Қазір елордада 4 миллионнан астам жасыл желек бар. Ал «Жасыл белдеу» аумағында тағы 14 миллионға жуық ағаш өсіп тұр. Қалада жыл сайын кемінде 1 миллион ағаш, бұта және гүл отырғызылады. Жыл басынан бері Астанада 1 миллионнан астам жасыл желек егілді. Оның 700 мыңға жуығы көктемде, 400 мыңнан астамы күзде отырғызылды. Олардың қатарында шаған, жөке, қайың, қарағай, гортензия, тобылғы, сәлбен және сәндік тұқымды өсімдіктер бар.
Есіл ауданының жасыл қорында 240 мыңға жуық ағаш, 600 мың бұта, 65 мың шаршы метр гүлзар, 5 миллион шаршы метр көгалды және ұзындығы 117 мың метрден асатын жасыл қоршау бар. Биыл ауданда 70 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды. Көгалдандыру жұмысы Керей-Жәнібек хандар мен Ұлы Дала көшелерінің, Қабанбай батыр даңғылының және басқа да ірі магистральдардың бойында, сондай-ақ EXPO саябағы мен ҚТЖ гүлзарында жүргізілді.
Жыл басынан бері Байқоңыр ауданында 1 138 ағаш пен 11 930 бұта отырғызылды. Қоғамдық кеңістіктерге біржылдық гүлдер де егілді. Көктемде 556 ағаш отырғызылды. Атап айтқанда, Ататүрік саябағында 50 ағаш пен 30 бұта, «Амстердам» гүлзарында 185 ағаш егілді. Бұдан бөлек, көктемде ауданда 3 291 сәндік гүлді бұта отырғызылып, гүлзарлар жайқалды.
Күзде тағы 582 ағаш егілді. Оның ішінде Кенесары көшесіндегі №62-64 үйлердің маңына – 230, Абай даңғылының Республика даңғылы мен Уәлиханов көшесінің аралығына – 139, Пушкин көшесіндегі №2 және №4 үйлердің жанына – 104, Ататүрік саябағына тағы 50 ағаш отырғызылды.
Сонымен қатар күзде 8 609 сәндік бұта егілді. Аудандағы өзге де көшелер, гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктер көгалдандырылды. Өсімдіктерді күтіп-баптауға да ерекше көңіл бөлінеді. Былтыр Ж.Тәшенев көшесіндегі гүлзарға отырғызылған 80 алма мен алмұрт ағашы жерсініп, биыл алғашқы жемісін берді.
Сарайшық ауданында 75 мыңға жуық ағаш, 31 мың бұта, 10 мың шаршы метр гүлзар, 2,4 миллион шаршы метр көгал және ұзындығы 21 мың метрден асатын жасыл қоршау бар. Биыл ауданда 35 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды.
Жыл басынан бері Сарыарқа ауданында біржылдық және көпжылдық гүлдер мен бұталарды есептегенде, 333 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Сондай-ақ 4,4 мыңнан астам ағаш егілді. К.Күмісбеков көшесінде 500-ден астам ағаш пен 2,4 мыңнан астам бұта отырғызылды.
Алматы ауданының жасыл қорында 99,7 мыңнан астам ағаш, 68,1 мың бұта және ұзындығы 28,2 мың метр жасыл қоршау бар. 2026 жылы ауданда ағаштар, сәндік гүлді бұталар, көпжылдық гүлдер мен астық тұқымдас өсімдіктерді есептегенде, 42 332 жасыл желек отырғызылды.
Ал Нұра ауданында биыл 5,5 мыңға жуық ағаш, 75 мың бұта және 9 мыңнан астам көпжылдық гүл отырғызылды. Сондай-ақ көгалдандыру, құрылыс жобалары мен экологиялық акциялар аясында 500 мыңнан астам жасыл желек егілді.
