2019 жылдың 24 маусымында Арыс қаласында жойқын жарылыс болып, ел әбігерге салынды. Міне, осы төтенше жағдайдан кейін 1 ай уақыт өтті. Арыстың қазіргі жай-күйі қалай? Мемлекет тұрғындар алдындағы міндетін орындап жатыр ма? Осы және өзге де мәселелер жөнінде Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ мырзамен сұхбаттасқан едік. Жарылыс болған күннен бастап облыстық штаб құрамында Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына белсене атсалысып жүрген азамат қиын-қыстау кезеңде елдің жұдырықтай жұмылғанын айтады.
– 24 маусымда таңғы сағат 9.20-да Арыс қаласындағы №44 859 әскери бөлімінде оқ-дәрі қоймасы жарылды. Жарылыстың дүмпуі әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы лезде Қазақстанды шарлап кетті. Арыс қаласындағы 45 мыңнан астам тұрғын үйлерін тастап қашуға мәжбүр болды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жедел штаб құрып, төтенше жағдай жариялады. Тұрғындарды қаладан тегіс эвакуациялау жөнінде шешім қабылдады. Бұл шешім дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Әрине, тұрғындардың басым бөлігі өз күшімен тастап шыққаны да жасырын емес. Дегенмен арнайы шешім қабылданған соң Арысқа ірі көліктер мен әскерилер жіберіліп, халыққа барынша көмек көрсетілді. Талай отбасыны апат орнынан алып шықты. Жарылыс болған сәтте ұлтымызға тән бауырмалдық, мейірбандық, адамгершілік сынды асыл қасиеттер жарқырап көрінді. Мыңдаған азамат Арыстан жөңкіле көшкен елді көліктерімен тегін тасымалдады. Арнайы қабылдау орталықтарына орналастырды. Әсіресе, тұрғындардың ұрпақ аман болсын деген ниетпен танымайтын адамдардың балаларын көлікке мінгізіп, қауіпсіз аймаққа апаруы, кейін ол балаларды ата-аналарына тапсыруы жанды тебірентті. Бұл елдігіміз бен бірлігімізді аңғартты. Қашанда қиналғанға қол ұшын созғысы келіп тұратын халқымыз бұл жолы да мейірбандықтың асқан өнегесін көрсетті.
– Қоғамда осы төтенше жағдай туралы түрлі пікір бар. Сіздің ойыңызша апаттан кейінгі алғашқы күндері жергілікті атқарушы билік азаматтар алдындағы өз жауапкершілігін толық сезініп, өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындай алды ма?
– Бұл төтенше жағдай елімізге өте ауыр тиді. Тұтас бір қаланы эвакуациялау – тәуелсіздік жылнамамызда болмаған сынақ. Алғашқы сәттен бастап билік тарапынан тұрғындарды қауіпсіз орындарға көшіру, оларды уақытша орындарға паналату мәселелері шешімін тапты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлі қауіп бұлты толық сейілмегеніне қарамастан оқиға орнына келіп, жағдаймен танысты. Зардап шеккен тұрғындармен кездесті, Үкімет пен тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді. Жоспар құрылды. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ІІМ күштік құрылымынан, азаматтық қорғаныс органдарынан, полициядан және өзге де құрылымдардан 1 200-ден астам адам жұмыс істеді. Жүздеген техника жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер асқан жанкештілікпен өртті сөндірді.
Әскерилер мен білікті саперлар қысқа уақытта Арыс қаласы мен қала маңындағы 20 шақырымдық радиустағы аумақты түгел тазалап, зерттеп шықты. Оқ-дәрі қалдықтарынан тазалады. Қоймадағы өртті сөндіру үшін мыңдаған тонна су жеткізіліп, барлық залалсыздандыру жұмыстары қолға алынды. Мемлекет пен тұрғындардың мүлкін қорғау үшін қауіпті аймақта әскерилер мен полиция жасақтарынан құралған топтар тәулік бойы күзетте тұрды. Қала қоршалып, тұрғындардың қауіпсіздігі қатаң сақталды. Төтенше жағдайлар қызметі мен әскерилер күндіз-түні қызмет етіп, қаланы залалсыздандыру, тазалау жұмыстарымен айналысты. Президентіміздің тапсырмасымен Арыс қаласындағы әскери қойманы көшіру жұмыстары басталып кетті.
Түркістан облысының барлық аудандары мен Шымкент қаласының эвакуациялық пункттерінде Арыс қаласының 30 мыңнан астам азаматы тіркеліп, оларға жағдай жасалды. Жомарт жүректі жұртшылық тарапынан жиналған гуманитарлық көмек пен азық-түлік уақытылы жеткізіліп, қажетіне сай үлестірілді.
Арыс қаласы мен әскери қоймада оқ-дәрілерді тазалау және қаланы дезинфекциялау шараларын Жамбыл және Қызылорда облысының мамандары жүргізіп, толығымен аяқтады. Қаланың эпидемиологиялық қауіпсіздігін сақтау үшін шұғыл жұмыстар атқарылды. Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің 155 маманы мен 22 бірлік техникасы Арыс қаласындағы нысандарда тексеру, дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді. Ветеринарлық қызмет өкілдері өлген жануарлардың өлексесін жою және залалсыздандыру жұмыстарын атқарды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері арнайы зерттеу жүргізді. Мамандар Арыстағы атмосфералық ауаның таза, судың және топырақтың ластанбағанын және радиацияның жоқ екенін мәлімдеді. Арысқа жақын Ордабасы және Отырар аудандарында госпитальдар құрылып, тұрғындарға медициналық көмек көрсетілді. Қаланың электр және су жүйесі қалпына келтірілді.
Арыс оқ-дәрілерден тазарған соң облыстың түкпір-түкпірі мен Шымкент қаласындағы эвакуациялық орындардағы арыстықтарға арнайы көлік бөлініп, олар үйлеріне оралды. Қысқасы, мемлекеттік органдар өз мүмкіндігінше төтенше жағдайдың зардаптарын жою бойынша жүйелі әрі нақты жұмыстар атқарып жатыр. Жарылыс зардабы ауқымды болғандықтан, мәселелер көп. Дегенмен мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар қолға алынып, жағдай тұрақтанғанын айтқан жөн.
– Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары 17 сектор арқылы жүргізіліп жатыр. Осы секторлардың жұмысына кеңірек тоқтала кетсеңіз...
– Жарылыс болған күннен бастап өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы арыстықтармен бірге екенін іспен дәлелдеп, осында 1 ай тұратынын айтты. Сол уәдесін орындап, әр аптадағы аппарат жиындары мен мәжілістерді Арыс қаласында тұрақты түрде өткізіп келеді. Облыс басшысы әрбір тұрғынның талап-тілегі ескеріліп, ақпараттар ашық әрі шынайы болсын деген талап қойды. Соған сәйкес, Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар комитетінің және өзге де министрліктердің, Түркістан облысы мен Арыс қаласы әкімдігінің өкілдері күн сайын тұрақты түрде брифинг өткізіп, соңғы мәліметтерді баяндап отырды. Еліміздің Премьер-министрі Асқар Мамин Арысқа апта сайын келіп, құрылыс барысын өзі қадағалап отыр.
Облыс әкімінің бастамасымен Арыс қаласында 17 сектор құрылды. Секторларға жауапты болып 14 облыс пен 3 қаланың әкімдіктері бекітілді. Сонымен бірге, Түркістан облысындағы аудан және қала әкімдіктері де облыстармен бірге жұмыс істеп жатыр. Әр облыс өзіне тиесілі секторда құрылыс жұмыстарына жауапты болса, аудандар тұрғындарды тіркеу, өтемақыға құжаттарын жинау, тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдау, гуманитарлық көмекпен қамту, тазалық жұмыстарымен айналысты. Секторларда штаб құрылып, бекітілген мамандар елдің талап-тілегіне сай жұмыс істеді. Әр штабта жедел медициналық бригадалар тұрақты түрде тұрғындарға қызмет көрсетіп жатыр.
Облыстар мен қалаларға белгілі аумақтар бөлініп берді. Әр өңір өзіне жүктелген аумақтағы үйлерді соғып жатыр. Қазірдің өзінде 2 000-нан астам үй жөнделіп, иелеріне тапсырылды. Құрылыс жұмыстарының басы-қасында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаевтың өзі табылып, қаланы қалпына келтіруге үлкен үлес қосып жүр. Аудан, қала әкімдіктері 100 мың теңге өтемақыға құжат жинау, азаматтарды тіркеу жұмыстарын толық аяқтады деуге болады.
Жұмыс бар жерде мәселелер де болады. Кейбір тұрғындар құрылыс барысымен, ақау актілерімен келіспеуі мүмкін. Олардың да талап-тілегі ескеріліп, үйлер қосымша арнайы сараптамадан өтуде. Бастапқыда 20-дан астам үйді қайта соғамыз деп жоспарланса, қазір толық бұзылып, салынатын үйлер саны 300-ге жетті. Бұл – тұрғындармен тиісті жұмыс жүріп жатқанының, сапалы диалог орнағанының белгісі. Осы ретте штаб мүшесі, облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібековтің төрағалығымен әр секторда ауқымды жұмыс атқарылғанын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, 17 сектор бойынша да жергілікті белсенді тұрғындар тартылды. Әр 10 үйге бір белсенді тұрғын бекітіліп, олар өз көршілерінің мұң-мұқтажын, арыз-шағымын секторларға жеткізіп отырды. Яғни, жергілікті халық арасынан таңдалған 800-ге жуық белсенді де бізбен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Құрамы үкіметтік емес ұйым жетекшілері, ардагерлер, әйелдер кеңесі мүшелері, жастар, белсенділерден тұратын штаб мүшелері қаладағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысуда. Олар тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, туындаған мәселелерді бірлесе отырып шешуді жүзеге асырып жатыр. Апат кезінде қиын жағдайда қалған отбасылармен, үйі тұруға жарамсыз деп танылған тұрғындардың мәселелерін жеделдетіп шешу, ауруханада жатқан зардап шегушілердің жағдайларымен танысу, зақым келген үйлердің бағалануы мен ақау актілерінің түзілуін қадағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жарылыстан үйі қатты зардап шеккен 28 отбасыға әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары қолға алынды. Азық-түлік пен гуманитарлық көмек жеткілікті деңгейде таратылды. Белсенді азаматтардың игі іске жұмылуы азаматтық қоғамның дамып келе жатқанының бір көрінісі деуге негіз бар. Бұл – ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылғанымыздың айқын көрінісі. Үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді елдік мәселелерге бағыттап, солармен бірлесіп жұмыс істеу қоғам үшін пайдалы. Үйлердің құрылысы, бағалау жұмыстары, гуманитарлық көмек тарату тұрғындардың қатысуымен әділ әрі сапалы ұйымдастырылды.
«Түркістан» атты арнайы қор құрылып, оған ел тұрғындары мен кәсіпкерлер үлес қосты. Белгілі кәсіпкерлер мен компаниялар Арыстағы құрылысқа белсене араласып, жомарттығын аңғартты. Ел Үкіметі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, облыс, қала әкімдіктері де арыстықтармен бірге екенін іспен көрсетіп жатыр. Бүгінде қорға 1,9 млрд теңгеден астам қаржы жиналды.
– Жалпы төтенше жағдайдан кейінгі Арыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетіледі?
– Біріншіден, жарылыстан зардап шеккен үйлер жөнделіп жатыр. Арыста 8 466 үй бар болса, оның 7 150-іне зақым келген. Бұдан бөлек көпқабатты үйлердің 100-ге жуығы зақымдалып, осы нысандарда жөндеу жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарына еліміздің түкпір-түкпірінен 215 компания және 7 мыңнан астам адам тартылған. Бүгінде 2 048 үй жөнделді. Қаладағы 66 әлеуметтік нысан бойынша да жөндеу жұмыстары атқарылуда. Оның ішінде 4-і басынан салынады. Бұл жұмыстарға 1 788 жұмысшы, 29 компания жұмылдырылған.
Екіншіден, Арыс жұртшылығына еліміздің облыстары мен қалаларынан 800 тоннадай гуманитарлық көмек жеткізілгені белгілі. Бүгінде қоймадағы азық-түлік пен өзге заттардың 700 тоннасы тұрғындарға таратылды. Ал қалған 100 тонна азық-түлік секторлар бойынша анықталған 1 545 аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға беріліп жатыр. Сондай-ақ Арыс қаласындағы 31 мүмкіндігі шектеулі адамға қоларба берілді. Бүгінде демеушілер есебінен «Мектепке жол» акциясы арқылы Арыстағы оқушыларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар әперіліп жатыр. Мәселен, жуырда ғана «Ембімұнайгаз» компаниясының жұмысшылары 402 оқушыға киім-кешек пен мектеп құралдарын сатып әперді. Қайырымдылық жұмыстары әлі де жалғасын табады.
Үшіншіден, Арыс қаласының әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден беріледі. Үкімет бекіткен тізім бойынша Арыс қаласы бойынша – 44 994 адам, Ақдала ауыл округінде – 4 324 адам, Қожатоғай ауыл округі бойынша – 4 232 адам, Дермене ауыл округінде – 2 052 адам, жалпы 55 602 тұрғынға 100 мың теңгеден 5,6 миллиард теңге көлемінде өтемақы төлеу жоспарланып отыр. Өтемақы төлеуге Үкімет резерві есебінен және облыстық бюджеттен әлеуметтік қорға түскен қаржыдан бөлінеді деп жоспарланған. Қаржылай қолдау жуырда беріле бастайды. Бұл да тұрғындар үшін үлкен көмек.
Төртіншіден, қалада 4 000-ға жуық зейнеткер тұрады. Зейнеткерлерді әлеуметтік қолдау мақсатында олар демалыс орындарына жіберіліп жатыр. Шымкенттегі облыстық ардагерлер үйінде қазір 200-ден астам арыстық ардагерлер демалуда. Сайрам ауданындағы «Мерей» ардагерлер үйінде 190 ардагер ем қабылдап жатыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. Сонымен қатар Арыстағы балалар еліміздің әр аймағындағы ең мықты демалыс орындарына аттанды. Бүгінде 3 мыңдай бала лагерлерде демалып жатыр. Жалпы, күзге дейін Арыс қаласында тұратын 4 010 бала демалыспен қамтылады.
Бесіншіден, әр апта соңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты түрде өтіп жүр. Мұнда өнімдер нарықтағы бағадан 30 пайызға арзан сатылды. Жалпы, арыстықтарға жан-жақты әлеуметтік қолдау бар. Оны ел біліп отыр.
– Арыстағы оқиғаны құбылтып, жалған ақпарат таратқандар да болды. Тұрғындар тарапынан да әлі шағым айтып жатқандар жетерлік. Бұл бағытта қандай әрекет бар?
– Жоғарыда айтқанымдай, 17 секторда арнайы өкілдеріміз тұрғындармен тікелей жұмыс істеп жатыр. Бірде-бір шағым мен өтініш ескерусіз қалмайды. Өңір басшысы осындай талап қойып отыр. БАҚ беттері мен әлеуметтік желілердегі сыни материалдар мен шағымдар дереу тіркеліп, штабтарға хабарланады. Ары қарай секторларда сол арыз бойынша нақты жұмыс атқарылып, жауабы жедел беріліп жатыр.
Облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімінің баспасөз қызметінің мамандары апат болған алғашқы күннен бастап штаб құрамы