Отандық көлікті сатып алу міндеттеле ме?
Отандық көлікті сатып алу міндеттеле ме?
375
оқылды

«ҚазАвтоӨндіріс» автомобиль саласы кәсіпорындары одағының мәліметінше, Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алуларға импорттық автокөліктерге 2 жыл мерзімге тыйым салу туралы қаулыға қол қойды.

Мұндай қадам отандық өнімді қолдау үшін жасалып отыр.

«ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының 14-бабына сәйкес, елдің ішкі нарығын қорғау және ұлттық экономиканы дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Қаулы етеді:

1. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмейтін тауарларды қоспағанда, шет мемлекеттерден шығарылатын тауарларды ұлттық режимнен алып қою белгіленсін.

2. «CT-KZ» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаты бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы өндірген тауарлар мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілсін» делінген қаулыда. Мұндай тауарлар тізімінде жеңіл автокөліктер бар.

Автоөндірушілер одағының стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Артур Мискарянның айтуынша, былтыр отандық көліктердің 11 пайызға жуығын мемлекеттік құрылымдар сатып алған.

«Тиісті қаулы күшіне енді және екі жыл бойы әрекет етеді. Құжат «СТ-КZ» сертификатының міндетті талабы бойынша тек отандық өндірушілерден ғана мемлекеттік сатып алуды және жалға алуды жүзеге асырады», – дейді Артур Мискарян.