Иттің күнін кешкен итбалық
Итбалықтың басына төнген қауіп сейілер емес. Мәселен, күні кеше ғана әлеуметтік желіде Каспий жағалауында демалып жатқан адамдардың итбалыққа тас лақтырған видеосы тарап кетті. Онда су жануары адамдарға шабуыл жасау ниетінсіз жағаға жақындаған. Өкінішке қарай, отандастарымыз қауіп тудырмайтын аңға жабайылықпен тас лақтырып, қатыгездік танытты. Қоғамда осындай жағдайлар жиіліп кетті. Осы жайтты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көргенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке балаларды қоршаған ортаны қорғауда тәрбиелеу ісіне баса мән беру қажетін айтып тапсырма да берді. «Адамдарға жылдар бойы табиғатты ластамау керегі түсіндірілмеген. Бұл – бір. Екіншіден, жануарлар әлемі туралы. Жақында Маңғыстау облысының Ақтау қаласында бір оқиға болды. Онда адамдар итбалықтарды таяқпен, таспен ұрып жүр. Екінші жағынан балалар мен жасөспірімдерді бұл қылықтары үшін тағы кінәлай алмайсың. Себебі үйде болсын, мектепте болсын, оларға бұл әрекеттің дұрыс емес екенін ешкім де түсіндірмеген. Мен итті қылқындырып, күшікті өртеп жіберетін «қатардағы» жағдайларды айтып тұрған жоқпын. Менің ойымша, Аймағамбетов бұл мәселеге байланысты ойлануы тиіс», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Әсел Баймұқанова – Каспий итбалығын бірнеше жылдан бері зерттеп келе жатқан эколог. Оның сөзінше, итбалықтарды теңізде ғана емес, құрлықта да адамдардан қорғау қажеттігі туды. Мәселен, бұған дейін мекен етіп келген Кендірлі шығанағына итбалықтар мүлде келмейтін болған. «2016 жылдың күз мезгілінде онда 400 бас итбалықтар мекендеген, 2018-2019 жылдары бірде-бір мұндай жануар кездеспеді. Бұл сұмдық. Біз итбалықтар қалаған жерде еркін өмір сүруі үшін табиғи аумақтардың статусын көтеріп, теңіз жануарларының құрлыққа шығып жататын жерін адамдардан қорғауымыз керек. Онымен қоса, жергілікті тұрғындармен де жұмыс жүргізу қажет. Себебі Каспий теңізінің жағалауын мекен ететін халық бұл түрдің ерекше екенін түсіне бермейді», – деді Әсел Баймұқанова. Ол итбалық трансшекаралық жануар болғандықтан, оны қорғауда мемлекетаралық зерттеу ұйымдастыру қажет екенін айтты. Осы уақытқа дейін Каспий итбалықтары туралы үш фильм дайындап үлгерген Әсел теңіз сүтқоректісінің басында туып отырған проблемаларды көпшілікке осылай жеткізуге тырысып жүр.Өзгеге мазақ болдық
Итбалыққа жасалған қатыгездікті өзімізді былай қойғанда, өзге елдің ақпарат құралдары да жазды. Мәселен, шетелдік dailymail.co.uk сайты «Қазақстандық туристер итбалықты аяусыз ұрып тастады» деген тақырыпта материал жариялады. Онда «Жантүршігерлік оқиға Каспий теңізінің шығыс жағалауында түсірілген. Видеода жағаға жақындаған жануарға таяқпен және таспен шабуыл жасағаны көрінеді. Қатыгездікті көру үшін көп адам жиналған, зорлық-зомбылықты ешкім тоқтатқан жоқ. Куәгердің айтуынша, олар итбалықты есінен танғанша ұрған. Содан кейін олар көңіл көтеру үшін оны судан шығарып, суретке түсірген. Ал одан кейін қимылсыз жануарды қайтадан теңізге лақтырды» деп жазды. Бұл ақпарат әлеуметтік желіде таралған соң, мыңдаған шетелдік пікір қалдырып, қызу талқыға салды. Олар «осындай әдемі жануарды қалай қорлауға болады?», «адамдар қатыгез болып барады», «болашақ ұрпаққа қоршаған ортаға деген құрметтің мәнін үйретуіміз қажет», «жануарларға осындай қатыгездік танытқан қандай ел?», «табиғатқа деген құрмет жоқ, өкінішті», «өзге адамдар неге қарсылық көрсетпеген?» деген секілді пікірлерімен қатаң сынға алды. Зерттеуші Халида Әжіжұлова жануарларға жасалған қиянат тәрбиеге барып тірелетінін айтады, қоршаған ортаны қорғау мәселесін бала санасынан ертеден сіңіру қажеттігін айтады. Оның сөзінше, мәселе бүгін қолға алынбаса, ертең кеш болады. «Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қозғаған мәселелерінің ішінде ерекше әсер қалдырғаны жан-жануарларға деген қарым-қатынас пен оларды қорғау керегін баса айтқаны. Бұл расымен біздің қоғам үшін түйткілді мәселе. Себебі азаматтардың жан-жануарларға деген теріс әрекеттерін әр кезде әлеуметтік желіден көріп жүрміз. Сондай-ақ балаларға қоршаған ортаны қорғау, оған зиянын тигізбеу туралы ерте жастан айтып, тәрбиелеген жөн. Осы орайда Мемлекет басшысының жаңа пән енгізуді тапсыруы – құптарлық іс. Одан бөлек, бастауыш сыныптарда адам және жаһандық құқық деген пәнді жүргізу қажет», – деді. Балалардың жануарларға көрсеткен зәбірі балалық дейік, ал үлкендердің әрекетін қалай ақтап аламыз?Кешенді зерттеу жоқ
Қазіргі таңда Каспий теңізінде қанша итбалық бары белгісіз. Өткен ғасырдың 20-жылдары 1 миллиондай итбалық болса, қазір ол 90 пайызға дейін азайып кеткен деген деректер бар. Мамандар қазір Каспий теңізінде 100 мыңға жетер-жетпес қана итбалық қалғанын айтады. Бірақ бұл нақты мәлімет емес. Тиісті министрліктен жауап ала алмадық. Бұл кешенді зерттеудің жоғын көрсетсе керек. Маңғыстау аумағының өзінде жыл сайын мыңдаған итбалық қырылады. Былтыр Қазақстан мен Ресей Каспий теңізінің экологиясын зерттейтін бірлескен бағдарлама әзірлеген. Оған сәйкес, итбалықтардың санағы да жүргізілетіні айтылған еді. Алайда нәтиже көрінбейді. Елдегі итбалықтарды қорғауға арналған арнайы аумақ құру туралы ұсыныс болған. Бұл қорық немесе резерват болуы мүмкін. Ал экологтар арнайы аймақ құрумен мәселе шешілмейтінін айтып, итбалықтар нақты бір жерді мекен етпейтіндіктен, тұтас теңізді қорғауға алу қажеттігін бірнеше мәрте көтерген еді. Бізде жыл сайын су жануарларының азаю себебін жұқпалы аурудың кесірі деп түсіндіреді. Алайда бұл жерде техногендік сипаттың да бар екенін ескерген жөн секілді. Каспий өңіріндегі мұнай барлау және пайдаланудың да теріс әсерлері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Жалпы, әлемде итбалықтың 22 түрі бар болса, Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» оның 4 түрі енген. Мамандардың айуынша, итбалықтардың түйсік қабілеті жақсы дамыған. Олар денесіне қатты соққы тисе, көзінен жас шығарып жылайды, ал жақсы әуен болса тапжылмай тыңдайды екен. Осы қасиеттеріне қарап оны дельфинмен теңестіруге болатын секілді. Ал осындай сезімтал жаратылысқа қалайша қиянат жасауға болады?!Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ