Халықтың назасы һәм Президенттің ызасы
Халықтың назасы һәм Президенттің ызасы
125
оқылды
«СК-Фармация» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі 2009 жылы ақпанда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жанынан құрылған. Компания Денсаулық сақтау министрлігінің меншігінде. Дәрі-дәрмек дүрбелеңіне тікелей жауапты мекеменің басқарма төрағасы болып Ерхат Есқалиев та­­ғайын­далды. 44 жастағы Есқа­лиев бұған дейін Ұлттық кәсіп­керлер палатасының Көлік логи­с­­­ти­касы ішкі комитетінің төра­­ғасы қыз­метін атқарған. Ол Мем­­лекет бас­шы­сының сынына ұшырап, жұ­мысынан айырылған Берік Шәріптің орнына келді. 10 шілдеде өткен Үкімет отыры­сында Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға: «Кейінгі 15 жылда осы ұйым («СК-Фармация» – ред.) туралы естіп жүрмін. Бәрі сонда жұмыс істегісі келеді, бұл ұйымның айналасында қандай да бір кландық мүдделер бар», – деп күдік білдірді. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Алик Шпекбаевқа ұйымды жемқорлық қатері бо­йынша тексеруді тапсырды. Сон­дай-ақ Президент компания бас­шысы Берік Шәріпті жұмыстан босату­ды бұйырып, қажет болса, оның үс­тінен қылмыстық іс қозғау керегін айтты. Жалпы, жаз айларында COVID-19 індеті мен белгілері коро­навирусқа ұқсайтын пневмо­ния өршіп, ауруханалар аузы-мұр­нынан шығардай лық толды. Өз-өзін емдеуге мәжбүр болған адамдар жаппай дәріханаларға лап қойды. Көп ұзамай дәріханаларда парацетамол секілді дене қызуын түсіретін қарапайым дәрілердің өзі бітіп қалды. Денсаулық сақтау министрлігі дәріханаларды қамта­масыз еттік дегенімен, дәріха­на­лардың алдындағы ұзын-сонар кезек бірнеше аптаға жалғас­ты. Дертіне дауа іздеген жұрт қала кезіп, іздегенін таба алмай жүр­геніне шағымданды. Қазақстанның медициналық ұйымдарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мін­детті «СК-Фармация» жұмысына сын көбейді. Үкімет отырысында Тоқаевтың сауалына жауап берген Алексей Цой компанияның отандық дәрі өндірушілерді қолдап отыр­ғанын, соның арқасында елдегі фармацевтика өндірісінің үлесі жыл сайын 22 пайызға артып отыр­ғанын алға тартты. Одан бес күн бұрын дәрі тапшылығының себебін түсіндіруге тырысқан вице-премьер Ералы Тоғжанов «Қа­зақстан дәрінің 13 пайызын ғана өндіреді, қалғаны импортталады» деген. Қарама-қайшы сандардың қайсына сенесіз, патша көңіліңіз білсін. Ал «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» (ӘМСҚ) жаңа басшысы – Болат Төкежанов. Алексей Цойдың сөзінше, Болат Тұрғанұлының денсаулық сақтау жүйесінде тәжірибесі мол, саладағы ең маңызды реформаларды жүзеге асыруға тікелей қатысқан, барлық проблеманы іштен жақсы біледі. «Қазір еліміздің денсаулық сақтау саласы қиын кезеңді бастан өткізіп отыр, бұл ретте коронавирусқа қарсы күрес шараларының шы­ғынын өтеуде сақтандыру қоры­ның рөлі өте маңызды», – дейді министр. 48 жастағы Болат Төкежанов – Қазақ мемлекеттік бас­қару ака­демиясын экономист маман­дығы бойынша (1994 жыл), Қа­зақстан Президенті жанын­дағы Мем­лекеттік басқару акаде­миясын мемлекеттік және жергі­лікті басқару мамандығы бойын­ша (магистратура, 2010 жыл) тәмам­даған. Бұған дейін дейін Денсаулық сақтау министрлігінде жауапты хатшы, вице-министр қызметтерін атқарған. Қордың экс-жетекшісі Айбатыр Жұмағұловтың жайы не бол­мақ? Пандемия ушыққан тұста басы дауға қалған шенеу­нік алдымен дәрі-дәрмек тапшы­лығы, ПТР талдауының жоқ­ты­ғы, ауруханадағы ахуалдың қиындағаны үшін біраз сөгіс есті­ді. Тәуелсіз зерттеуші Гүлбану Әбенова мем­лекеттік сатып алулар дерегі негізінде қордың салық төлеу­шілер ақ­шасын үлкен көлемде ысы­рап қыл­ғанын әшкереледі. Айбатыр Жұмағұловтың жары, белгілі тележүргізуші Гүлбаршын Зайырова жақында күйеуі сый­лаған он екінші автокөлігімен мақ­танып пост жазып, отқа май құй­ды. Әрине, бұл жаңалықты еле­мей-ақ қоюға болар еді. Әйеліне аспан­дағы айды әперсе де әркімнің өз ер­кі емес пе? Бірақ жұрттың шулай­тын жөні бар. Себебі меди­циналық сақтандыру қоры – Үкімет жар­лығымен құрылған акцио­нерлік қоғам. Ал оның басшысы – салық төлеушілер есебінен жала­қыға өмір сүретін шенеунік. «ӘМСҚ басшысы осыншама ақшаны қайдан алған? Сол ақшаға қаншама маска, қаншама дәрі-дәрмек, өкпені желдететін құрылғы, анти­септикалық құрал сатып алуға болар еді» ғой деп желіні желдет­кендер көп. Іле-шала Медициналық сақтандыру қорының Қоғаммен байланыс департаментінің бас­шысы Ермек Болтаев осы жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның пікі­рінше, біреулер Айбатыр Жұмағұловқа қарсы қасақана кам­пания ұйымдастырған. «Мен қазірдің өзінде осындай 15 жазбаны есептедім. Мен болжай аламын және менің болжамдарым нақты фактілерге негізделген, 15 рет біреудің әйелі туралы жазу не­месе 15 рет бұл барлық төлем ар­­қы­­­лы таргеттеу яғни адамдардың бел­­­гі­­­лі бір мүдделері бар», – дейді Болтаев. Жұмағұловтың соңына шам алып түскен кімдер екенін қай­дам, бірақ онсыз да бұл қордың жұмысына байланысты сын жетіп артылатын. ӘМСҚ Үкіметтің 2016 жылғы 1 шілдедегі қаулысы не­гізінде құрылып, 2017 жылдан жұмыс істей бастады. Содан бері ел азаматтары табысының бір бөлігін қорға аударып, медициналық қызметті сақтандыру қорына тө­леген жарнасы есебінен алуға тиіс еді. Шенеуніктер бұл қадамды меди­циналық қызмет сапасын жақ­сарту мақсатында жасағанын мәлім­дейді. Primeminister.kz сай­тында 16 қаңтарда жариялан­ған ақпаратқа сүйенсек, қазақстан­дықтардың 97 пайызы – МӘМС қатысушылары. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде аударымдары мен жарналарының жалпы сомасы 246,9 млрд теңгеге жеткен. Алайда тұрғындардың ойынша, бәлендей өзгерген ештеңе жоқ. Коронавирус асқын­ған кезеңде сақтандыру қоры ПТР талдауы секілді ең қажет медици­налық қызмет шығындарын көтермей отыр.  

еркебуланЕркебұлан НҰРЕКЕШ