Үміт шырағын сөндірмейік
Үміт шырағын сөндірмейік
290
оқылды
– Бұл заманнан қазақ елі жалғыз COVID-19 ғана емес, мемле­кеті­міздің дамуын кері тартқан өзге де кеселдерден арылып шығуы қажет. Коронавируспен күрес сон­дай-ақ елдегі жемқор­лыққа тегеурінді соққы беруі керек. Онсыз ешбір іс ілгері бас­пай­ды. Бұл ретте кешегі үндеуінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағ­дай­дан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті ба­ға береміз», – деп нықтап айтты. Бұл бойға сенім құяды. Адам шығынына соқ­тырған жүйелі қателіктерге жол берген лауа­зым­ды шенеуніктер жазасын алуы тиіс. Бұл – халықтың талабы. Жақсы билеуші жұрт кенелген мерейге ғана емес, ел басына түскен қайғыға да ор­тақ болып, елмен бірге еңсереді. Мем­лекет басшысы онсыз да аз қазақ халқының қыр­ғынға кезігуі жанына батқанын жет­кізді. – «Әр қазақ менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Қара жамылып отырған азаматтардың қайғы­ларына ортақтасып, көңіл айтамын, – дей ке­ле, Қ.Тоқаев дүйсенбі, 13 шілдені  Ұлт­тық аза тұту күні деп жария­лады. Ел Президентінің бұл қадамы бекер емес. Қазақстанда жағдай қатты алаң­да­тады. Ресми дерек бойынша, КВИ-ден 264 қа­зақстандық дүние салды. Олардың ту­ған-туысына қайғырып, көңіл айтқым келеді. Сондай-ақ осы індеттен қаза болғандар санағын дұрыс жүргізуге де мән берген жөн. Мысалы, ауыл-аймақтан хабарласып жатыр. Ресми дерекке сәйкес, бір ауданда коронавирустан екі-үш адам ғана қаза тапқан, ал жергілікті мешітке 53 адамның жаназасын шығаруды сұраған өтініш түсіпті. Бәлкім, басқа бір ауруы ушыққан адамдарға уақытылы көмек көр­сетілмеген болуы мүмкін. Бұл мәселе де назардан тыс қалмағаны жөн. Қазақ – кең тынысты, кесек мінезді, қай­сар халық. Ұлтымыз тұмандай тұтасып, күн­нің көзін жасырып жоңғар-жау қап­таған, 150 жыл қан-қасап соғыс болған за­­ман­ды да өткерді, аман қалды, Елбасы­ның бастауымен жаңа, тәуелсіз мемлекет құрды. Қазіргі пандемия жаһан соғысына теңел­генімен, оны жеңу халқымыздың қо­­лы­нан келеді. Ол үшін қамқор Пре­зиден­тіміз, мемлекеттің қаржы-қоры бар. Дүрбелеңге, уайым-қайғыға берілмейік, рухымызды биік ұстайық, індетке қарсы шараларды сақтайық, дәрігерлер берген кеңесті ұстанайық! Жарқын өмірге деген үміт шырағын сөндірмейік, ағайын! Өйткені үмітін жойып алған халық үшін өмірдің мән-мағынасы да жоғалады. Ал алға, асыл армандарға ұмтылған ел арайлап атар таңға жетеді, жаны жадырап, қуаныш пен шаттыққа бөленеді.  

Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты