Композитор Кеңес Дүйсекеев қайтыс болды
Композитор Кеңес Дүйсекеев қайтыс болды
Фото: Интернеттен алынды
427
оқылды
Кеңес Дүйсекеев 1974-1976 жылдары «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, 1976-1979 жылдары «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің музыка жетекшісі болды.

Ол 1946 жылы 10 ақпанда Қызылорда облысы Қазалы ауданы Пірімов ауылында дүниеге келген.

1974 жылы Алматы консерваториясын бітірген.

1974-1976 жылдары «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, 1976-1979 жылдары «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің музыка жетекшісі болды.

1975-1984 жылдары Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған.

Дүйсекеевтің жетекшілігімен «Тамаша», «Халық – талант қайнары», «Шабыт», «Жастарға арналған музыкалық кештер», «Музыка әлемінде» секілді теледидарға арналған бағдарламалар шығарылды.

1984-1997 жылдары Қазақстан мемлекеттік телерадиокомитеті эстрадалық-симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды.

1997 жылы «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарды.

Кеңес Дүйсекеев «Толғау» симфониясының, «Жалаңтөс батыр» симфония поэма-картинасының, «О, дүние» кантатасының, «Жыл мезгілдері» романстар циклінің, «Мәди», «Аққу Жібек» мюзиклінің, «Алдар көсе» опереттасының және 200-ге тарта әннің авторы.

Композитор 1994 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері құрметті атағымен марапатталды.

2005 жылы Дүйсекеевке «Құрмет» ордені, 2014 жылы «Парасат» ордені берілді.