Қостанай облысына қарасты Қарабалық кентінде Nur Otan партиясының аудандық филиалының қолдауымен «Білім орталығы» коуоркинг-орталығы ашылды. Аудандық кітапханадан орын тепкен орталықта балалардың уақытын барынша тиімді әрі пайдалы өткізуге барлық жағдай жасалған.
Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамып, әрі интеллектуал, әрі рухани тұрғыда дамып, жетілуіне Nur Otan жағдай жасап, арнайы жоба әзірлеген болатын. Бүгінде мұндай орталықтар шығармашылық шыңдауға да таптырмас мекенге айналып отыр. Қарабалықтағы коуоркинг-орталықтың ашылуына Мәжіліс депутаты Ирина Аронова қатысты.
«Мектептер мен кітапханалардың жанынан балаларға арналған коуоркинг-орталықтарды ашу – заман талабы. Осындай жерге келу арқылы жеткіншектердің ой-өрісі кеңейіп, шығармашылықпен айналысуға құлшынысы артады. Түрлі танымдық іс-шараға қатысу үшін бұл жерлерде барлық жағдай жасалғанын айта кету керек. Меніңше, партиялық жобалардың іске асырылып жатқанын жұртшылыққа осындай нақты мысалдар арқылы, жағымды нәтижелермен көрсете аламыз» дейді депутат.
Аронованың айтуынша, қажет инфрақұрылым жасау арқылы кітапханаларға ағылатын жастардың саны арта түседі. Ал бірыңғай электронды кітапхана – білім алуға құштарлық оятатын күшті құрал. Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсеткен маңызды міндеттердің бірі де – осы. «Бүгінгі таңда біздің кітапхана оқырманға ақпараттық қолдауды жан-жақты көрсетіп отыр. Сол себепті, «Білім орталығының» кітапханада ашылғаны тіпті жақсы. Алға қойған мақсаттарға жету үшін бұдан артық орын болмас. Өйткені білім алуға ең қолайлы мекен, бәрі қолжетімді жерде тұрады. Мұндай орталықты ашудағы мақсат – қазіргі заманауи трендтерге ілесіп, сай болу. Осылайша, қолданушыларды біріктіріп, жұмылдырамыз» дейді кітапхана қызметкері Үміт Галеева.
«Білім орталығы» соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталып, жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Сонымен бірге, облыста мұндай орталықтың бүгінде алтауы бар екенін де атап өту қажет. Білім өрісін кеңейтуден бөлек, бұл жерде шеберлік сағаттарын, семинар-тренингтер өткізуге де болады.