмет өткерудің ерекше режиміне көшірілетін болады. Осыған байланысты, Ішкі істер министрлігі азаматтарды әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтауға, көп адам шақырылатын іс-шаралар өткізбеуге және өздерінің байланыстарын азайтуға шақырады», - деді министр. Сондай-ақ Е.Тұрғымбаев бұл қатерге тек бірлесіп қана қарсы тұра алатынымызды тағы бір еске салды. «Сонымен қатар, тек қана ресми ақпарат көздеріне ғана сену маңызды. Көрінеу жалған мәліметтердің авторлары мен таратушылары анықталып, жауапкершілікке тартылатын болады. Енгізілетін шектеулердің тиімділігі әрқайсымыздың жеке жауапкершілігімізге байланысты. Тек бірлескен күш-жігер, шыдамдылық пен түсіністік көрсете отырып, қызмет атқарып жүрген медицина қызметкерлері мен полицейлерге қолдау көрсете аламыз. Біз бұл қатерге бірлесе қарсы тұрғанда ғана азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, денсаулықтарын сақтап қаламыз!», - деді ведомство басшысы. Еске салайық, Қазақстанда коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне байланысты биылғы 5 шілдеден бастап 14 күнге қатаң шектеу шаралары енгізіледі. Карантин одан әрі ұзартылуы немесе күшейтілуі мүмкін.