Айыппұлдың әлегі
Айыппұлдың әлегі
373
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласында қазақ операсы жұлдыздарының бірі Шабал Бейсекованың есімімен аталатын көше бар. Соңғы екі айдан бері астанадағы автокөлік жүргізушілерінің аузынан осы көшенің атауы түспейтін болды. Көлік жүргізушілер Ш.Бейсековаға емес, әнші атындағы көше бойында тұрған «Сергек» камерасына өкпелі, тіпті естен танардай күйде. Неге?

Себебі, Ш.Бейсекова көше­сінің Қосшығұлұлы мен Е10 кө­шелері аралығындағы бөлігі­нің жылдамдығы маусым айынан бастап сағатына 60 шақырымға төмендетілген. Алайда көше бойындағы «80» жылдамдық белгісі бірнеше күн бойы алын­бай тұрған. Көлік жүргізушілер қаннен-қаперсіз үйренген жыл­дамдықпен жүре берген. «Сер­гек» те сергектігіне басып, сек­сенмен жүйткіген жүргізушінің бәрін фотоға түсіріп алып, айып­пұл түбіртегін жөнелте берген. Жүргізушілердің дау-дамайы осы тұстан басталады.

Әлеуметтің көңіл күйі әуелі әлеуметтік желіде көрініс табады емес пе? Белгілі журналист Ға­лия Шаудырбаева Facebook-тегі парақшасына «Сергек» десе шо­шып оянатын халге жеттік. Кеше құрбым «50 пайыздық жеңіл­дікпен 68000 айыппұл төледім» деп отыр. Маған да бір айда 4 айыппұл келді. Ш.Бейсекова көшесіндегі «80» деген белгіні бай­қатпай алып тастапты, сөйт­сем. Оны құрбым айтпаса, жүре береді екенмін аңыратып» деген жазба жариялады. Сол екен, осы жазбаға пікір жазушылар өзде­рінің де аталған көшедегі жыл­дамдыққа қатысты айыппұл ала бастағанын баяндаған. Анау-мынау аз сома емес. Кемі 50 мың теңгенің үстінде. Ал астаналық АвтоЦОН-да жасы жетпістер шамасындағы ақсақал өзіне 220 мың теңге айыппұл келгенін айтып мұңын шақты. Ол да «Сергектің» бейнекамерасына білместіктен түскендердің бірі. Баяғы сол Бейсековадағы бей­некамера ғой.

Атышулы көшемен жүретін жүргізушілер Ішкі істер депар­таменті жылдамдықты төмен­деткен екен, «80-нің» орнына «60» деген белгіні іліп қоюы ке­рек еді дейді. Ал Ішкі істер де­пар­таментінің көлік жүргізу­ші­лердің бұл талабына айтар өз уәжі бар. Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі істер департаментіне қа­расты Жол-техникалық инспек­циясы бөлімінің аға инспекторы Нұржан Лекеров «60» деген бел­гіні қоюдың қажеті жоқ дейді.

– Себебі, жол-көлік ере­же­сінде қала ішіндегі қозғалыс са­ғатына 60 шақырым екені анық жазылған. Сондықтан біз жыл­дамдығы сағатына 60 шақырым болатын көшелерге ешқандай белгі қоймаймыз. Өйткені, қала көшелеріндегі жылдамдық өзі сағатына 60 шақырым деп ере­жеде бекітілген. Ол көшелердің бәріне белгі орнату мүмкін емес. Егер қала ішіндегі қозғалыс жыл­дамдығын сағатына 40 не­месе 80 шақырымға өзгертсек, онда міндетті түрде жол белгісін орнатамыз. Жалпы, қозғалыс жылдамдығын бірде көтеріп, бірде төмендету – қалыпты жұ­мыс. Жолдағы көлік тасқынына қарай жылдамдықты өзгертуге заң рұқсат береді. Ал Ш.Бейсе­кова көшесіндегі жылдамдықты неге төмендеттік? Себебі соңғы уақытта бұл жолда жол-көлік оқиғасы көбейіп кетті, – дейді Н.Лекеров.

Аға инспектордың айтуынша, Ш.Бейсекова көшесі бойындағы көлік жылдамдығының өзгергені туралы бұқаралық ақпарат құ­ралдарында жарияланған. Біз жылдамдықтың өзгергенін ха­барлаған ақпарат құралдарын іздеп көрдік. Google-дің іздеу қызметі аға инспектор айтқан хабарландыру орыстілді сайт­тарда жарияланғанын көрсетті. Аталған хабарландыруды жария­лауға жауапты Әкімшілік по­ли­ция басқармасының бөлімше бастығы Нұржан Әділов «Еура­зия» бірінші арнасы, Tengrinews.kz, Zakon.kz, Nur.kz сайттары ар­қылы халықты құлағдар еткен­дерін жеткізді.

Айта кетейік, биыл жыл­дамдықты 10-20 км/сағ арт­тыр­ғандар 5 АЕК көлемінде айып­­пұл төлейді, бұл – 12 625 тең­ге. Ал жыл­дамдықты 20-40 км/сағ көтеріп жіберсе, 10 АЕК, яғни  25 250 теңге төлеуі тиіс. Ал жыл­дамдықты 40 км/сағ-қа арттырса, 20 АЕК көрсеткіш 50 500 теңге айыппұл салынады.

– Қазақтілді ақпарат құрал­дарына бердіңіздер ме?

– Қазақша болған жоқ.

– Неге?

– Көбі орысша оқиды ғой

– Бізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі емес пе? Бәлкім, қала­лық әкімдіктің ресми сайтына, қалалық басылымдарға берген боларсыздар?

– Бердік қой деймін, қазір анықтайыншы...

Демек, мемлекеттік тілде хабарландыру жасалмаған. Қазақтілді жүргізушілер құлағдар болмаған. Оның үстіне, Ш.Бей­секова көшесіндегі жылдам­дыққа қатысты айыппұл төлеуге келгендердің көбі жылдам­дықтың төмендетілгені туралы ақпараттан бейхабар болғанын айтып отыр.

– Қалалық ішкі істер депар­таменті жылдамдықтың төмен­детілгені туралы халыққа хабар­ладық дейді. Тексеріп көрдім, хабарлапты. Бірақ, ақпараттың ортасында жүрген менің өзім оны сол мамыр айында көрмедім де естімедім. Әлеуметтік желі белсендісі болсам да, бейхабар бо­лып шықтым. Нәпақа табамын деп көлігімен шапқылап жүр­геннің бәрі телміріп теледидар мен сайт қарап отырмайды. Оған уақыты да жоқ. Жүргізушілердің көбі жылдамдық азайтылғанын әлі білмейді. Себебі, мен қазір ол жермен 60-пен өтіп жүрмін. Жанымнан 80-мен зыр етіп өтіп жатқандар өте көп. Демек, жұрт­шылық әлі бейхабар. Сондықтан, әлеуметтік желіде «Сақ болы­ңыздар!» деген жазба жария­ладым. Оны да жүргізушінің бәрі оқиды деп ойламаймын. Ең тиім­ді жолы – «60» деген белгі ор­нату, – дейді әлеуметтік желі белсендісі Азамат Кеңесұлы.

Оның пікірінше, қалалық полиция басқармасы «Сергек» камераларын қоюға жұмсалған қаржыны қайтарып алу үшін осындай амалға барып отыр.

– Басқа ой жоқ менде. Бұл жол учаскесінен зардап шек­кендер жүздеп саналады. Олар­дың бәрі наразы. Сондықтан даулы учаскеде зардап шек­кен­дерге рақымшылық жасалуы тиіс деп санаймын. Ал өзім айып­пұлымды түгел төлеп тастадым. Себебі, ІІД-мен дауласып жүр­генде іс сотқа өтіп кетуі мүмкін. Ал сот бәрібір мені кінәлі етіп шығарады. Сосын соттың комиссиясы, сот орындаушының комиссиясы бар, тағы сонша қаражат шығуы мүмкін. Ендігі мақсатым – зардап шеккендерді жинап, сотқа шағымдану. Жал­пы, астанада мұндай (жыл­дам­дығы ауыспалы) учаскелер бар. Мәселен, Тұран даңғылында Керей-Жәнібек хандардан басталатын жол учаскесі. Ол жерде де жүргізушілер шатасады. Сосын айыппұлға ұрынады. Мұны да оңай олжа табу үшін арнайы қойған деген ойға келесің. Айыппұл көлемі де тым көп. Айыппұл саларда халықтың күнкөріс деңгейі есепке алын­байды. Айыппұлдың жоғары­лы­ғын заңды қатайтумен байланыс­тыратын шығар. Бірақ, өзім – заң сақтап жүретін адаммын. Тәртіп­ті адамды дүбәра күйге түсіріп отырған – құқық қорғау орында­рының өзі, – дейді ол.

Жүргізушілер жылдамдық асырушыларға салынатын айып­пұлдың құны тым жоғары деп са­найды. Айта кетейік, биыл жыл­дамдықты 10-20 км/сағ арт­тыр­ғандар 5 АЕК көлемінде айып­­пұл төлейді, бұл – 12 625 тең­ге. Ал жыл­дамдықты 20-40 км/сағ көтеріп жіберсе, 10 АЕК, яғни 25 250 теңге төлеуі тиіс. Ал жыл­дамдықты 40 км/сағ-қа арттырса, 20 АЕК көрсеткіш 50 500 теңге айыппұл салынады.

2018 жылы күшіне енген Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес айыппұл 7 күннің ішінде төленсе, 50 па­йыз жеңілдік жасалады. Айып­пұлды уақытында төле­месе, іс сотқа жіберіледі. Онда қаулы шыққаннан кейін 30 күн ішінде төлеу қажет. Өйтпеген жағ­дайда жеке сот орындау­шы­лары сот үкімін орындату үшін көлік иесінің есеп-шоттарын жап­тыруға құқылы. Айыппұл көлемі 20 АЕК-тен асқандар шетелге шыға алмайды.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ