Бүгінде Динара Закиева басшылық ететін кеңестің құрамында 30 адам бар. Кеңес құрылған күннен бастап жалпы саны 3 отырыс өткізілді. Олардың әрқайсысында атқарылған жұмыстар туралы есеп беріліп, жұмыс бағыттары талқыланды және балалар мен отбасылардың құқығын қорғаудың қолданыстағы тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар жинақталды. Ал жол картасына барлық облыс пен қала әкімдері қол қойып, олардың әрқайсысында аймақтың ерекшеліктеріне байланысты индикаторлар көрсетіліп, тапсырмалардың орындалуы толықтай бақыланады. Әр облыста отбасылармен және балалармен жұмысты жақсарту бойынша бірінші кезектегі және басым міндеттер жоспарын ұсынғаннан кейін, министрліктермен бірге орталық деңгейде бірқатар кешенді шешімдер қабылданып жатыр. Жұмыс тобы тамыздан қарашаға дейінгі аралықта 220 елді мекендегі 1 350-ден астам мекемені аралады. Соның негізінде әрбір аймақта әкімдіктермен бірге бағдарламалар дайындалды. Сонымен қатар бағдарламада жоспарланбаған барлық аудандар мен ауылдарға да тексеріс жүргізілді. Тексеріс барысында 311 мектеп пен интернаттың 20%-ының проблемалары бар екені анықтады. 2 айдың ішінде, аймақтардың жедел жұмысының арқасында мекемелердің 70%-ының мәселесі шешімін тапты. Бүгінгі таңда Алматы облысының өзінде ғана мектеп-интернаттардағы жағдайды жақсарту үшін материалдық-техникалық базаны жаңартуға, жатақханаларды жөндеуге, ішкі дәретханаларды орнатуға, бейнебақылау орнатуға, асханаларды жөндеуге және тиісті жиһаз сатып алуға шамамен 100 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ Жамбыл және Ақтөбе облыстарында «Бақытты отбасы» орталықтары ашылды. Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында осы тектес орталықтарды ашу жоспарланып отыр. Нұр-Сұлтан және Ақтөбе қалаларында көпбалалы аналарға тігін ісі мен бизнес негіздері оқытылып, қатысушыларға тігін машиналары берілді, аналарға үйде жұмыс істеуге, өз ісін ашуға мүмкіндік берілді. Түркістан облысында «Қамқорлық» жобасы аясында партия мүшелерінің арасынан кураторлар – аудан, ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілерге үнемі отбасыларға материалдық көмек көрсетуге, сондай-ақ балаларды емдеуге, тәрбиелеуге, жұмысқа орналасуға көмектесуге міндеттелген 900 отбасыға тағайындалды. Жалпы, облыста жобаны жүзеге асыру үшін отбасыларға көмек ретінде 1 миллиард теңге бөлінді. Ал Қостанай облысында балаларға психологиялық қолдауды ұйымдастырудың бірегей фронт-офисі ашылды. Онда балалар мен ата-аналар кез келген уақытта мамандардан тегін көмек ала алады. Ақтауда, Таразда көпбалалы аналарға арналған арнайы орталық ашылды. Сондай-ақ әр аймақта бір уақытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда «Jas Оtan» Жастар қанатымен бірлесіп, барлық аймақтарда «Қауіпсіз қала» акциясы ұйымдастырылды. Оның аясында ТЖД еріктілермен бірге 17 облыста 7 күн ішінде 3 568 кәріз құдығы тексерілді. Енді аталған акция әр тоқсан сайын өткізіліп тұрады әрі барлық мәлімет әкімдіктерге жіберілетін болады. Қорыта айтқанда, Отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерін біріктіріп, әр отбасының, әр баланың құқығын іске асыруды қамтамасыз ететін бірегей алаңға айналды. Мұның бәрі тынымсыз еңбек пен нәтижелі жұмыстың кепілі.