Уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды. Бұл туралы республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жасаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылдануда. Қабылданған шаралар мен медицина қызметкерлерінің ерлігінің арқасында емделіп шығып жатқан азаматтардың саны едәуір көбейді. Көптеген елдердегі жағдай бізден де қиын.
"Біздің күресіміз жалғаса береді. Бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас. Алайда, уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды. Салмақты, сабырлы болайық! Біздің жұмысымыз – айқын, қоғам алдында ешнәрсені жасырмай, ашық айтамыз. Болашақта да солай болады. Бүкіл күш жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз керек",- деп Мемлекет басшысы отандастарымызды сабырға шақырды.