-Қызылорда облысының әкімі ретінде, бар билікті өз қолына алған Икрам Адырбекұлы келе салып кадрларға тие де қойған жоқ. Көп өзгеріс жасамады. Сол кадрлық ауыс-түйістің көп бола қоймағанының өзіндік себебі де бар шығар. Біріншіден, жаңа әкімнің Қызылорда облысында таныс-тамырлары аз еді деуге де болар еді. Сондықтан да жергілікті кадрлармен бірлесе жұмыс жасаймын деген берік ұстанымы болуы керек,-деп кезінде Сыр елі жақсылары мен жайсаңдарының Икрам Адырбеков жайлы шынайы ниеттері мен тілектері топтастырылған «Тағылым» атты кітапқа енген мақаламда жазған да болатынмын.Ақиқатында тағы да бір атап өтерлік жай сол, Икрам Адырбекұлы жергілікті кадрларға сенім білдіре отырып, әр азаматтың ар мен жан тазалығына барынша назар аударып отыратындығын аңдаған едік. Өз төңірегіне мемлекеттің қаржысына қол сұқпайтын адал мамандарды топтастыруға баса мән беріп, соған тырысты. Әкімнің бұл абзал қасиетін, әрине, халық та аңғармай қалған жоқ. Елі мен халқының сенімін ақтау үшін өзінің бар білімі мен тәжірибесін, адами қасиетін ел мүддесіне толық жұмылдыра білді. Сыр өңіріндегі өзінің әкімдік міндетін жақсы ниет, ізгі ой, сенімді қадаммен бастаған Икрам Адырбекұлы облыста басшы болып аса көп те емес, 2004-2007 жылдар аралығында, яғни, екі жарым жылдай ғана істеді. 2007 жылдың қаңтар айында Қытайға елші болып тағайындалды. Сол екі жарым жыл ішінде Икрам Адырбекұлының соңынан бір жаман сөз ермегенінің өзі ағаның адалдықтың ақ жолынан айнымағандығының айғағы еді. Икрам ағаның өмірдегі де, қызметтегі де адалдығына, әр ісі мен сөзіне мұқияттылығына, уәде берсе, соны орындайтын мінез тұрақтылығына, ең бастысы, қарапайым адамдармен барынша жылы сөйлесіп, елмен ынтымақтаса отырып, тығыз жұмыс жасайтындығына халықтың көзі жетіп, Сыр бойы халқы әбден риза болған еді. Жаны ізгі Икрам Адырбекұлының көптеген жақсы қасиеттері ел есінде күні бүгінге шейін мықтап сақталып қалғандығы да бар. Қалың елмен, оның игі жақсыларымен, жергілікті зиялы қауым өкілдерімен, әсіресе, ақын-жазушылармен, журналистермен, мәдениет саласының қызметкерлерімен жақсы қарым-қатынастағы түсіністік орнатып, олармен тіл табыса білді. Бірақ Икрам Адырбекұлы сол шығармашылық топтың өкілдерімен өте сыйлас болғандығын пайдаланып, өзін орынсыз дәріптетуден, бос мадақтатудан бойын аулақ ұстады. Жүрген, барған жерін, жасап жатқан жұмысын көрсетіп жергілікті теледидар мен газет беттерінен де жиі көріне бермейтін-ді. Қызылорда облысында Икрам Адырбекұлы әкім болған болған үш жылдай уақыт аралығында көп жылдың еншісіне татитындай істер тындырып, елдің құрметіне бөленіп, халықтың есінде қалды. Елмен де, түрлі сала басшылары мен қарапайым қызмет атқарып жүрген азаматтардың барлығымен жақсы қарым-қатынаста болып, қоян-қолтық жұмыс жасады. Жайлы болды. Өз қарамағындағыларға қаттылау айтып, сөккенін де, ақылын ашуға билетіп, артық сөз айтқанын да көрген емеспіз. Барлық қарым-қатынасты тек өзара сыйластық негізінде құра білді. Икрам ағаның тұла бойындағы кішілігі мен кісілігі, мәдениеттілігі өзіне әрдайым жарасып тұратын. Сыр өңірінің экономикасын дамытуға Икрам Адырбекұлының қосқан үлесі зор болғандығы жайында айтқанда, 2005 жылы Қызылорда облысы бойынша алғаш рет табиғи газ үй-үйге кіріп, беріле бастағандығын ерекше атар едік. Қаншалықты газ бен мұнайдың үстінде отырсақ та, Қызылорданы газдандыру мәселесін шешу мүмкіндігі болмай келген еді. Икрам Адырбекұлының басшылығы тұсында Қызылорда қаласының көп қабатты тұрғын үйлеріне Қазақстандағы ең арзан газ келді. Алғашқы кезекте қаланың көп қабатты үйлерінің санаулы бөлігі, кейіннен қаланың көпшілік, соның ішінде жеке сектор да қамтылды. Бұл жағдай Икрам Адырбекұлының ерекше назар аударған мәселесі болды да, осылайша, үлкен бір әлеуметтік мәселе өз кезінде оңтайлы шешімін тапқан болатын. Осы бір әңгіме барысында тағы бір ерекше айтарым, жалпы Икрам Адырбекұлы – жан тазалығына, ізгілікке құмар адам. Адам баласына жамандық жасамақ түгілі, біреулерді жазықсыз жәбірлеуге, тіпті даланың аң-құсын да орынсыз атуға қарсы еді. Сол абзалдылығына да талай куә болғанбыз. Қызылордада қызмет жасаған кезінде жергілікті азаматтарға сүйеніп, сенім арта білді. Әрине, сенімін ақтамағандар да кездесті. Мұндайларды Икрам Адырбекұлы жарға апарып қойғанымен, кеуделерінен итеріп жіберген жоқ. Обалына қалғысы келмеді. Әділетсіздікке жол бермеу, біреудің ала жібін аттамау, әрдайым жақсылыққа жаршы болу бойына табиғатынан біткен, ата-анасынан дарыған тәлім-тәрбиемен қалыптасқаны анық. Осы бір абзал қасиеттер Икрам Адырбекұлының әр іс-әрекетінен, жүріс-тұрысынан әрдайым аңғарылып тұратын-ды. Ағамыздың сол адами қасиеттерін білімділігі мен оқымыстылығы да толықтырып тұрар еді. Бірнеше елде дипломаттық қызмет атқарғандықтан ба екен, өзі жүрген-тұрған мемлекеттерден көрген-түйгені де көп екендігін әңгіме барысында анық аңғарарымыз бар. Әсіресе, Малайзия мемлекетіндегі елшілік қызметі және сол Малайзияның халқы жайлы сүйсіне әңгімелейді, соларды үлгі ретінде әрдайым айтып отырады. Өз ұлтына деген жанашырлығын Икрам Адырбекұлының қазақ тілінің мәселесіне бейжай қарамайтындығынан аңғарар едіңіз. Оған үлкен мән беретін. Түрлі жиын-жиналыстарды көп жағдайда қазақ тілінде жүргізетін. Әр оқу орнында қазақ тілі пәнінің дұрыс оқытылуына, қазақ мектептерінің, мұғалімдердің жағдайын жақсартуға ерекше қамқорлық жасайтын. Халықтың пікірін тыңдайтын, халықтан түскен хат, қойылған мәселелерге – бәріне көңіл аударып, дер кезінде тиісінше шаралар қабылдайтын еді. Қолымда билік бар екен деп, сол биліктің бишігін асыра сілтеуге ешқашан жол бермеген Икрам Адырбекұлы айналасындағы адамдардың жай-күйіне немқұрайды қарамайтын, ерекше бір сезімталдығы және бар-ды. Өзгелердің басына түскен небір қиыншылықты өз жүрегінен өткізіп, көмек көрсетіп, қайырымдылық та жасайтын. Сондай ізгіліктің көп мысалының бірі ретінде Икрам Адырбекұлының алдына қиналып келген жасы үлкен ақ жаулықты ананың айтқаны күні бүгінге шейін ел аузынан қалмай келеді. Ол әңгіме мынау: отбасында бір ауыр жағдайға тап болған ана амалы құрып, облыс әкімі Икрам Адырбекұлының қабылдауына кезексіз шұғыл барса керек. «Басымдағы қиын жағдайымды айтып едім, сөзге де келместен маған өз қалтасынан ақша беріп, көңілім орнына түсетіндей жылы сөзін айтып, шығарып салды» деп әкімнің қабылдауынан кейуананың риза болып шыққанына бүкіл жақындары қуанған екен. Осындай ізгілігімен Сыр өңірі халқының жүрегінде үлкен із қалдырғандықтары соншалықты, күні бүгінге дейін Сыр халқы «Адырбековтей адал, жұмысын таза істейтін әкім болса екен!» деп тілеп отыруы – қызылордалықтардың жүрегінде қалған сыйластық пен терең құрметтің белгісі болса керек-ті. Біз осы бір адал ниетті шынайы көңілдің куәсіміз. Елбасының Жарлығымен Икрам Адырбекұлы 2011 жылы Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды. Мен де бұл кезде 2011 жылғы сайлауда Қызылорда облысынан сайланған депутат болып жүр едім. Өмірлік және мемлекеттік әрі дипломаттық жұмыстағы бай тәжірибесі ескеріліп, Икрам Адырбекұлы Сенаттың қорғаныс және халықаралық қатынастар бөлімінің төрағасы болып сайланды.Осы қызметінде де Икрам аға өзінің терең біліктілігін танытып жүрді. Қазақстанның өзге мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасына қажетті заңдарда еліміздің мүддесіне қатысты жайларды сенаторлардың назарына дер кезінде жеткізіп, түсіндіріп, дәлелдеп бағатын. Біз бұдан Икрам ағаның мемлекетшіл тұлғасын тани түстік.Және де еліміздің тек қана сыртқы саясаттағы мәселелерін ғана емес, халықтың әл-ауқатын жақсарту, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге де Үкіметтің назарын аударып отыратындығы да күні бүгінге шейін жадымызда. Икрам ағамыз сенатор ретінде бір жолы Қызылорда облысына арнайы іссапармен келді. Алыстағы Арал ауданынан бастап, Қызылорда қаласы бар, басқа да бес ауданды аралады. Сапарлас болып, еріп жүрдім. Сол сапар кезінде қарапайым халықтың, жасы келіп қалған қариялардың Икрам Адырбекұлын құшақ жая адал көңіл, адал ниетпен қарсы алғандығының куәсі болдым. Халық Икрам Адырбекұлының алдынан ешкімнің нұсқауынсыз-ақ өз жүрек қалауымен шығып, ақ тілектерін айтып, баталарын беріп, емен-жарқын жадырап, суретке түсіп, кәдімгідей мәре-сәре болып, сол күні қуаныштан асып-тасып жатқан-ды. –Үйде ауырып жатыр едім, сізбен кездесу болады дегенді естіп, сәлем берейін, көріп қалайын деп келдім, – деген егде қариялар да болды. Көп уақыт өткендігіне қарамастан, Сыр өңірінің халқы мен Икрам Адырбекұлы арасындағы сыйластықты шынайы көңіл мен адал ниет жалғап жатыр деп айтуға болар еді. Парламентте кезігіп қалсақ болды: –Ел аман ба, не жаңалық болып жатыр? – деп елдің жайын, ел үлкендерінің жай-күйін, кейбірінің аттарын атап тұрып сұрап жатады. Осы орайда Икрам Адырбекұлы өзі де: –Қызылордадағы қызмет жасаған жылдарым – өмірімдегі ең бір қайталанбас, жүрегіме жылы, қымбат кезеңдерім, – деп кейде елге деген шынайы қимас көңілін жасырмай айтып отыратыны да бар. Өйткені, ол кісінің Сыр елінде өткізген жылдарынан айқын да жарқын із қалды, ең бастысы, ел аузында жақсы сөз қалды. Бұл ардақты ағамыздың адалдығына, жан тазалығына берілген ел бағасы болса керек-ті Ал енді қазір біз үшін Икрам Адырбеков ағамызбен Сенат қабырғасында бірге қызметтесіп, қатар жүрген кезеңдер қымбат болып бара жатқандығы байқалады. Асқар таудың биіктігі алыстаған сайын анық байқалатындығы бар деуші еді! Бәлкім, сол ма екен?! Көкейден кетпес жаны ізгі ағаның ғұмырлы болғанын тілеймін де!..
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, сенатор, саяси ғылымдар докторы, профессор