Бағытың – бақытың болар...
Бағытың – бақытың болар...
490
оқылды

Ел елордаға қарай тартылады. Бұл – заңдылық. Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері астанамызға 60 155 адам көшіп келіп, 49 586 адам көшіп кеткен екен. Дәл қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы халқының саны 1 099 053 адам, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда қала тұрғындарының саны 53 916 адамға, яғни 5,2 пайызға өсіпті.

Бірақ еліміздің солтүстік өңірлері адам капиталына зәру. Қазақстанның ішкі миграциясы оң бағыт алуы керек. Бұрынғыдай емес, қазір оңтүстік өңірлерден орталық және солтүстік жаққа қарай қоныс аударатындар қатары көбейе бастады. Мәселен, жыл басынан бері Түркістан облы­сы­нан еліміздің солтүстік өңірлеріне 206 отбасы қоныс аударыпты.

Жылы жақтан Солтүстік Қа­зақстан және Павлодар облыс­тарына көшіп барған азамат­тардың көбі – еңбекке жарамды тұрғындар. Қоныс аударғандардан 204 адам тұрақты жұмысқа ор­наласқан, кейбіреулері өз кәсібін ашып, тіршілік жасап жатыр екен. Кәсіппен айналысуды жөн көр­гендер жеңілдетілген шарттармен жер учаскесін және бос тұрған ғимарат алуға мүм­кіндік алады.

Түркістан облысының Жетісай ауданында халық тығыз орна­ласқаны белгілі. Аймақаралық бос орындар жәрмеңкесінде жұ­мыссыз жүрген азаматтарға Қа­зақстанның солтүстік өңірлерінен 4 мыңдай жұмыс орны ұсынылған. Негізінен білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және құ­рылыс саласындағы мамандарға сұраныс жоғары. Солтүстік Қа­зақстанға барғысы келетіндерге өте қолайлы жағдайлар жасалған екен. Онда тұрғын үй салу үшін 3 млрд теңге арнайы бөлінген. Әр­бір көшіп келген отбасы мүше­сіне 88 мың теңге көлемінде бір­жолғы төлем жасалады. Бір жыл бойына пәтер жалдағаны және коммуналдық қызмет төлемі үшін әр отбасыға 77 мың теңгеден жәрдем беріледі. 5 адамнан кем емес жұмыс берушілердің әрбіріне 1 миллион теңгеден астам қаражат бөлу ісі де қарастырылған.

Нұр-Сұлтан қаласына кел­генмен, не нақты жұмысы, не баспанасы жоқ азаматтар көбіне тығырыққа тіреліп қалады. Осы­ған дейін 103 көпбалалы отбасы Павлодар облысындағы Екібастұз қаласына көшірілген. Жылдың соңына дейін тағы 200 отбасын Екібастұз қаласына көшіру жұ­мысы жүріп жатыр екен. Белгі­ленген жоспар бойынша 2 253 отбасы немесе 10 мың адам сол жаққа қоныс аударуы керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліме­тінше, 4 000 адам, яғни 1 050 от­басы осы уақытқа дейін сонда қоныс аударып, оның 2 000-ы жұмысқа орналасыпты. Жас баласы барлар балабақшамен қамтамасыз етілген.

Жыл басынан бері бір мыңнан астам көпбалалы отбасы Сол­түстік Қазақстан, Шығыс Қа­зақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына түпкілікті қоныс аударған екен.

«Қатты жерге қақ тұрар, Қай­ратты ерге бақ тұрар» дегендей, таңдаған бағытың – шын бақытың шығар, кім білсін?!.