Үкімет резервінен коронавируспен күреске 66 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов хабарлады.
«Эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 125 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат медицина және басқа қызметкерлерге қосымша ақы төлеуге, 3 инфекциялық аурухана құрылысына және басқа шараларға жұмсалды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, 575 млрд теңге қосымша шығыстар азаматтар мен экономиканы қолдауға және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға, Нұр-Сұлтан қаласындағы үлестік құрылыстың проблемалық нысандарын аяқтауға және басқа да басым міндеттерге бағытталған.
«Сондай-ақ, коронавирус індетімен күреске Үкімет резервінен 66 млрд 957 млн теңге, оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігіне 46 млрд 587 млн теңге бөлінді», - деді Берік Шолпанқұлов.