Соңғы үш жылда жиі айтылатын сөз тіркестерінің бірі – қоғамдық кеңес. Оның мақсаты мен міндеті қандай? Кімдер мүше бола алады? Кімге бағынады? Осы сұрақтардың жауабын іздеп көрелік. Негізінде, қоғамдық кеңес – қоғамдық бастамамен, дербес жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші, байқаушы орган. Қоғамдық кеңестер – коммерциялық емес ұйымдар, Үкімет құрамына кірмейтін атқарушы органдар, Қазақстан Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар.
Кеңес мүшелері мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына кіруге, орталық атқару органдарының, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының жұмысына араласуға, қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына жүгінуге құқылы. Оған он сегіз жасқа толған Қазақстанның кез келген азаматы мүше бола алады. 2016 жылы 26 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының XXIV сессиясында «Бүгінде үкіметтік емес ұйымдармен қатар Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері белсене қатысатын қоғамдық кеңестер құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сыбайлас жемқорлық пен шенеуніктердің ысырапшылдығына қарсы ең сенімді тосқауыл – азаматтық бақылау. Біз бұл бағыттан таймаймыз. Бірақ бұл да – азаматтық қоғам үшін маңызды сәт. Оның қоғамдық кеңестер жұмысына қатысуы бастамашылдық, кемелдік және азаматтар алдындағы жауапкершілік қағидаттарына негізделуі тиіс» деген болатын.
Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есеп беруін қамтамасыз ететін жаңа нысан ретінде қазіргі таңда республикамызда 231 қоғамдық кеңес қызмет атқарып келеді. Олар бақылаудың мынадай 4 түрін жүзеге асырады: қоғамдық бақылау, қоғамдық тыңдаулар, қоғамдық сараптама және мемлекеттік органдардың жұмысының қорытындылары туралы есептерді тыңдау. Ақпарат және коғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның «Ақпараттандырудың инновациялық әдістері халықпен жұмыс технологиясы ретінде» мемлекеттік гранты аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің мәліметінше, 2017-2018 жылдар аралығында өз өкілеттіктерін жүзеге асыру аясында қоғамдық кеңестер азаматтардың құқығы, бостандығы мен міндеттері туралы 12 мыңға жуық нормативтік құқықтық акт жобаларын қарады. Су проблемалары, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы және т.б. бойынша 1 069-дан астам қоғамдық тыңдау ұйымдастырылған. Әртүрлі деңгейдегі 213 әкім мен орталық және 1 300-ден астам жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан 16 жетекшінің есебі тыңдалған.
Исламбек ДАСТАН