Ерлан Тұрғымбаев: жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылады
Ерлан Тұрғымбаев: жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылады
фото: ашық дереккөз
365
оқылды
Ішкі істер министрлігі “Қазақстан аумағында ұшақ пен тікұшақтардың көмегімен вирустық және биохимиялық оқ-дәрі шашу туралы” ақпаратты ресми түрде жоққа шығарғанына қарамастан, кейбіреулер азаматтарды адастыру әрекетін жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz. ІІМ Тергеу департаменті аталған жалған ақпаратты тарату фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев әлеуметтік желіде таратылған жалған ақпараттарға мониторинг жүргізіліп отыратынын айтты. «Мен ұшақ, тікұшақпен вирус пен биохимиялық қару себіліп жатқаны туралы ақпарат - жалған ақпарат екенін айтқанмын. Бұл, әрине, өтірік және арандатушылық. ІІМ Тергеу департаменті осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті. Тексеру барысында бұл жағдай шетелде өрт сөндіру барысында болғаны анықталды. Бұған ұшақтағы тану белгілері, өрт сөндіру көлігіндегі нөмір және өрт сөндірушілердің ағылшын тілінде сөйлеуі дәлел бола алады», – дейді Ерлан Тұрғымбаев. Ол мұндай техника Қазақстанда жоқ екені және қолданылмайтынын айтты. «Сол себепті азаматтарды мемлекеттік органдардың ресми деректеріне ғана сенуді және жалған, расталмаған ақпаратты таратпауға шақырамын», - дейді министр. Ішкі істер министрлігі бейнежазбаның толық нұсқасын зерттеді, нәтижесінде бейнежазбадағы ұшақ АҚШ-тағы өртті сөндіруге жұмылдырылған “Tanker Air Carrier 914” ұшағы екені белгілі болды. Бұл бейнежазба “Goal Aircraft” жеке американдық әуе компаниясының Facebook-тағы аккаунтынан көшіріліп алынған. ІІМ ЕСКЕРТЕДІ: көрінеу жалған ақпарат тарату жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады