Шымкенттегі дәрігерлерді көшеге шығарған кім?
Шымкенттегі дәрігерлерді көшеге шығарған кім?
246
оқылды
Алайда Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы мен облыстық фтизиопульмонология орталығының алдында өткен шара көпшіліктің наразылығын туғызды. Себебі қаздай тізілген жүздеген медицина қызметкерінің дәл бұл уақытта ажалмен арпа­лысып жатқан науқастардың жанында болғаны ләзім дейді наразы топ. «Ел-жұрт аза тұтып, қабырғасы қайысып отырғанда мұндай көрініс ұйымдастыру көзге оғаш көрінеді, бұл – бей­берекетсіздік. Бұл көрініс меди­циналық көмекке қолы жетпей, бір жұтым ауаға зар болып жат­қан науқастарға, жақынынан қапы­да айырылған халықтың психо­логиясына ауыр соққы», – деді әлеу­меттік желідегі қоғам белсен­ділері. Кейбіреулер шілденің ми қайнатар ыстығында дәрігерлерді тізілтіп қойған бұл бассыздық деп есептеді. Шымкент қаласындағы бұл көрініске жергілікті билікті кінә­лаған топ та көп. Алайда Шым­кент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы наразы топқа әлеуметтік желіде видеосы тараған ақ халаттылардың қатысуымен өткен шараны қалалық Денсау­лық сақтау басқармасы ұйым­дас­тырмағаны туралы мәлімдеді. «Бейнероликтегі туберкулез диспансері Түркістан облыстық қо­ғамдық Денсаулық сақтау басқар­масына қарасты мекеме бо­лып табылады», – деп жауап берді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. Ал Түркістан облыстық қо­ғамдық Денсаулық сақтау басқа­р­масы баспасөз қызме­тінің мәлімдеуінше, медицина қыз­меткерлері Ұлттық медици­налық қауымдастығының президенті Айжан Садықованың дерттен қаза болған ақ халатты жандарды еске алуға арналған шарасына қолдау көрсеткен. «Ұлттық аза тұту күніне орай Түркістан об­лыстық фтизиопульмонология орталығының қызметкерлері өз еріктері бойынша коронавирус індетінен қаза болған жандарды еске алып, үнсіздік сақтады. Марқұм болған жандарды еске алу шарасы жұмысқа кедергі келтірген жоқ. Үнсіздік сақтау бір ми­нуттық шара болды. Ауру­хана қызметкерлері 11.53 те шығып, 12:02-де тарқады. Шара барысында барлық санитарлық талап сақталып, қадағалауға алын­ғанын хабарлаймыз», – делінген ресми жауапта. Жалпы, бұл мәселе тұрғы­сында қоғам екіге жарылып тұр. Жоғарыда атап өткен Ұлттық ме­ди­циналық қауымдастығының президенті Айжан Садықова барлық медицина қызметкеріне үндеу жариялаған. Онда көшеге шығуға мүмкіндігі бар медицина қызметкерлерін ақ халатымен сағат 11.50-де арақашықтықты 1 метрден сақтай отырып, мекеме алдына шығып, тура сағат 12.00-де қаза болған ақ халатты жандарды 1 минуттық үнсіздікпен еске алу­ға шақырған. Осынау шара респуб­лика көлемінде өтеді деп хабар­лаған. Үндеуге аты аталған мекеме қызметкерлері қолдау көрсетіп көшеге шығып, қаза болған әріп­тестерін еске алған. Медицина қызметкерлері әлеуметтік желідегі наразы топқа реніштерін білдіріп те жатыр. Раушан Базарбай есімді ме­дицина қызметкері өзінің Facebook парақшасына «Қадір­менді халайық, бізді ешкім мәжбүрлеген жоқ. Медициналық қауымдастықтан ұсыныс келді, біз қолдадық. Әр­қайсымыз бауырымыздан, ту­ы­сы­мыздан, жарымыздан айырыл­дық. Жұмыс барысында біз олар­дың жаназасына да бара алма­дық. Ең болмаса осылай еске алуға мүмкіндік беріңіздерші. Ешқандай науқас қараусыз қалған жоқ» деген жазба қалдырды. Тосыннан келген індет кезінде медицина қызметкерлері мен дәрігерлер өз өмірлерін қатерге тігіп, алдыңғы шепте жүргені баршамызға мәлім. Сондықтан бұл әрекет бізге оғаш көрінгенімен, олардың бұны талқылап жатуға да, мәселенің дұрыс-бұрыстығына көңіл аударып отыруға да уақыты болмағаны белгілі. Жоғарыдан ұсыныс келді, медицина қызмет­керлері көшеге шықты. Аза тұту күнінде қызмет орнында болмай, көшеге шыққаны дұрыс па? Мәселе осында.    width=     Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы