«Жолда қабылдау» мәселені шешуге оңтайлы
«Жолда қабылдау» мәселені шешуге оңтайлы
222
оқылды

Атырауда өткен республикалық «Жолда қабылдау» акциясы аясында атыраулық полицейлер 533 адамды қабылдады.

Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың тапсырма­сы­на сәйкес «Жолда қабылдау» ак­ция­сын республиканың бар­лық аймағында ай сайын өткізу қолға алынған.

Республикалық акция ая­сын­да атыраулық полицей­лерге мәселесін айтып келген 533 адамның дені айыппұл­дар­ды өтеу сұрақтарымен келген. Бұдан басқа тұрғындар тарапы­нан полицейлерге жол қозға­лы­сын ұйымдастыру, авто­кө­лік­­терді тіркеу, жүргізуші куә­лік­терін алу мен ауыстыруға, көші-қон қызметіне қатысты сұрақтар түсіп, жауаптары берілген.

Акция кезінде халықты қабылдау үшін қала орталығын­дағы «Байзар» сауда кешенінің алдына Атырау облысы Поли­ция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбет­қалиев барды.

Кезекті қабылдаудың ерек­ше­лігі – халықпен байланыс инте­рактивті форматты қамты­ды. Облыстың бас полицейі әлеуметтік желілердегі департа­мент­тің ресми парақшалары­ның тікелей эфирі арқылы ха­лық­тың сұрағына онлайн ре­жим­­де де жауап берді.

Тікелей эфирде тұрғындар күре жолдардағы апаттың, жол бойында төрт түлік малдың сал­дарынан болып жатқанына алаңдаушылық білдірді. «Жа­қын­да ғана автокөлік түйе ма­лы­на соқтығысып, нәти­жесін­де бірнеше адам қаза болды. Жол бойындағы малға біреу бақылау жасай ала ма?» деді желі тұтынушысы департамент бастығына жолдаған сауалында.

– Бұл – қазіргі уақытта ел аумағындағы өзекті мәселе. Бірін­шіден, қараусыз жүрген мал – ұрылардың оңай олжасы. Екіншіден, жол-көлік оқиға­лары­ның себепшісі. Біз бұл мәселені бірнеше рет мәселе етіп көтерген болатынбыз. ІІМ-нің бастамасымен қарау­сыз жүрген малға байланысты үшжақты келісімшарт жасала­ды. Келісімшарт жергілікті атқарушы орган, бақташы және мал иесі арасында жүзеге асып, қол қойылады. Аудандарда әкім­шілік полицияның ұсыны­сы жүзеге асып жатыр. Мысалы, Мақат ауданында демеушілерді тарта отырып, мал шаруашылы­ғы қожалығына 500-ден астам жарық шағылыстырғыш лента берілді. Лента ірі қара малдарға арналған. Әкімдікпен бірлесіп, бұл жобаны өзге аудандарда да жүзеге асыратын боламыз, – деп жауап берді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

«Жолда қабылдау» акциясы барысында қару тапсыру жөнін­де құқықтың кеңес алуға келген тұрғын Бахтияр Үмбета­лиев мәселесін сол жерде шеш­ті. Оған 1979 жылы шық­қан «Зауэр» маркалы неміс мыл­тығы атасынан мұраға қалған. Қаруға аса қажеттілік жоқ бол­ған­дықтан, құжаттарын дайын­дауға мән бермей жүрген тұр­ғынға құқықтық кеңес беріліп, қаруды қабылдап алуға жауапты қызметкерлерге тапсырма бе­ріл­ді. Айтарлығы, жыл басы­нан бері Атырау полициясына тұр­ғындар 63 аңшылық мылтық пен 194 оқ-дәріні өз еріктерімен тапсырған. Ал заңсыз сақталған 10 қару тәркіленіп, ӘҚБтК-тің 484-бабына сәйкес жинақтал­ған іс-құжаттар сотқа жол­данған.

«Жолда қабылдау» акция­сының бұл жолғы ерекшелігі қала­ның негізгі ықшамаудан­дары­мен қатар 12 тұрғын үй ауласында қабылдау жүргізілді.   Департамент бастығынан өзге оның орынбасарлары Сұлтан Молдашев пен Нығмет Мути­гул­­лин да халықтың ортасына барып, өтініштерін тыңдады. Вокзал алдындағы қабылдау акциясында азаматтардың ше­тел­дік көліктерді тіркеу жөнін­дегі өтініштерін тыңдап, заң тұрғысынан кеңес берген поли­ция полковнигі Нығмет Мути­гуллин: «Полиция депар­та­менті халықпен оңтайлы бай­ла­ныс орнату жұмысына баса назар аударып келеді. Бұған дейін азаматтарды жеке сұрақ­тары бойынша Департамент жанынан ашылған фронт-офисте, Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде қабылдап келдік. Енді акцияны пайдаланып, халықтың орта­сы­на өзіміз келдік. Акция ха­лық көп шоғырланған аймақ­тар­да өтіп жатыр. Бұл тұрғын­дар­дың қордаланған мәселе­ле­рін шешуге ықпал етеді» деді.

Өтініш білдірушілер қата­рын­да «Нұрсая» ықшамауда­нын­­дағы №14 үй тұғыны Әсия Әбдықалықова қабылдауға ерте келді. Ол өзі тұратын ықшамау­дан­дағы барлық үйден жырақ салынған қос жатақхана тектес 9 қабатты үйдің ауласынан учас­келік полиция пунктін көші­руге қарсы.

– Өтініш жасап, тәртіп сақ­шы­ларының санын ұлғайттық. Бұрын ұсақ ұрлық көп болатын, сап тыйылды. Көпқабатты екі үй интернат тәрбиеленушілері­не берілген, кіл жастар. Бұрын түндегі тыныштық бұзылды деп жиі шағымданатынбыз, аулаға полицейлер келгелі күні-түні жұмыс істеп жүр. Телефон соқсаң арызыңды өздері келіп алып кетеді. Полицейлерге риза­мыз. Жақында біздің ық­шам­ауданда жаңа полиция пункті салынды, ауладағы учаскелік пункт сол жаққа кө­ші­ріледі екен дегенді естігесін келдім. Әрине, полицейлер де кең ғимаратта отырғанды қалай­­тын шығар. Бірақ біздің учас­­келік инспекторлар аула­мыз­ға керек, осыны ескерер­сіздер, – деді тұрғын.

Сайып келгенде, полицей­лердің тұрғындармен арасының жақын болып, өзара түсі­ністікпен мәселе шешуге ықпал ететін «Жолда қабылдау» ак­циясы көптеген жайттың күр­делене түсуіне жол бермейді. Бұл халық үшін де, халықтың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету жауап­кер­шілігі жүктелген полицей­лер үшін де маңызды.

 

Атырау облысы