Қарсы амал қандай?
Қарсы амал қандай?
453
оқылды

2018 жылы Қазақстанда 137 мыңнан астам жас өз алдына отау көтерген екен. Шаңырақ көтеріпті. Бірақ ажырасушылардың саны көбейген. Еліміз бойынша 54 797 отбасы ажырасқан. Ажырасу жағынан ТМД елдері арасында алғашқы ондыққа еніппіз. Қазақстанда әрбір екінші некенің тағдыры ажырасумен аяқталады, осылардың 83 пайызының ортақ балалары бар. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бар.

Британдық The Economist ба­сылымының әлемдік рейтингінде Қазақстан ажырасу саны бойын­ша 10-орында тұр екен. Әлеу­меттанушылар неке бұзылған­нан кейінгі балалардың тұратын жері мен ата-аналардың баламен қарым-қатынас уақыты туралы дау-дамайдың да айтарлықтай өсіп кеткенін айтады.

Статистикалық дерек бойын­ша, Астанада әрбір үшінші от­басы ажырасады. Мәліметтерге қарасақ, Қазақстанның солтүстік өңірлерінде әрбір екінші отба­сының шаңырағы шайқалатын көрінеді.

Әділет министрлігінің сот актілерін орындау департа­ментінің директоры Дархан Игембаевтың айтуына қарағанда, Әділет министрлігінің қыз­меткерлері (сот орындаушы­лармен бірге) жыл басынан бері 800-ге тарта алимент төлемей жүрген борышкерге жұмыс тауып берген. «Осының арқасында бо­рышкерлер әлеуметтік берешегін өтеп жатыр. Бүгінгі таңда 230 мыңға жуық алимент өндірісі бар. Оның ішінде проблемалық істері 14 мыңнан асады. Яғни, 14 мың алименттік іс бойынша өндіру мәселесі толығымен шешілген жоқ. Демек, 14 мың борышкер өз әлеуметтік бере­шегін 3 ай және одан да ұзақ уақыт бойы төлемей жатыр».

Шайқалған шаңырақ. Жәу­діреп жетім қалған бала. Жағ­дайсыз ана. Алименттен жал­тарған еркек. Осындай келеңсіз көрініс өмірдің нақты бейнесіне айналды. Мұны тоқтатудың амалы бар ма?

Ажырасуды азайту үшін сотқа жүгінгенде екі жақтың да тө­лейтін ақысын көтерсе, қалай болар еді? Мәселен, ажырасатын жұптың әрқайсысы кемінде 2 миллион теңге төлейтін болса...Отбасын құру және сақтау ісі сонда, қаржылық жауапкершілік­пен бекемделген болар ма еді?!. «Шөміштен қысу» саясаты ен­гізілсе, сәл ашу-реніштен кейін сотқа арыз бере салғыштар саны күрт азаяр ма еді, кім білсін?!.

Қалай болғанда да, отбасы – мемлекеттің өзегі. Отбасы құн­дылығын сақтау – маңызды мәселе. Біз отбасы дегенде тек екі адамның ғана емес, отбасындағы балалардың, елдің, мемлекеттің тағдырын негізге алуға тиіспіз. Қазір батыс жұрты мен алыстағы америкаңыздың өзі отбасы құн­дылығын бірінші орынға шы­ғарды. Бізге де сондай көзқарас керек.