Жастар неге неке қиюға асықпайды?
Жастар неге неке қиюға асықпайды?
©Елдар Қаба
726
оқылды
Ұлы Абай атамыз айтқандай, «Дүниеде жалғыз қалған адам — адамның өлгені». Бірақ осы күні жалғызбасты адамдардың саны көбеюде. Әсіресе, 30-35 жастан асқан жастардың арасында сүрбойдаққа айналғаны қаншама?! Заманның өзгергені ме, адамның өзгергені ме, бүгіннің шындығы – осы. Жастардың отбасылы болмауына не себеп? Кездесіп қана қоймай, бірге тұрып жатқан жастар да аз емес. Жеме-жемге келгенде олардың ішінде некесін қиып, отбасын құратыны санаулы. Оларға не кедергі? Бірқатар психолог мамандармен бірге осы мәселенің түйінін тарқатуға тырыстық...
Статистикаға сүйенсек, үйленгендердің саны жылдан-жылға азайып бара жатыр. Мысалы, биыл алғашқы маусымда тек 27,9 мың адам үйленген. Осы аралықты былтырмен салыстырсақ, 1,8 пайызға төмендеген екен. Мұндай деректі Ranking.kz жариялап отыр. Олардың мәліметінше, отбасылы болу жағынан Түркістан облысы мен Алматы қаласы алғашқы орынды бөлісіп тұр. Ал үштікті Алматы облысы түйіндеген. 2019 жылы аталған облыста 3 мыңға жуық неке тіркеліпті. 
[caption id="attachment_56265" align="alignright" width="213"]психолог психолог Сабина Рамазанова[/caption]

Әркімнің тағдыры өз қолында

– Қазір жастардың дені отбасын құруға немесе отбасылы болуға асықпайды. Оның бірден-бір себебі – жастардың көзқарасы өзгерген. Олар отбасы құрудан бұрын, өмірде қандайда бір дәрежеге жетуді, аяғына тік тұруды ойлайды. Бұл «мүлдем үйленбеймін» не «тұрмысқа шықпаймын» деген сөз емес. Мұндай жастар отбасылы болады. Бірақ әке-шешесін тойдың қарызына батырмай, өз күшімен жасағанды жөн көреді. Тағы бір себебі, сүрбойдақтарда «байланып қаламын», «еркіндігімді жоғалтып аламын» деген қорқыныш бар. Қатарластары отбасылы, үйлі-баранды болып жатқанда бірі – отбасылық жауапкершіліктен қашады. Ал кейінгісі өзін-өзі дамыта алмай қаламын, мансап, қызметте өспей қаламын деп қорқады. Оның бәрі – қорқыныш пен үрей. Бізге осыны бұзу керек. Ал бұған көп нәрсе қажет те емес. Ойдан жасалған қорқынышты адам өзі ғана жеңе алады. Онда да жеңгісі келсе. Ол үшін отбасылы өмірдің қажеттілік екеніне көз жеткізуі керек. Себебі, әр адам – жеке тұлға. Ешкім-ешкімнің тағдырын қайталамайды. Біреудің тағдырына қарап, өз өміріне балта шабуға болмайды. Егер адам бақытты боламын десе, іштегі үйрейді жеңе білуі керек. Өйткені жақсы қарым-қатынас құру, отбасылы болу әркімнің қолынан келеді. Тек соны жүрегімен қалауы қажет. [caption id="attachment_56266" align="alignleft" width="314"]психолог психолог Ержан Мырзабаев[/caption]

Қоғамда үйленетін жас бұрынғыдан өсті

– Қыздардың 30-35 жасқа келіп тұрмысқа шықпауының себебі – ата-анасынан немесе алдыңғы буыннан жақсы үлгі көре алмауынан. Сондықтан отбасы құрудан қорқады. Тәуелкелге бара алмайды. Оның бәрі – әке-шешесінен үлгілі отбасын көре алмауы. Ата-анасы отбасылы болса да, олардың бақытты болмауынан сол қатені өздері де түзеткісі келмейді. Сол себепті, жар таңдау мәселесіне келгенде асықпай, жан-жағына қарап, уақыт өткізіп алады. Оған қоса, жастардың талғамы өскен. Алдыңғы буын секілді алып қашып кетіп, танымайтын адамына тұрмысқа шықса да «бұйырғаны осы» деп тұра бермейді. Олар танысады, бірге жүреді. Жақын танысады. Тек өзіне лайық деп санаса ғана үйленеді.
Сонымен қатар, бүгінде кейбір ер-азаматтардың өй-өрісі шектеліп, өспей қалған. «Ұяда не көреді, ұшқанда соны іледі» дегендей, көп жастар болашақ келіншегін әкесі секілді анасын қалай басқарды, соны қайталаймын деп ойлайды. Бірақ олар қателеседі. Жас қыздардың талғамы әлдеқайда өскен. Осыны ер-азаматтар мойындағысы келмейді. Алайда жігіттер отағасы тұрғысынан, жауапкершілікті сезініп, білімін жетілдіргені дұрыс. Әйтпесе, ертең үйленетін қыз таппай қалады.
Оның үстіне ер адамнан гөрі қыз-келіншектердің тағдыры қиын. Олар тұрмысқа шығып, балалы болып, артынан ажырасып жатса, көп нәрсені жоғалтады. Еркек секілді тез арада қайтадан отбасылы бола алмайды, өз баласын әйелге тастап кете береді. Сондықтан да көп қыз-келіншек 30-35-ке дейін жүрсем де, сенімді, отбасылық өмірге жауапты қарайтын азаматқа тұрмысқа шыққанды жөн көреді.
Қыздар аналары секілді ер-азаматқа тәуелді болғысы келмейді. Үйде белгілі бір дәрежеде теңдік бар болғанын қалайды. «Ертең күйеуім тастап кетуі мүмкін» жағдайымды жасап, үй алып, табысы жоғары жұмысқа қол жеткізіп алайын деп жүріп қалады.

Тағы айтарым, біз қыз-жігіттердің үйленбеуін өз қолымызбен ушықтырып отырмыз. Бізде қыздар 25-ке дейін тұрмысқа шығуы керек. Жасы 28-ден асып кетсе, кәрі қыз, бала туа алмайды, жалғыз қалып қалады деген стеоретип бар.

Меніңше, байбаламға салудың қажеті жоқ. Қазір қоғамда жастардың үйлену жасы өсті. Жастар балалықпен үйленбей, отбасылық өмірге саналы түрде келеді. Әркім білімін жетілдіріп, тұрақтылық пен байсалдылыққа келу үшін белгілі бір уақыт керек емес пе?!

[caption id="attachment_56267" align="alignright" width="295"]психолог психолог Назгүл ханым[/caption]

Жастар материалдық жағдайды отбасынан жоғары қояды

– Қазір 30-35 жастағы қыз-жігіттер үйленуге асықпайды. Заман өзгерді, онымен бірге адам да, құндылық та өзгерді. Бүгінгі жастар отбасын құруды, бала тәрбиелеуді бірінші орынға қоймайды. Оларды басты мәселесі – материалдық жағдайын жақсартып, аяғына нық тұру. Көпшілігі осыдан кейін ғана отбасын құрғысы келеді. Бір жағынан ол да дұрыс. Дегенмен материалдық жағдайды отбасынан жоғары қоюдың қажеті жоқ. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегендей, қиыншылықтан, жауапкершіліктен қорықпау керек.
Иә, заман талабына сай баланы тәрбиелеу оңай емес. Алайда бірін-бірі сүйіп қосылған жас үшін мақсаты айқын болса, қиындықтар керісінше оларды шыңдап, бір-біріне жақындата түседі. Сондықтан еш қиындықтан қорықпай, отбасын құру керек. Жалпы, әрбір ата-ана баланы кішкентайынан осындай оймен өсіруі тиіс. Ұл-қызға бірдей «27 жастан қалмай үйлен» деп талап қою керек.
Екіншіден, «заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей, бүгінгі қыздардың жігіттерге қойған талапбы жоғарылап кетті. Қыздар жұмысы жоқ, білімі жоқ ержігіттерге қарамайды. Бір шетінен оларды да сөге алмайсың. Әрбір қыз – болашақ ана. Ал әрбір ана өзін жайлы үйде тұрғанын, баласының елден қалыспай өскенін қалайды емес пе?! Бұл жағдайда біздің жігіттер тұлғалық деңгейін көтеру керек. Басқа жол жоқ.
Білімді, сабырлы, рухани бай, еңбекқор, пысық, жауапкершіліктен қорықпайтын жігіттер жоқтың қасы. Сондықтан қыздар да талабын жеңілдетсе, жігіттер де батылырақ болса, бәрі жеңілдер еді. Адам қателік жасаудан қорықпау керек. Қателіксіз өмір сүру, мінсіз болу адамды шектейді. Сол үшін адам өзін-өзі шектемей, жүрек қалауын істегені дұрыс. Барлық жасқа отбасылық бақыт тілеймін!