Жемқорлыққа тосқауыл бола ма?
Жемқорлыққа тосқауыл бола ма?
270
оқылды
Бірақ сол ұрандардың тиімді болып жатқаны байқалмайды. Сыбайластық әлі де азаймай тұр. Жемқорлықпен күресу үшін түрлі тәсілді де қолданып келеміз. Мақсат – қайтсек те қылмыстың санын азайту. Ал жемқорлықпен күрес ісіне тұтас қоғамды қатыстыру тәсілінің бірі – сыбайластық туралы мәлімет берген аза­мат­тарды ынталандыру қағи­даты. Нәтижелі ме?  

Азаматтарды ынталандыру жүйесі

2019 жылдың 13 маусымында Президент Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайта құрылды, бірнеше департамент жасақталды, соның бірі – превенция департаменті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу – аталған де­партаменттің негізгі қызметі. 2019 жылдың басынан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде, «Қазавтожол», Денсаулық сақтау министрлігінде, Дәрілік сараптау ұлттық орталы­ғында, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау коми­тетінде, Мемлекеттік кірістер ко­митеті және Ұлттық олимпиада комитетінде талдаулар жүргізілген. Оның негізінде, тіпті бұрын іс­ті болған, жауапқа тартылған адам­дардың лауазымды қызметте отырғандары анықталған. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің өкілі Арман Берда­лин­нің сөзінше, агенттіктің 1 424 желісіне күн сайын 10-15 ша­ғым тіркеледі. Олардың ба­сым бөлігінің деректері нақты дәлел­деніп, халықтан түскен арыз-ша­ғым­дардың нәтижесінде бірнеше іс қозғалған. 2018 жылы келіп түскен шағымдар бойынша 32 іс қозғалса, 2019 жылы 40-тан асқан. Жемқорлық фактілерін хабарлаған адамдарға заңнама бойынша бір жолғы сыйақы беріледі. Яғни, Үкімет азаматтарды ынталандыру жүйесі туралы қаулы қабылдаған.  

Сыйақы бірден берілмейді

Биыл 4 ақпанда Үкіметі қау­лы­сымен Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адам­дарды көтермелеу қағидаларына түзетулер енгізілді.Сөйтіп, жем­қорлық туралы хабарлаған адам­дарға сыйақы төлеу қағидалары өзгерді. Енді нақты сыйақының бе­рілу тәртібіне тоқталайық. Пара­ның, келтірілген залалдың сомасы 1 000 АЕК-тен аспайтын болса, онда сыйақы көлемі бұрынғы тәр­тіпте 30-100 АЕК аралығында болады. Яғни, 79 530-дан 265 100 теңге аралығында қалады. Ал егер пара сомасы 1 000 айлық есептік көрсеткіштен асса, онда сыйақы осы аталған соманың 10 пайызын құрайды. Сыйақының ең жоғарғы мөлшері 4 000 АЕК, теңгеге шаққанда 10 млн 600 мың теңгеден аспауы тиіс. Мысалы, 5 млн теңге пара беру фактісі туралы құқық қорғау органдарына хабарлама түсті делік, хабарлаған адамға осы соманың 10 пайызы, яғни 500 мың теңге төленеді. Бұрынғы көтермелеу жүйесі бойынша дәл осы қылмыста 500 мың теңгенің орнына 135-185 мың теңге сыйақы берілетін. Ал сыйақының ең жоғары сомасы 265 мың теңге болған еді. Сыйақы бірден берілмейді. Алдымен қылмыстық іс қозғалады. Соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін ғана төленеді, ол шамамен 15 күн - 1 ай аралығы. Бұл сыйақы барлық азаматтарға бірдей беріледі. Тіпті, шетелдердің азаматтары да қылмыс фактісі туралы хабарлап, қаражат ала алады. Хабарланған жемқорлық фактілері шындыққа сай болуы тиіс, әйтпесе сыйақы төленбегені былай тұрсын, өзіңіз де жауапқа тартылуыңыз мүмкін. Сол себепті ақпараттың шынайылығына толық көз жеткізілуі тиіс. Ақпарат берген тұлғалар мемлекет қорғауында болады.  

Жемқорлық азайған жоқ

Құқықтық статистика орган­дарының мәлімдеуінше, 2019 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыста­­­ры үшін 1 002 адам сотталған. Олар­дың арасында орталық мемлекеттік органдардың қызметшілері, жер­гілікті атқарушы орган қызмет­керлері, квазимемлекеттік сек­тор және өзге де тұлғалар бар. Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі Превенция депар­таментінің басшысы Анар Жаро­ваның айтуынша, орталық мем­лекеттік органдар ішінде алғаш­қы бестікке Ішкі істер, Қар­жы, Қорғаныс, Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму және Ауыл шаруашылығы министр­ліктері кіреді. Биыл қаңтардан мау­сымға дейін тіркелген аса ауыр деген сыбайлас жемқорлық қыл­мыс­тардың саны өткен жылдың осы кезеңі­мен салыстырғанда 3 есеге өсіп кеткен. Шенділер соңғы 2,5 жылда 74,6 млрд теңгені жеп қойған. Бұл қаражатқа 37 мектеп немесе 70 балабақша салуға болады екен. Білім және денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық көбіне жұмысқа орналасу кезінде және қаржылық махинациялармен байланысты. Олардың көпшілігі әкімдіктерге бағынышты ұйым­дарда жасалады. Осы мәсе­лені шешу үшін бюджеттік меке­ме­лер­дің басшыларын мемле­кеттік сатып алуды өткізу­ден және бух­гал­терияны орталық­тан­дырудан толық босату көзделген. Бұған қоса, еліміздің барлық білім беру ме­кемелерінде «Адалдық негізде­рін» міндетті түрде оқыту ұсы­нылды. Ал ісіне адалдық таныт­пағандарға адалдық туралы айтудан гөрі, нақты іс-әрекет қажет секілді. 2017-2019 жылдар аралығында 708 қазақстандық сыбайлас жемқорлық туралы хабар бергені үшін 99 миллион теңге алған екен. 2018 жылы 185 адам 23 миллион, 2019 жылы 116 адам 17 миллион сыйақы алған. Ал биылғы жылдың алғашқы бес айында жемқорлық фактілері жайлы 87 қазақстандық хабар берген. Оларға 13 млн 700 мың теңге ақшалай сыйақы беріліпті. Жемқорлықты хабарлаушы­ларды көтермелеудің мұндай жүйесі бірқатар шетелдерде та­бысты қолданылады. Мәселен, Гер­мания, АҚШ, Ұлыбритания және Гонконг секілді елдердің осы бағытта тәжірибесі мол. Сыбайлас жемқорлық бойынша ақпарат бергені үшін қаржылық ынталандыру мөлшерін ұлғайту жемқорлықты жояды деуге келмеді. Алайда жең ұшынан жалғасқан қоғамның індетіне қарсы күресте халықтың азаматтық ұстанымын жандандырады деген сенімдеміз.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=