Дәрі-дәрмек тапшылығын әлеуметтік желі арқылы шешіп, үйіндегі артық дәріні таратып берді. Түрлі қайырымдылық қоры сауапты іске жолбасшы болды. Ал қазір белгілі кәсіпкерлер Түркия асып, жасанды тыныс алу аппаратын сатып алып жатыр.
Елде індет тарала бастағанда-ақ қайырымды жандар халық игілігі үшін іске кіріскен-ді. Сәуір айында Мақтаарал ауданындағы «Астана Строй-проект» ЖШС директоры аудандық ауруханаларға құны 1 миллион теңге тұратын 2 жасанды тыныс алу аппаратын сыйлаған еді. Өйткені коронавирус инфекциясы асқынған кезде тыныс алу жолдарын зақымдайды. Науқасқа оттегі жетіспей қиналады. Осы тұста тыныс алу аппаратының маңызы зор.
Дегенмен бұл шақта елімізде жағдай қазіргідей емес-ті. Кейіннен екінші толқын басталып, жұрт әбігерге түсті. Дәрі таппай, дем жетпей қалғанда жасанды тыныс алу аппаратының да жеткілікті емесін түсіндік. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтің бірінде Денсаулық сақтау министрі ауруханаларда 3 294 тыныс алу аппаратының бар екенін айтты. Кейінгі айда 978 аппарат сатып алған. Министр Алексей Цойдың есебінше, әлі мыңға жуық аппарат сатып алу керек.
Осыдан кейін жеке кәсіпкерлер облыс пен аудан ауруханаларына жасанды тыныс алу аппаратын сыйлауды бастады. Шілде айында батысқазақстандық кәсіпкер Қанат Жанғазиев облыстық көпбейінді ауруханаға үш жаңа тыныс алу аппаратын – оттегі концентраторын тарту етті. Атыраулық кәсіпкерлер облыстық ауруханаға 2 оттегі аппаратын сыйлады.
Әлеуметтік желіде белсенді блогерлер де бас көтеріп, заманауи асар ұйымдастырды. Сең қозғағандардың бірі белгілі айтыскер ақын – Айнұр Тұрсынбаева. «Айдың нұры» қоры алғашында ақша жинап, 20 оттегі аппаратын сатып алмақ болған. Кейіннен халық 50 қондырғының ақшасын жинаған екен. Ақынның әлеуметтік желідегі жазбасынан соң игі іске атсалысқысы келетіндер көбейген. Сонымен, инста-асарды жиі ұйымдастыратын Эльмира Ешниязова 10 жасанды тыныс алу аппаратына 2 млн 800 мың теңге аударған. Журналист Жанат Бақыт Түркиядан 5 қондырғыға тапсырыс берген.
«Халыққа оттегі керек» дейтін блогердің бірі Дәулет Төлеутайұлы да айтыскер бастамасын қолдап, Instagram-дағы оқырмандары 5 сағат ішінде 12 миллион теңге жинаған. Блогер бұл бастаманы «Екінші тыныс» деп атаған. Оның мәлімдеуінше, әлі де ақша аударып жатқан оқырмандары бар екен. Айнұр Тұрсынбаева арқылы «Дәулеттен» қоры 63 аппаратқа тапсырыс берген. Оттегі құралының жалпы құны – 14,5 миллион теңге. Бір аппараттың бағасы шамамен 225-230 мың теңге екен. Осылайша, екі қордың атсалысуымен Түркиядан 125 тыныс алу аппараты келеді. Қондырғылардың елге жетуіне Түркиядағы Қазақстан елшілігі көмек қолын созған.
Заманауи асар арқылы елге келетін аппараттарды «Дәулеттен» қоры таратады. Қондырғыларды географиялық статусқа қарай бөледі. Аймақтарды қосу да қолға алынған. Қала мен облысты қоспағанда, Абай, Арқалық, Жаңатас, Жетісай, Жымпиты, Зайсан, Сарыөзек, Үшарал, Үржар, Шалқар, Шардара елді мекендеріне де жедел тыныс алу аппараты жеткізілмек. Қор толық тізімді 14 шілде күні әлеуметтік желіде жариялайды.
Жоғарыда ел қолда бар дәрісін бір-бірімен бөлісіп жатқанын жаздық. Қордың тағы бір сауапты ісі – тегін дәрі-дәрмек тарату. Instagram-дағы «Дәулеттен» қоры парақшасында жұрт үйінде бар, артық дәрі-дәрмекпен бөлісіп жатыр. Шарты – қарапайым. Егер үйде артық ауыз дәрі-дәрмек болса, қордың Instagram-дағы парақшасына суретін жолдап, мекенжайыңызды жазып жібересіз. Мұқтаж жан бар болса, сіз көрсеткен жерге барып, алып кетеді. Аталған акцияны әлеуметтік желі мен WhatsApp-тағы топтар іліп әкетті.
Instagram арқылы оттегі концентраторын сатып алуға ақша жинап жатқандардың бірі – Қайрат Жолдыбай. Ол қондырғыны Түркиядан емес, Қытай елінен алдыруды жоспарлап отыр. Оның мәлімдеуінше, зауыт Қытайдың Гуанджоу қаласында орналасқан. Елдегі ең ірі зауыттардың үштігіне кіреді. Белгілі дінтанушының бастамасына қосылып, ауыл мен ауданына қондырғы алып бергісі келетін қалталы азаматтар көп екен. Қайрат Жолдыбайдың айтуынша, құрылғы бағасы ұшақпен жеткізу құнын қосқанда 170 мың теңге шамасында. Қажетті сома жиналса, 1 аптаның ішінде оттегі концентраторы елге келеді.
Ал Көкшетаудағы авиацияға қажет қосалқы бөлшек шығаратын зауыт 360 жасанды тыныс алу аппаратын өндірді. 80 қондырғыны Денсаулық сақтау министрлігіне тегін берді. Жақын күндері тағы 100 шақты аппаратты сыйға тартқалы жатыр. Кәсіпорын қалған 245 аппаратты облыстағы ауруханаларға сатқан екен. Бұрындары зауыт айына 30 қондырғы өндіретін. Өндіріс орны елдегі індеттің таралуы көбейген соң жұмыс күшін арттырған. Айта кетерлігі, «Көкшетау-4П» қондырғысы электр жүйесіне қосылмаса да автономды түрде жұмыс істейді.
Игі істерді тізбелегенде Жемқорлыққа қарсы күрес қызметінде өткен брифингте Айгүл Соловьеваның мәлімдемесі еске түсті. Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы құрамы PR-компания жұмысы мен видеороликтерге 600 миллион теңге бөлген. Ал блогерлер 14,5 миллион теңгеге 63 жасанды тыныс алу аппаратын сатып алған.