Нұр-Сұлтанда карантиннің қандай жағдайда созылуы мүмкін екені белгілі болды. Бұл туралы журналистерге брифинг өткізген қала әкімі Алтай Көлгінов айтты.
«Карантиннің созылу-созылмауы өзімізге байланысты. Бұған дейін елде төтенше жағдай жарияланып, қатаң карантин режимі енгізілген болатын. Ол көмектесті. 11 мамырдан бастап карантинді жеңілдеткен еді, халық еркінсіп кетті. Соның салдарынан вирус жұқтырғандар саны күрт артты. Біз енді бұл қателікті қайталамауымыз керек», - деді Алтай Көлгінов.
Айта кетейік, Қазақстанда 5 шілдеден бастап екі апталық карантин жарияланған болатын. Қазір елімізде 49 683 адам коронавирус жұқтырған. 16 298 науқас дертінен айықса, 264 адам қайтыс болды.