Шығыста орын жеткілікті ме?
Шығыста орын жеткілікті ме?
204
оқылды
Өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистер қауымымен онлайн брифинг өткізген Шығыс Қазақстан облысының әкімі коронавирус инфекциясының таралуын тежеу, карантин және шектеу шараларына тоқталып, келіп түскен сұрақтарға жауап берді. – Сіздер мен біздің алды­мызда тұрған басты міндет – инфекцияның таралуын тежеу, халықтың вирусты жаппай жұқтыруына жол бермеу. Төтенше жағдай кезінде енгізілген қатаң шектеу шаралары бізге оның мүмкін екенін дәлелдеді. 3 ай көлемінде ел ішіндегі адамдар ең аз ауырған облыстың бірі болдық. Біз бұл жағдайдың ең күрделі сценарийіне дайындықты бастаған едік. Бірсыпыра қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Науқастар саны күрт өскен кезде қажет болатын инфекциялық және провизорлық төсек-орындарды дайындадық. Қазіргі кезде инфекциялық орындарды 100-ден 1 770-ке, провизорлық орындарды 411-ден 1 896-ға, карантин орындарды 500-ден 2 590-ға дейін, ал реанимациялық орындарды 34-тен 227-ге дейін арттырдық, – деді облыс әкімі. Аймақ басшысы келтірген мәліметтерге сәйкес, маусым айында коронавируспен ауыр­ғандар саны 135-тен 2 313-ке (6 шілдедегі жағдай), яғни 17 есеге өскен. Стационардан 505, амбулаторлық емдеуден 617 науқас жазылып шыққан. Қазіргі уақытта стационарда 537 адам ем алып жатыр, тағы 654 азамат амбулаторлық түрде емделуде. Инфекцияның 639 ошағы мен 2 134 байланыста болған адамдар қатаң бақылауға алынған. Бұл ретте, төсек-орындардың 30 пайызға ғана толғанын атап өткен орынды. Себебі жұрт арасында ауруханалық төсек-орындардың тапшылығы туралы қауесет таралуда. – Эпидемия басталғалы облыста коронавирус инфек­циясы  мен пневмониядан 82 адам қайтыс болды. Оның ішінде 51-і пневмониядан, 22-сі коронавирустан, 9-ы ілеспелі аурулардан. Әрине, бұл қайғылы жағдай. Мен жақындарынан айырылған отбасыларға көңіл айтамын, – деді ол. Айта кетейік, 5 шілдеден бастап Өскемен мен Семей қалаларында азаматтар мен автокөліктердің қозғалысына арналған тақ және жұп күндер бойынша рұқсаттама жүйесі қайта қолға алынды. Қызметтер көрсететін нысандардың, сауда, көңіл көтеру орталықтарының, жабық базарлардың жұмысы уақытша шектелді. Сенбі, жексенбі және мерекелік күндері «тыныштық режимі» енгізілді. Атап айтсақ, барлық көлік түрлерінің қозғалысы, үйлердің жанындағы дүкендер мен дәріханалардан басқа сауда орындарының жұмысы, саябақтар мен скверлерде, жағалауларда серуендеу шектеледі. Өкінішке қарай, соңғы кездері Семей, Өскемен қалаларынан бөлек, Аягөз, Жарма аудандарында да вирус жұқтырғандар саны артып, инфекцияның таралу аумағы кеңейді. Аягөз қаласында 120 адам ауырса, жалпы ауданда 179 науқас тіркелген. Ал Жарма ауданында 123 адам вирус жұқтырған. Олардың 68-і – Қалбатау тұрғындары. Осыған орай, аталған аудандарда да шектеу шаралары күшейтіліп отыр. Айталық, маусым айының басында облыстағы коронавирус ауруының 68 пайызы Семейде болған. 19 маусымда карантин режимі күшейтілді. Нәтижесінде, 28 маусымда Семейде вирус жұқтырудың – 22, 29 маусымда  – 11 жағдайы тіркелді. Соңғы аптада Семейде аурушаңдық 1,5 есеге төмендеді. Облыс орталығында да шілденің ортасына қарай осындай жағымды әсер күтілуде. Облыс әкімі Даниал Ахметов «медицина мекемелерінде дәрі жоқ» деген ақпараттың шындыққа еш жанаспайтынын айтып, нақты цифрлармен шынайы жағдайдың қандай екенін түсіндірді. Атап айтсақ, қазір өңірдің инфек­циялық, провизорлық ауруханаларында 155 мың ыстық түсіретін, 35 мың вирусқа қарсы препарат, 314 мың антибиотик бар. Бұл дәрілер стационарларда бос орын қалмаған кездің өзінде 1 айға жетеді. Сонымен қатар дәріханаларда рейдтер жүргізетін мониторингтік топтар құрылған. Препараттарды қымбатқа қайта сатумен айналысатындар анықталып, жауапқа тартылуда. Денсаулық сақтау министрімен қосымша дәрілерді жедел жеткізу туралы келісілді. Қысқа мерзімде жаңа партиялар жеткізілмек. Бүгінде барлық медициналық қызметкерлер жеке қорғаныш құралдарымен 1,5 айға қамтылған. Олар үшін 54 мың бірреттік костюм, 193 мың бетперде, 22 мың медициналық көзілдірік, 100 мың экспресс-тест сатып алынған. Наурыз айынан бері өңірде тәулігіне 100 мың дана бетперде тігетін өндіріс ұйымдастырылған болатын. Енді медициналық еңбеккерлерге арналған қорғаныш костюмдерін тігу қолға алынбақ. Төтенше жағдай кезінде 470 мың адам көпреттік бет­перделермен тегін қамтылды. Олардың басым бөлігі зей­неткерлер, атаулы әлеуметтік көмекті алушылар, аз қамтылған азаматтар, мүгедектер мен жетім балалар болды. 7 шілдеден бастап бетперде тарату ісі қайта жанданды. Бүгінгі таңда облыс ста­ционарларына 148 дәрігер, 212 медбике тартылған. Резервте 141 дәрігер мен 197 орта медициналық буын маманы тұр. Індетпен күреске барлығы 533 дәрігер, 1 483 медбике жұмылдырылып отыр. Бүкіл қалалық, аудандық ауруханаларда қарқынды терапия палаталары, диагностика мен зерттеулердің бірыңғай алгоритмі әзірленген. Қала, аудан әкімдері мен медициналық мекемелердің бас дәрігерлері, дәрігерлердің өз арасындағы іс-қимыл жүйесі жолға қойылған. Қазіргі кезде облыстағы зертханалық зерттеулердің тиім­ділігі де арттырылып отыр. Өңірдегі 7 зертхана ПЦР-тестілеуді жүргізеді. Індет басталған кезден бері облыста барлығы 170 мың адам тексерістен өткен, бұл – облыс халқының 12 пайызы. Тұрақты түрде аудан, қа­ла әкімдерімен, тиісті орган басшыларымен, ауруханалардың бас дәрігерлерімен онлайн жиындар өткізілуде. Әр ауру­ханадағы жағдай мұқият қада­ғалауға алынған.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы