Бар дәріні жоқ қылған
Ем іздегендер көбейген кезеңде дәрі-дәрмекке сұраныс артуы заңдылық. Ел аумағында сұраныстың қаншалықты артқаны белгісіз, дегенмен бір ғана Шымкент қаласында 2,5 мың есеге өскені анықталып отыр. Осындай кезеңде дәрі тапшылығын қолдан жасағандар табылды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында фармацевт ең қажетті дәрілерді үйіне жасырған. 44 жастағы әйелден 2 500 трамадол мен 190 құты тропикамид тәркіленген. Ол осы дәрілерді жасырын жолмен қымбат бағаға сатқан. Ал Алматыда жансақтау бөлімінің меңгерушісі севофлуран, цефтриаксон, меобактрин, альбунорм, октагам және пропофол секілді тапшы дәрілерді жасырын сатып келген. Заңсыз сауданың арқасында азамат 1 млн 370 мың теңге қаржы жинап үлгерген екен. Осы секілді жағдайдан кейін көрші Ресейден дәрі алдырта бастаған жұртшылықты жазғырудың қажеті жоқ. Себебі қай адамға болсын, ем қажет болса, ел таңдамасы анық. Сондай қауырт кезеңнің бірінде келеңсіз оқиғалар да тіркеліп жатыр. Жуырда Павлодар тұрғынының Ресейден алып келе жатқан дәрі-дәрмегін шекарашылар тартып алған болатын. Абырой болғанда, қажетті дәрілер иесіне қайтарылыпты. Ал дәріханалардағы тапшылыққа кімдер кінәлі?Дәріханалар әлегі
10 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында пандемия кезінде дәрі бағасын шарықтатып, дәрі тапшылығын қолдан жасағандарды қатаң жазалауды тапсырған болатын. Дәрі тапшылығы қоғам наразылығын тудырған бетте әр өңірде қоғам белсенділері жауапты орындармен бірігіп, дәрі-дәрмек қоймалары мен дәріханаларға тексеріс жүргізе бастаған. Алайда қоймалардың көбінде дәрі жеткілікті екені жиі хабарланады. Демек, дәрі бар, бірақ не себепті дәріханаларда қажет дәрінің жоқ екені белгісіз. Парадокс. Кімнің жауабына сенерін білмей, екі ортада халық әбігерге түседі. Осы секілді тексерістер нәтижесін білмекке тырысқан едік. Маңғыстау өңірінде де дәрі таппай сенделген жұрттың қарасы көп. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Аят Исатайұлы бұған қатысты әлдекімдердің жауапсыздығы себеп болып отырғанына көз жеткізгенін айтады. – Қоймалар толы, дәрі-дәрмек жеткілікті дейміз. Шындығында, олай емес. Ақтау қаласында барлығы 146 дәріхана бар. Соның 20-сында ғана қажетті дәрілер сатылып жатыр. Ал қалғанында жоқ. Дәріхана иелері дәрі сұратса «қоймада таусылған» деп жауап алады екен. Бірақ 20 дәріхана дәріні қайдан алып отырғаны түсініксіз болған. Президент өз сөзінде «СК-Фармациядан» бастап тексеріс жүргізу керегін айтты. Расында да, қоймадағы дәрілерді таныстық арқылы жымқырып отырғандар бар екен. Оған дәріхана иелерінің бір-бірін кінәлап шыға келгені дәлел. Кімнің ықпалы күшті, сол қоймадан дәрілерді алып, әрі қарай білгенін жасаған. Тексеріс әлі жалғасуы тиіс. Әйтпесе, дәрі тапшылығы тыйылмайды, – дейді қоғам белсендісі. Азаматтың пікіріне сүйенсек, елдегі дәріханалардың барлығына түбегейлі тексеріс жүргізу қажет болып тұрған сыңайлы. Онсыз дәрі іздеген жандардың азаймауы мүмкін. Дәрі табыла қалған күннің өзінде оның бағасына қатысты көңіл толмайтын тұстар бар. Мысалы, Тараз қаласында 80 теңге тұратын цитрамонды 250 теңгеге, 170 теңгелік цеф-3 антибиотигін 1 500 теңгеге саудалағандар кездесті. Осыған орай, еліміздің барлық аймақтарында дәрі бағасын негізсіз қымбаттатып сатқан жағдайда хабарласуға болатын IKomek орталығының телефон нөмірлері жарияланған еді. Біз осы орталыққа хабарласып, мән-жайды сұрап білген едік. – Дәрі бағасы нақты мынадай теңгеден аспау қажет деп айта алмаймыз. Тек бір азамат дәрі сатып алғанда бағасына көңілі толмай, қымбат екенін айтып бізге хабарласса, дәріхананың мекенжайын біліп, арнайы тексеріс жүргіземіз. Егер дәрі бағасын әдейі қымбаттатып отырған дәріхана екені расталса, шара қолданамыз. Қазір тек Нұр-Сұлтан қаласы бойынша шағымдарды қабылдауға кезекпен жұмыс істейтін 60 оператор жұмылдырылған. Коронавирусқа байланысты 304 мың қоңырау келіп түсті. 5 шілдеден бастап, яғни 1 аптадан астам уақыттың ішінде дәріханалардағы дәрі бағасына байланысты 201 шағым түсті. Ал дәріханада қажетті дәрінің жоқ екенін айтып, 75 адам хабарласты. Барлығы ескеріліп, тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Шағымдар тиісті орындарға жолданды, – дейді орталықтың баспасөз хатшысы Лаура Жолдасбекова. Қорыта айтқанда, дәрі-дәрмекке зәру елдің шағымы орынды екені анық. Себебі қоймада бар дәрінің елге жеткенше талан-таражқа түсуі – алыпсатарлардың көбейгенін аңғартады. Сондықтан бұл тұста дәрі тапшылығымен ғана емес, ортадағы жасырын делдал мен бағаның аспандап кетуімен де күрескен жөн. Әйтпесе, қысылтаяң шақта адам өмірі тұрғанда, дәрі таппаған жұрттың наразылығы мен көрші елге сабылғандардың қарасы үзіле қоймайтыны аян.Мадияр ТӨЛЕУ