Жаһандағы барлық жұмыссызға есік ашық
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстанда жұмысқа орналасуы жеңілдетілді. Атап айтқанда, олар енді елімізде жұмысқа тұру үшін дүниежүзінің кез келген түкпірінен анықтаманы онлайн ала алады! Салыстыра кетсек, тіпті демократиясы терең, экономикасы кемел елдердің өзі мигранттан шекаралық және басқа да бақылау мен тексерулерден өтіп келіп, жұмысқа рұқсат алуын талап етеді. «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтама беру немесе ұзарту» қызметін онлайн режимге ауыстырды. Бұдан былай шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар әлгі қызметті әлемнің кез келген жерінен ғаламтор көмегімен ала алады. 2020 жылғы 16 маусымнан бастап бұрынғыдай ХҚКО-ға барып, жеке тұлғасын растап, өзінің өтініш беруі енді талап етілмейді. Бұл қызмет алушының да, қызмет берушінің да уақыты мен қаражатын айтарлықтай үнемдейді» деп мәлім етті министрлік. Ведомство басшылығы осы қадамға пандемия өршіп, жаһан жұртшылығы қиындыққа душар болуына байланысты барып отырғанын жеткізді. – Әлемде қалыптасқан қазіргі жағдайда барлық өзара іс-қимылды онлайн форматта жүзеге асыру маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан біз қызметімізді жоспарлы түрде электронды түрге ауыстырып жатырмыз. Мысалы, шетелдіктер де, азаматтығы жоқтар да Қазақстанда жұмысқа орналасу үшін қажетті анықтаманы egov.kz порталы арқылы ала алады. Ол үшін «Электронды үкімет» порталында «Азаматтық, көші-қон және иммиграция» бөлімінде қызметті таңдап, «Онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу керек. Ашылған терезедегі кестеде толық аты-жөні, телефоны, e-mail секілді деректерін толтырса, сондай-ақ білімін, еңбек өтілін растайтын және жеке басын куәландыратын құжаттарының сканерленген көшірмелерін тіркесе, жеткілікті, – деп мақтанады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев. Осы орайда, жатжұрттықтан не тұрғылықты мекені жоқтардан электронды цифрлы қолтаңба да талап етілмейді: телефонына бірреттік пароль жібереді, соны көрсетсе-ақ «қолын қойды» болып есептеледі. Мұндай игілік көптеген қызмет түрі бойынша, тіпті қазақстандықтарға да қолжетімсіз. Әр министрліктегі шенеуніктер өз азаматтарымыздан онлайн қызмет көрсетпес бұрын, ең алдымен ХҚКО-ға жүгініп, ЭЦҚ алуды талап етеді. Оның машақаты көп екенін алған адамдар біледі. Ал өзге елдің тұрғындары Қазақстанда жұмыс істеймін десе, біздің министрлік қажетті анықтамасын ғаламтор арқылы небәрі 3 күнде даярлап береді. Рас, құжаты толық болмаса, 21 күнге созылуы мүмкін. Шетелдіктерді жарылқауға асыққан еңбек ведомствосы қазақстандықтарды індет күшейген кезде кеңсе жағалаудан құтқармай отыр: 2019 жылдың қорытындысы бойынша Еңбекминінің электронды түрде көрсетілетін қызметтерінің үлесі небәрі 80%-ды құрады. Барлық қызметін е-форматқа көшіруді ол тек жыл соңына жоспарлапты.«Қазақстан мыңдаған мигранттар мекені»
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызықты құжатты қоғамдық талқылауға шығарды. Ол «Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға 2020 жылға арналған квотаны белгілеу және оны облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана арасында бөлу туралы» деп аталатын министр Б.Нұрымбетовтің бұйрығының жобасы. Құжат биыл шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны жергілікті жұмыс күшінің 0,32%-ы мөлшерінде бекітеді. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес келеді. 2019 жылғы 20 желтоқсанда, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында Президент Қ.Тоқаев 2020 жылы шетелдік жұмыс қолын тартуға берілетін квотаны 40%-ға – былтырғы 49 мыңнан биыл 29 мыңға дейін қысқартуды тапсырды. Міндет орындалды. – Жұмыс берушілерге республикада еңбек ету үшін 2020 жылы шақыруға рұқсат берілген шетелдік жұмыс күшінің ең жоғарғы саны 29 мың 292 адамды құрайтын болады. Бұл жергілікті жұмыс күшінің 0,32%-ына тең. Квота 2019 жылғы 48 мың 700 адам көрсеткішінен бірден 40%-ға азайтылып отыр, – деп баяндады еңбек ведомствосы. Квотаның көбі – 10 мың 567-сі мұнайлы Атырау облысына берілмек. Басқа облыстарға келсек, Маңғыстауға жалпы саны 2 530, Алматы облысына – 2 238, ШҚО-ға – 2 189, БҚО-ға – 1 440, Ақтөбе облысына – 1 305, Қарағанды облысына – 1 192, Жамбыл облысына – 801, Павлодар облысына – 717, Түркістан облысына – 376, Қызылорда облысына – 356, Ақмола облысына – 161, Қостанай облысына – 111, СҚО-ға 55 шетелдік жұмыс күшін таратуға жол ашық. Ал үш мегаполис жайына келсек, Алматы қаласы – 1 897, Нұр-Сұлтан – 1 843, Шымкент 583 жұмысшыны сырттан алғыза алады. Республикалық маңызды үш қалаға биыл маусымдық жұмысшыны шекараның ар жағынан шақыруға тыйым салынды. Ондай жұмыс орындары тек жергілікті тұрғындарға ұсынылуы тиіс. Қазақстанда келімсектердің 60%-ы құрылыс, ауыл шаруашылығы және тау-кен саласында жұмыс істейді. Қорыта айтқанда, қатары күрт селдіреген 29,2 мың жұмысшы – уақытша ғана жұмыс істеуге келетін, бір маусым бойы, не бір жоба аяқталғанша қызмет етіп, табыс тапқан соң еліне тайып тұратын мигранттар. Жаңа құжатта бұдан басқа екінші квота назар аудартады. Ол – «еңбекші иммигранттарды тартуға арналған квота» деп аталады. Біржан Нұрымбетовтің бұл бұйрығы жобасына сәйкес, биыл еліміздің барлық 17 өңіріне шетелдік 360 мың иммигрант ағылуы мүмкін.«Ресей азаматымын, Отаным – Қазақстан»
29 мың шетелдік жұмыс күшінен айырмашылығы сол, бұл 360 мың адам еңбек ету үшін Қазақстанға тұрақты көшіп келгендер, біраз жыл тұрып жатқан экспаттар. Елімізде жасырын иммигранттар да бар және олардың жалпы саны жүздеген мың болуы ғажап емес. Әңгіме өзге мемлекеттің азаматтығын жасырын алып, Қазақстан азаматының жеке куәлігімен жұмыс істеп жүргендер жайында. Бұларға өзге елдің азаматтығын қабылдағанын ашық жариялағандарды қосыңыз. Бұл екі топтың басым көпшілігі Ресей азаматтары. Көгілдір құжатты тәрк етіп, солтүстік көршінің қоңыр түсті төлқұжатын төстеріне басқан экс-қазақстандықтар Ресейге кетуді мақсат тұтпайды. Қайта Қазақстанда қалып, өз азаматтарымызға арналған жұмыс орындарын иеленеді. Ұлттық заңнаманың солқылдақтығы оларға осындай мүмкіндік береді. Елімізде қазақстандықтар мен ресейліктерге тең еңбек жағдайлары жасалғанын көрген адамдар, әсіресе өзге этнос өкілдері РФ азаматтығын алуға ден қойып жатыр. Бұл ретте таяуда Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің атына Ирина Ивановадан келіп түскен хат көп жайттан хабар береді. «Мен Ресей азаматтығын алғым келеді. Содан кейін Қазақстанда тұру ықтиярхатын рәсімдемекпін. Республикада тұрақты тұруды растайтын құжатты жеңілдетілген тәртіппен бересіздер деп естідім. Себебі менің Қазақстанда пәтерім бар. Ресейде тұрақты тұру құжаттарын рәсімдемеймін: азаматтықты ауыстырғаныммен, Қазақстаннан кету ойымда жоқ. Ресей азаматтығын алғаннан кейін Қазақстанда жеке кәсіпкерлігімді ашпақпын. Өмір бойы осында тұрып, жұмыс істеуді қалаймын. Қария анам да осында, жүруден қалып барады, оған да күтім керек. Коронавирус пандемиясы тоқтағаннан кейін осының бәрін рәсімдеуге кіріспекпін», – дейді Ирина. Көші-қон қызметі комитетінің басшысы жауап хатында Ресей азаматтығын алғандар елімізде тұрақты тұру үшін рұқсат қағазын қалай рәсімдей алатынын түсіндіреді. Ол әлдеқайда жеңіл көрінеді. Айта кетер жайт, егер адам Қазақстан азаматтығынан бас тартып, өзге елге тұруға кетсе, бірақ оны жерсінбей кері қайтып, азаматтығымызды алмай-ақ елімізде жұмыс істегісі келсе, тұру ықтиярхатын алуы біраз күрделі көрінеді. «Мұндай жағдайда біріншіден, өтініш-анкета толтыруы, екіншіден, ұлттық паспортының түпнұсқасы мен көшірмесін ұсынуы, үшіншіден, өмірбаянын тәптішпей жазып тапсыруы, төртіншіден және ең бастысы – шетелдікті медициналық куәландыру туралы анықтама алуы тиіс. Ол анықтамада тұру ықтиярхатынан үмітті адамның бойында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстанға кіруіне тыйым салынатын аурулардың жоқтығы көрсетіледі. Өйткені нашақорлығы; психикалық бұзылушылықтары; түберкулезі; алапес (лепра немесе Гансен ауруы); соз-сифилис, лимфогранулема (донованоз), шанкроид секілді жыныстық жолмен берілетін инфекциялары; тұмаудан басқа өткір инфекциялық аурулары болса, ондай шетелдіктің Қазақстанға енуіне жол берілмейді», – деді комитет төрағасы Мұрат Қабденов. Сарапшылар бұл тізімді АИТВ, ЖИТС, коронавирус инфекциясы және басқа да ауыр індеттермен толықтырып, бойында ондай кеселдері бар шетелдіктердің қазақ жеріне аяқ басуына тосқауыл қоюды ұсынады. Әйтпесе, оларды емдеу отандық медициналық мекемелерге басы артық жүктеме түсіреді, ел бюджетінен шығын шығаруды талап етеді.Елдос СЕНБАЙ