Бастапқыда індеттің барына күмәнмен қараған халық ауруханадан қашса, қазір емдеу мекемесінің есігін күзетумен күнелтуде. Ал өзін жайсыз сезініп, ауру белгілерін бойынан байқаған халық жанын шүберекке түйіп, жедел жәрдемнің жолын тосып отыр. Алайда аталған қызмет түрінің өзі ақсап, жедел жәрдемнің өзіне «жәрдем» керек болуда.
Жалпы, бұл мәселе өткен аптада Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен штаб отырысында жан-жақты қаралған болатын. «Науқас жедел жәрдем қызметін бірнеше сағат күтетін болса, онда кедергісіз медициналық көмек туралы сөз айтудың өзі артық шығар. Жедел жәрдем бригадаларының санын көбейту және олардың жұмысын жүйелеу қажет» деп Бердібек Машбекұлы нақты тапсырмасын берді.
Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ұлпан Пыхыбаева кейінгі кездері диспетчерлік қызметтің жүктемесі екі есеге артқанын, сол себепті жедел жәрдем көлігі дер кезінде жете алмай жатқанын түсіндіріп, аталған мәселені шешу үшін індет аз тіркелген аудандардағы жедел жәрдем көліктерін облыс орталығына жеткізуді ұсынды. Оның сөзіне сүйенсек, бұрын тәулігіне 1 500-1 600 шақырту түссе, қазір күніне кемі 2 000 шақырту түсіп жатыр екен. Оған қоса, облыс орталығында қолданыста бар 41 жедел жәрдем көлігінің 40 пайызы ескірген. Сол себепті Ұлпан Қатіпханқызы бұл бағыттағы жұмыстарға аудандағы жедел жәрдем көліктерін де жұмылдыруды ұсынып отыр.
Әрине, мұндай ауқымды бастамалар өз жемісін береді деп сенеміз. Алайда бұл мәселені түбегейлі шеше ала ма?
Осы орайда, еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өткен аптада Қазақстанда COVID TAX қызметі іске қосылатынын айтты. «Өңірлерде жедел жәрдем қызметінің жүктемесі 8 есеге артып кетті. Бұл жедел жәрдем көліктері мен мамандардың жетіспеушілігін көрсетуде. Осыған орай, біз 807 отандық өндірістегі көлікке тапсырыс беріп отырмыз. Сондай-ақ шетелдік тәжірибені қолдана отырып, COVID TAX қызметін де іске қоссақ деген жоспарымыз бар. Ол үшін жолаушылар тасымалдаушы компаниялар мен жекеменшік медицина мекемелерінің көліктерін тарту ұсынылуда. Жекеменшік сектор бұған өз қолдауын білдіреді деп сенемін», – деді Алексей Цой.
Осылайша, министр ауыз жиғанша оның орынбасары Ажар Ғиният елімізде ақылы жедел жәрдем қызметі іске қосылғанын хабардар етті.
«Министр айтқандай, ауруханалар мен жедел жәрдем қызметтерінде мобильді бригадалар пайда болады. Бүгіннен бастап жұмысқа кірісті. Олардың қызметіндегі тариф құны да белгілі. Бағасы – 5 400 теңге. Бригадалар коронавирусқа күдігі бар немесе тұмау жұқтырғандарды қарап, олардан тест алу үшін барады. Бір шақырған адамға екінші рет келмейді. Тест бір рет алынады және оның нәтижесі учаскелік дәрігерге беріледі», – деді Ажар Ғиният.
Министрлік бұқара арасында қызу талқыға түсіп жатқан жедел жәрдем қызметі мәселесін осылай шешпек. Әрі жедел жәрдем ақысын МӘМС арқылы төлемек. Ал тапсырыс арқылы алынып жатқан 807 медицина көлігі шілде айынан бастап өңірлерге жеткізіледі деп күтілуде. Осы ретте бұған облыс медицинасы қаншалықты дайын екенін сұраған едік.
– Ақылы жедел жәрдем қызметін көрсететін бізде компания жоқ. Бұл жүйе Шымкент, Ақтөбе сынды қалаларда тиімді. Себебі онда арнайы жабдықталған көліктермен қамтылған түрік фирмалары бар. Ал бізде ондай қызмет көрсететін компаниялар болмай тұр. Десе де, жедел жәрдем қызметінің жұмысын жүйелеу үшін індет аз тіркелген аудандардан көліктер алдыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ биылғы жылға 52 бірлік техникаға өтінім бердік. Министр айтқан 807 көліктің 52-і біздің өңірге келеді. Тағы бір айта кетерлігі, Денсаулық сақтау министрі тілге тиек еткен COVID TAX қызметін іске қосу тетігін қарастырудамыз. Бірақ жоғарыда атап өткенімдей, науқастармен жұмыс істейтін көліктер қажетті құрылғылармен толықтай жабдықталуы керек. Біз қазір басты міндет ретінде осы жағын қарастырудамыз, – дейді Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Саттарқұлұлы.
Өңірдің медицина саласына жауапты маманнан осындай жауап естідік. Демек, бізге құны 5 400 теңге тұратын жедел жәрдем көліктері келмейтіні анық. Оның орнына Денсаулық сақтау басқармасы ауданнан көліктер алдырып, COVID TAX қызметін іске қосу жолын қарастыруда екен. Халыққа бұл үлкен қолдау мен жұбаныш болатыны сөзсіз.
– Қазір «103»-ке қоңырау шалу бос әурешілік. Одан да ауруханаға таксимен жете салғаның оңай. Бірақ онда да қазір кез келген науқасты қабылдай бермейді. Ал егер жедел жәрдем көлігі жеткізетін болса, дәрігерлер бір емін жасайтыны анық қой. Сондықтан облыс орталығына қосымша жедел жәрдем көліктерінің қызметін қосқанды қолдаймын. Өйткені дәл қазір осы ақ халатты абзал жандар өміріміз үшін араша түсетін адамдар екені анық. Ол COVID TAX бола ма, әлде басқаша қызмет бола ма, әйтеуір жедел жәрдем қызметінің жұмысын жолға қойса екен, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Асел Ахметова.
Мұндай ойды Болат Ерболатұлы да айтады.
– Коронавирус кеселіне сенбегендердің бірі – менмін. Алайда қазір жақындарымның ауырғаны мен жолдастарымның туыстары бақилық болып жатқанын көріп, бойымды қорқыныш сезімі билеуде. Мұндайда бәрін бір Аллаға тапсырамыз. Бірақ «сақтансаң – сақтаймын» деген. Сондықтан барынша сақ болып, дәрігерлерге сенім артайық. Ал кенеттен ауырып қалсақ, ең бірінші жедел жәрдемнен көмек сұрайтынымыз белгілі. Сол себепті билік басындағылардан осы қызметті барынша жолға қоюды сұраймын. Әкімдіктегілер індетпен күресте қолдан келгенінше жұмыс істеп жатқанын түсінемін. Бірақ осы медицина саласына баса көңіл аударса екен деймін, – дейді Болат Ерболатұлы.
Қалың бұқараның ойы – осы. Ең бастысы, медицина саласына баса көңіл бөленсе деген тілектерін жеткізуде. Әрине, біз де жергілікті билік бұл бағытта жұмыс жүргізбей жатыр деуден аулақпыз. Алайда жедел жәрдем қызметінің өзіне «жәрдем» қажет болып тұрғанын облыс әкімінің өзі мойындап, өткен жетіде нақты тапсырмаларын берді. Сонымен қатар жекеменшік медициналық фирмаларды да күш біріктіруге шақырды. Бұған олар өз қолдауын білдіреді деп сенеміз. Әйтпесе, министр айтқан 5 400 теңге тұратын ақылы жедел жәрдем қызметінің өзі өңірге келмейтіні көп нәрсеге қолбайлау болатыны анық. Сондықтан облыстағы барша мемлекеттік, һәм жекеменшік медицина мекемелерінің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» кезі жетті. Өйткені сіздердің бүгінгі шешімдеріңіз, ертең талай адамның өмірін ажалдан арашалап қалатыны айқын.
Саятхан САТЫЛҒАН,Жамбыл облысы