Бәрінің күтіп жүргені – 25 тамыз. Өйткені әлеуметтік желіде кітапшалардың суреті жарияланып, Youtube-та бейнеталдау өткен-ді. Ал бұған бақылаушылар не дейді? Расымен, 2020 жылғы ҰБТ әділ өтті ме?
Бұл тіркесті біз емес, Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов қолданған-ды. Орталық биыл тарихтағы ең әділ тестілеу өткізетініне уәде берген. Статистикаға көз жүгіртсеңіз де ереже бұзу әрекетінің аз екенін байқайсыз. Мәселен, 2019 жылы 110 мың түлек 128 мың тыйым салынған зат алып келсе, биыл 121 мың қатысушыдан небәрі 2 363 зат тәркіленген. Бірақ кітапша суреттері әлеуметтік желіде жарияланып, ашық талқылауға түсті.
Иә, Youtube-тағы MegaMath Online каналы «Нағыз ҰБТ 2020» атауымен бірнеше видео жариялаған. Контент «Былтырға қарағанда есептер аз. Бүгін – 1-күн, 21 маусым. Интернетте тараған есептерді шығарамыз» деп басталады. Олар әр күні шыққан кітапшадағы есептерді талдаған екен. Тек математика ғана емес, басқа да пән сұрақтарын табасыз.
Ал Telegram-да «Математика ҚР», «Қазақ әдебиеті» тағы басқа топтарда ҰБТ сұрақтары өріп жүр. Байқағанымыз, топтағының дені мұғалім. Топта Ж. есімді ұстаз суреттерді нұсқап қалай түсіргенін сұраған. Сонда М. есімді мұғалім «белгілі нәрсе, аспанда жүрсіз бе?» деген екен. Бірақ біз де кітапша суретінің қалай жылдам тарағанын түсінбедік. Әрі оқушылардың атын жазып жібергенін қайтерсіз? Осыған қарап кітапша сыртқа шыққан ба деген ойға қаласың.
ҰБТ күні не болғанын жақсы білетін үш объект бар. Олар – талапкер, бақылаушы және бейнекамера. Бейнекамерадағы жазбаны талдау нәтижесі 25 тамыз күні шығатынын ескеріп, бақылаушыларға сұрау салдық. Біразы еңбек демалысын алып, байланыс аясынан тыс жүргендіктен, белсенді бақылаушы табу қиынға түсті. Оның үстіне, пандемия жағдайы да рөл ойнап тұр.
Біз тілдескен Еркін Матжанов Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы университетте бақылаушы болған. Министрлік өкілі қызметін атқарған ол ҰБТ-ға пандемияның салқыны тигенін айтты. Оның сөзінше, бұрын олар басқа ауданның ҰБТ-дағы тыныс-тіршілігін бақылаған екен. Індет себебінен биыл Тараздағы білім ордасында тестілеудің әділ өтуіне ұйытқы болған.
«Биыл ҰБТ қатаң талаппен өтті. Бәрін қадағалауға тырыстық. Ереже бұзу болмады емес, болды. Білуімше, 80-ке жуық оқушы тестілеуге кірген жоқ. Аудиторияларда да ереже бұзғандар бар. Өзім кезекші болған аудиторияда алғашқы партада отырған қыз телефон пайдаланды. Қалай кіргізгенін білмедім. Бірақ талапқа сай акт жазып, тестілеу нәтижесін жойдық», – дейді Еркін Матжанов.
Маңғыстау облысындағы №2 мектепте бақылаушы болған Сағат Мұңалбаев та тестілеудің әділ өткенін алға тартты. Себебін Сыбайлас жемқорлықпен күрес ұйымы жанынан құрылған мониторингтік топтың қатысуымен байланыстырды.
«Былтыр мониторинг тобы ҰБТ-ға қатысқан жоқ. Биыл бірінші рет қатыстық. Облыс бойынша 25 бала аудиториядан шығарылды. Барынша әділетті болуға тырыстық. Бізге кедергі келтіргендер болған жоқ. Тестілеудің алдында бақылаушы екенімізді айтып, құқық пен міндетті айқындап алдық», – дейді Сағат Мұңалбаев.
Қос бақылаушының сөзіне сүйенсек, көз жұма қарау болмаған. «Біз байқамағанды бейнебақылау операторлары айқындады. Олар көрмегенді ҰТО ескертті. Оған қоса, бәрінің үстінен қарап, онлайн көрсетілім арқылы бақылап отырған халық бар», – дейді олар. Бақылаушылар да 25 тамыз күні нағыз нәтиженің белгілі боларына сенімді.
Бұдан бұрын ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов Жетісай қаласындағы ҰБТ туралы ақпаратпен бөліскен. Одан бөлек, 24 маусымда 3 пункттегі тестілеуді кейінге қалдырған. Аталған жерде комиссия құрамы 3 рет ауысқан екен. Ол барлық бейнебақылау жазбасы қаралатынын ескерткен еді.
Ұлттық бірыңғай тестілеу өткен 21 маусым мен 1 шілде аралығында ата-аналар мен белсенділер әлеуметтік желіде жарияланған кітапша суреттеріне сұрау салған-ды. Осыған байланысты ҰТО директоры Дидар Смағұлов видео жазбаларды саралап, 25 тамызға дейін шешім шығаратындарын атап өтті. Олар биыл тарихтағы ең әділ ҰБТ өткенін барынша дәлелдеуге тырысады.
«Ғаламторда жарияланған әрбір кітапша қайталанбайды. Әрқайсысының өз иесі бар. Біз әділ тапсырмаған тестіленушіні анықтап, тест нәтижесін 25 тамызға дейтін жоямыз. Тіпті, осындай ұйымдастыру ісіне араласып жүрген қызметкерлерді жауапқа тартамыз. 25-тен аса қызметкерді мемлекеттік комиссия құрамынан шығардық. 10-ға жуық адамға қатысты тергеу жүріп жатыр», – деді ҰТО директоры Дидар Смағұлов.
Смағұловтың сөзінің рас екеніне 25 тамыз күні көз жеткіземіз. Белгілісі, биыл ҰБТ тапсырған талапкердің 80%-ы шекті балл жинаған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмен. Білім сарапшыларының сөзінше, бір грант орнына 1,5 адам таласады. Демек, көпшілігінің мемлекеттік грантта оқуға мүмкіндігі бар. Алайда жоғарыдағы қате кімнен кеткені анықталса, біразының тестілеу нәтижесі жойылуы мүмкін.
Осы орайда, желі қолданушылары «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылмасын», – дейді. Кейбірі бейнебақылау камерасы жазбаларының әділ қаралатынына күмәнданады. Дені 25 тамызды үмітпен, асыға күтіп отыр. ҰБТ нәтижесі нақты емесін ескерсек, грант саны мен иесі туралы дерекке де түзету енгізілетін сыңайлы.