Мәңгілік құндылық мекені
Мәңгілік құндылық мекені
359
оқылды

Қазақ даласының кең тынысын күй мен жырға арқау еткен асылдарымыз ел тарихының алтын парақтарында өз үлесін таңбалап кеткен. Халқының мұң-зарын қобыздың ащы үнімен сөйлетіп, қуанышын домбыраның қоңыр үніне сыйдырта алған текті бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы осындай құнды жәдігерлерін көздің қарашығындай сақтап келеді. Ал, осы ұлт мәдениетінің жауһарларын сіз Алматыдағы Қазақ Халық Музыкалық Аспапатары Музейінен кезіктіре аласыз. Міне кешегі күннің күмбірін естіп білуге құштар біздің топ аталмыш музей үйге барып, арнайы фоторепортаж әзірледі.

Музейдің ғимараты ағаш ұсталығының ғажайып үлгісі санатында әрі тарих және сәулет ескерткіші ретінде мемлекет қорғауына алынған. Бұл ғимарат 1908 жылы Верный қаласының атақты архитекторы А.Зенковтың жобасы бойынша Пушкин скверіне салынған. Бүгінде ол Алматы қаласының тарихи-мемориалды кешені саналатын 28 панфиловшылар паркінде орналасқан.

Ең алғаш Қазақ халық музыка аспаптар музейі өз есігін көрермендеріне 1980 жылы айқара ашты.

Отыз жылдан астам тарихы бар Қазақ халық музыка аспаптар музейі қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында теңдесі жоқ Қазақ музыка мәдениетінің баға жетпес қазынасы, мақтанышы.

Музей пайда болғалы, көп жылдар бойы көптеген ұлттық музкалық аспаптар коллекциясы жинақталды. Бұлар – маңызды бөлігі атақты орындаушы-композиторларға жататын, өзінің бірегей тарихы мен мағынасы бар мыңнан астам экспонаттар.

Келіп көрушілерге жеті көрмесөре залдары қызмет көрсетеді: археология залы, соқпалы-шулы және үрлемелі аспаптар залы, мемориалдық-музыкалық аспаптар залы, домбыра мен қобыз залы, әлем халықтарының музыкалық аспаптары залы, уақытша көрмелер мен таныстырулар залы және кәсіби музыканттардың өнер көрсетуіне арналған концерттік зал.