#Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы аясында Қазақстан аумағында жалпыхалықтық сенбілік өтті. Күн сайын туған табиғатымызды бүлдіріп, қоқыс атаулыны үйіп тастайтын да өзіміз, тазалайтын да өзіміз. Экологиялық акция бойынша жиналған қоқыс көлеміне қарасаңыз, тұла бойыңыз тітіркенеді. Осыншалық лас, осыншалық немқұрайды болғанымыз ба?!.
Мәселен, Түркістан облысының елдімекендер аумағын қоқыс қалдықтарынан тазарту, экологиялық аймақтардың тазалығын сақтау, су айдындарының арналарын ашу, көше бойларын және арық-атыздарды қалпына келтіру мақсатында ұйымдастырылған шараға облыстың 16 аудан-қаласынан 51 635 адам қатысқан. Сенбілікке арнайы 397 техника жұмылдырылыпты. Акция барысында облыс аумағындағы барлық өзен, көл арналары ретке келтіріліп, елдімекендердегі көше бойлары қоқыстардан тазартылған. Жалпы көлемі 1504,6 тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы орындарға тасымалданған. Атырау қаласында #birge# TazaQazaqstan экологиялық акциясы аясында өткен жалпықалалық сенбілікке 8 мыңға жуық қала және қала маңындағы ауылдық округ тұрғындары, соның ішінде мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын, өнеркәсіп ұжымдары, сондай-ақ еріктілер тобы қатысып, 37-ден астам техника жұмылдырылды. Науқан барысында Жайық өзені және қала аумағындағы барлық су тоғанының жағалауларын ірілі-ұсақты қоқыс қалдықтарынан тазарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 17 тонна қоқыс жиналған.
Жамбылдықтар да экологиялық акциядан шет қалмай, экологиялық акцияға облыстың барлық 10 ауданындағы халықтың басым бөлігі қатысқан.Тараз қаласының аумағындағы «Қарасу – 1», «Қарасу – 2», «Түйте», «Төрегелді», «Базарбай», «Үшбұлақ», «Сеңкібай», «Оңтүстік құрғату дренажды», «Тайвань», дренажды каналардың бойы, «Талас» өзені және «Ақбұлақ», «Қаратау» шағынаудандарындағы каналдардың жағажайларын тазалапты. Тараз қаласы бойынша жүргізілген сенбілікке 4 535 адам қатысып, 21 нысан тазартылып, 47 техника жұмылдырылыпты. Жалпы, қала аумағында 61,8 шақырым каналдардың бойы тазартылып, 258 тонна күл-қоқыс шығарылған.
Бір күндік сенбілікпен бар шаруа біте ме?
Көше бойын, каналдар мен жағалауларды тазартқан жақсы-ау, бірақ санамызды кім тазалайды? Күл-қоқыс пен түрлі қалдықтарды көрінген жерге тастайтын дағдыдан қашан арыламыз?
Түркіменстанда болғанбыз. Қайда барсаңыз да айнадай тазалықты көресіз. Елдің барлық аумағында қоқыс тастайтын жәшік атаулыны көрмейсіз. Неге? «Түркімен халқы кез келген жерге қоқыс тастайтын ұлт емес» деген тағылымды тәрбиенің нәтижесі!
Қала мен даланы қоқыстан тазартудың әлегіне түспес үшін, әуелі қоғамдық санадағы тазалықты орнықтыру керек-ақ!