COVID-19, пневмония мен тұмауды айыру белгілері қандай?
COVID-19, пневмония мен тұмауды айыру белгілері қандай?
Коллаж: Жұмабек Айқынұлы
501
оқылды

Иммунитет коранавируспен 10-12 күн ішінде күреседі

Ұлттық ғылыми медициналық орталығының пульмонолог дәрігері, Пак Алексей Михайлович:

 width= - Коронавирустың инфекциясы тұмаудың асқынған ауыр инфекциясымен ұқсас. Оны әлі нақты ғылыми түрде зерттеп, ешкім айырмашылығын атап бере алмайды. Әлсіздік, дене бұлшық еттерінің ауруы, температура, сезу мүшелерінің қабілетсіздігі осы сияқты белгілер жиі кездеседі. Не істеу керек? Организм әлсіздікке ұшыраған кезде алдымен, жүктемені азайту керек. Ыстығы көтерілсе де жұмыс жасап жүре беретін адамдар бар. Бұлай істеуге мүлдем болмайды. Физикалық қозғалысты тоқтатып, жатып демалу керек. Ыстық болса, оны түсіретін дәрі ішу қажет. Ең маңыздысы су, сорпа көп ішу керек. Көп жағдайда уақытында демалып, су көп ішкен науқастар дәрігердің көмегенсіз жазылып кетіп жатады. Бұл жағдайды иммундық жүйенің ауруды жеңіп шығуы деп түсіндіреміз. Ескеретіні,  тұмауға қарағанда коронавируста иммундық жүйе басқаша жұмыс жасайды. Бұған қоса, орташа алғанда температура 10-12 күн сақталады. Бұл бактериялық инфекцияның белгісі емес. Адамның иммунитеті коранавирусты осы уақыт ішінде жеңе алады. Ескеретіні, коронавирус инфекциясы кезінде пневмония емес пневмонит асқынады. Бактериялық зақымдануға жатпайды. Айта кетерлігі, елдегі антиботиктерді жаппай сатып алу тек босқа ақшаны шығындау. Өйткені, антиботик көмектеспейді.

«Әлеуметтік желі арқылы емделеміз» деп есінен айырылып жатқандар бар

Науқастардың үйде жатып өз бетінше қаралуы жағдайдың күрт қиындауына, тіпті өлім жағдайына да алып келуі мүмкін. Қазір біздегі стационарға жоғарғы тыныс жолдарының химиялық және термиялық зақымдануы орын алған науқастар көптеп түсуде. Тыныс алу жолдары зақымданып, күйіп кеткен фактілер бар. Бұндай жағдайға қалай тап болды десеңіз, әлеуметтік желі арқылы спирттің жоғары құрамы бар түрін қолданып, ем жасаған. Тіпті, сірке қышқылы (уксус - ред.) қолданғандары да бар. Дәстүрлі емес медицинаға жүгінгендер қаншама. Яғни, денеден артық қан шығару арқылы емделеміз деп есін жоғалтқандар бар. Сөйтіп, жағдайларын екі есе қиындатып алған. Қазір халықтың емханалардағы кәсіби дәрігерлерден гөрі WhatsApp-тан видео жолдаған кім екені белгісіз біреулердің нұсқаулығын орындап жүргенін байқаймыз. Олар халықтың денсаулығын ойламайды, керісінше «тірідей көрге» итермелеуде. Қандай жағдайда да ресми жұмыс орны бар, тәжірибелі, жұмыс өтілі бар, тұрғылықты мекенжайы бойынша қарайтын дәрігерлерге жүгінуге кеңес беремін.

Мұрын мен ауыздағы вирус өкпеге түсіп кетпеуі керек

Нұр-Сұлтан қаласындағы № 4 қалалық емхананың дәрігері, Астана медицина университеті ішкі аураулар кафедрасының меңгерушісі Б.А. Айнабекованың пульмонолог-резиденті Аягөз Оразбекова:  width= – Қазіргі жағдайда COVID-19-дың жаппай тарауына байланысты көпшілік емді өз бетінше қабылдап жатыр. Оның соңы жағдайдың қиындауына алып келуі мүмкін. Дәрігерге міндетті түрде бару керек. Әр адамның организмі әртүрлі. Біреуге жағатын, енді біреуге жақпайтын дәрі бар. Оның үстіне науқастық қосымша аурулары болуы мүмкін. Өз бетінше емделіп, асқындырып алған науқастар өте көп. Мысалы, менде гормоналды дәрі қабылдап, емханадан бірақ шыққан науқас болды. Онымен бірге бір отбасында жастары жетпістен асқан кісілер де ауырғаны анықталды. Бірақ ол кісілер өз еріктерімен ем-дом жасаған жоқ. Сол себепті, тез сауығып кетті. Екінші мысал, ешкімнің айтуынсыз арақты ингалятор аппаратына құйып, өкпесін күйдірген науқасты білемін. Ескеретіні, ингалятор аппаратын бірінші этапта қолдануға болмайды. Вирус мұрын қуысы мен ауызда сақталады. Оны шаю арқылы шығарып тастауға болады. Дәрігерлер «тамағыңыз жыбырлады ма?» деп неге жиі сұрайды? Өйткені вирустың ары қарай кетіп қалмауын қадағалау керек. Ал ингаляторды қолдану арқылы вирусқа өтпеге қарай жол ашып бересіз. Бұл аурудың ең жаманы – байқалмайтынында. Күн сайын қасымыздағы туған-туыс, жақындарымыздан айырылып қалып жатырмыз. Жастары 50-ден асқан адамдар білмей, асқындырып алып, соңында дем жетпей, қайтып жатыр. Коронавирус әлі толығымен зеттелген жоқ. Дәрігергер қолынан келгенін симптоматикалық түрде емдеп жатыр. Вирус ауыз қуысында сақталып, ауадағы басқа да бактериялар қосылып, пневмонияға айналып жатыр. Бір антибиотиктің күші жетпегендіктен екіншісін қосып жатырмыз. COVID-19, пневмония мен тұмауды айыру белгілерін нақты атау өте қиын. Тест тапсыру арқылы ғана анықтауға болады. Оның өзі қазір үлкен проблема. Мен ауызы дәм сезбей, мұрны иіс сезбеген науқасты коронавирус жұқтырды деп есептеймін. Яғни, жеңіл түрі. Неге? Өйткені, коронавирус ең алдымен адамдағы иіс сезу жүйесі мен дәм сезу жүйесін зақымдайды. Вирустың түріне байланысты бұл құбылыс 7-14 күнде қалпына келеді. Жастардың ішінде дәм, иіс сезбейтіндер көптеп кездеседі. Бірақ өкпеде сырыл жоқ. Жас болғаннан кейін иммунитет өзі күреседі. Ескеретіні,   парацетамолды үш мезгіл дәрі есебінде ішудің қажеті жоқ. Дене қызуы +38-ден жоғары болған кезде ғана ыстықты түсіру үшін ішу керек. Дене қызуы көтеріген жағдайда судорог болуы мүмкін. Оған дейінгі температураға иммунитет өзі күресуі керек.

 Дем жетпей жатса, бірден жедел-жәрдем шақыру керек

Qmed ұлттық инновациялық медицина палатасы басшысы, педиатр, хирург, денсаулық сақтау менеджері Әкім Тұрсұн:  width= – Егде жастағы кісілер үшін я болмаса иммунитеті төмен, қосымша ауруы бар науқастарда дене қызуы +37 болмаса да пневмонияға ұласып кетуі мүмкін. Мысалы, асептикалық пневмония болған жағдайда ыстық көтерілмейді. Бірақ жөтел қатты болып, дем жетпей жатса, бірден жедел-жәрдем шақыру керек. Алдымен оттегінің қандағы деңгейін тексеру керек болады. Бұл қазіргі кезде барлық жедел-жәрдем бригадаларында бар. Асептикалық пневмонияда бактерия болмағандықтан температура көтерілмейді. Қан ұйып, тыныс алу қиындайды. Ал аталған белгілер қалыпты болып, дене қызуы көтерілген жағдайда яғни +38-ден жоғары болса, парацетамол ішу керек. Болмаған жағдайда алмастыратын ибуфен я болмаса құрамында парацетамолы бар порошоктарды ішуге не болмаса аспиринді қабылдауға кеңес беремін.

«Иіс, дәм сезбедім» деп уайымдаудың қажеті жоқ

Қазіргі жағдайда иіс, дәм сезбеуді коронавирустың белгілеріне жатқызып отырмыз. Дәм, иіс сезбей, дене қызуы көтерілмесе, жөтел, тыныс алу жетіспеушілі болмаса, науқас вирустың жеңіл түрін жұқтырғандар қатарынада болуы мүмкін. Солай болды екен деп уайымға берілудің қажеті жоқ. Бірден бактериялды дәрілер қабылдайтындар бар. Бұндай жағдайда да дәрігердің қабылдауында болу керек.

Коронавирус жұқтырып, айыққан науқастар алдағы уақытта денсаулығын қалай күтуі керек?

Жеңіл түрімен ауырып шыққан науқастардың иммунитеті қалыптасып үлгереді. Олар қалыпты өмірін жалғастыра береді. Ал күрделі формада реанимациядан шыққан науқастар өкпесінің зақымданғанына байланысты оңалту шараларын қабылдау керек. Мысалы, жай ғана қолын күйдіріп алған адамда да тыртық қалады ғой. Өкпенің де зақымданған бөліктерінде сол секілді тыртықтар болады. Көзге көрінбейді. Бірақ тыныс алу барысында, организмді оттегімен қамтамасыз ету кезінде алған залалдың кері ықпалы болады.

Еркежан ЖҰМАТАЙ