Қостанай облысында пластик бөтелкеге спирттік ішімдік құйып сатқандар ұсталды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.
Бұған дейін Арқалық қаласында бір тәулікте этанолдан уланып қалған 11 адамның мерт болғаны хабарланды. Осы факт бойынша полиция ҚР ҚК 306-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Кейіннен Ақмола облысында тағы 4 адамның ішімдіктен уланып көз жұмғаны белгілі болды.
«Спирттен улану жағдайы Ақмола облысында да тіркелді. Онда 4 адам көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша, кісі өлімі жалпы улану аясындағы жедел геморрагиялық панкреатиттен болған. Тергеу барысында Ақмола облысында спирттік ішімдікті саудаға шығарған цех анықталды. Цех ішінен сатылымға шыққалы тұрған зиянды ішімдік тәркіленді. Полицейлер Арқалық қаласындағы 4 дүңгіршектен 46 литр ішімдікті тапты. Бұған қоса, жергілікті кәсіпкерден 408 бес литрлік бөтелке табылды. Алайда кәсіпкер спирттік ішімдіктің едәуір бөлігін сатып жіберген. Осы дерек бойынша пластик бөтелкеге спиртті құйып, сатқан 3 күдікті ұсталды. Айта кетейік, бұл сұйықтық адам ағзасына аса қауіпті саналады», - дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ирина Беженарь.
Полицейлердің айтуынша, қауіпті сұйықтық базарларда, жертөлелерде жасырын сатылуы мүмкін. Сондықтан тұрғындардың барынша сақ болғаны жөн.