Айя София: мешіт пе, музей ме?
Айя София: мешіт пе, музей ме?
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
648
оқылды
Бұл діни қажеттіліктен туған шешім бе, әлде саяси қадам болды ма, аражігін анықтау оңай емес. Себебі Түркия мұсылмандары Айя Софияның қайта мешіт атануын талап етсе, христиан әлемі, Батыс елдері оған қарсы болды. Алайда Ердоған өз шешімін шығарды. Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде жайғасқан құлшылық орнының тарихы бай. Рим императоры Константин І іргесін қалаған ғибадатхана сан рет өртеніп, қайта салынған. Ол заманда Византия императорлары ғимаратты тек шіркеу ретінде ғана емес, басқарып отырған мемлекетінің әлеуетін көрсету үшін де тұрғызды. Соның бірі – Юстиниан І еді, ол мақсатын жүзеге асыру үшін соборды 10 мың жұмысшыға салғызды. Алайда 1453 жылы Осман импе­риясының сұлтаны Мехмед ІІ Конс­тантинопольды жаулап алған соң София соборы мешітке айналады.  Уақыт өте онда фрескалардың беті ғана боялып, негізгі суреттер өзгеріссіз қалады. Білетіндер мұны «христиан дініне құрмет үшін жасалды, себебі ислам талабы бойынша сурет атаулының бәрін өшіруге болар еді», – дейді. Имам уағыз айтатын мінбер қосылады. Ғимаратқа 4 мұнара салынып, мешіт кейпіне енеді. Осман империясының басқа сұлтандары да мешітте жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қабырғаларын нығайтқан. Ғимарат 1931 жылға дейін, яғни 5 ғасырға жуық мешіт ретінде мұсылмандарға ашық тұрды. Кейін 4 жыл жабылып, 1935 жылы Мұстафа Кемал Ататүріктің шешімімен 1935 жылы музейге айналады. Осы кезде боялған фрескалардың бетінен сыланған бояулар алынып тасталады. Османдықтардың ғимараттағы бейнелерді сақтап қалуы көне өнер туындысын о бастағы қалыпта көруге мүмкіндік берді. Ал 1985 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енді. Араға 85 жыл салған соң Айя София қайта мешіт ретінде құлшылық орнына айналмақ. 10 шілдеде Түркияның мемлекеттік кеңесі (елдің жоғарғы әкімшілік соты) 1935 жылғы шешімнің күшін жойды. Әрине, бұл аяқасты қадам емес. Түркияда Айя Софияның қайта мешіт болуын талап еткен мұсылмандар о бастан жеткілікті еді. Алайда ғимараттың тек музей қалпында қалуын емес, қайта христиан соборы болуын талап еткен бастамалар осыдан 13 жыл бұрын АҚШ-та басталды. 2007 жылы сол елде «Қасиетті Софияны азат ету кеңесі» қозғалысы пайда болып, оның құрамына саясаткерлер мен кәсіпкерлерлер кірген еді. Ал 2016 жылы әлі музей болып тұрған шағында Рамазан айында онда қасиетті Құран оқылып, телеарна арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Бұл әрекетке Грекияның сыртқы істер министрлігі наразылығын білдірді. Ол тегін емес. Себебі Грекияда мемлекеттік дін –христан діні. Ал Айя София христиан діні бірнеше бағытқа (православ, католик, протестант және тағы басқалар) бөлінбей тұрғанда салынған әрі Византия империясы кезеңінде бастапқы христан бағытының символына айналған еді. 2018 жылы Түркияның Консти­туциялық соты жеке ұйымның өтінішін қарап, Айя София мәртебесі музейден мешітке айнала алмайтыны туралы шешім шығарды. Дегенмен келесі жылы Түркия президенті Реджеп Таийп Ердоған бұған кереғар ой айтты. Ол: «Кез келген дін өкілі турист ретінде Көк мешітке кіре алады. Сол секілді Айя Софияның да мәртебесін өзгертіп, музейден мешітке айналдыруға болады» деген еді. Яғни, бұл ұзақ уақыттан бері пісіп, жетілген қадам екенін көріп отырмыз. Ердоған Батыс, христиан әлемі қарсы болатынын біле тұра, ойын жүзеге асырды. Неге? Әрине, болжам аз емес. Соның бірі – Ердоған ел азаматтарының қолдауын тапқысы келді. Себебі 15,5 млн халық тұратын Стамбұлда 3 100-ден аса мешіт бар. Яғни, қала тағы бір мешітке аса мұқтаж бола қоймаған. Бұл қажеттіліктен тумағаны, шын мәнісінде саяси шешім екенін көрсете түседі. 2019 жылғы қала басшыларының сайлауында Стамбұл мен Анкара мэрі қызметіне оппозиция өкілі сайланды. Бұл Ердоған партиясының позициясы әлсірегенін көрсетті. Кезінде «Кім Стамбұлды алса, сол Түркияны алады» деп президенттің өзі мойындаған еді. Ердоғанды Түркияда негізінен дінге жақын азаматтар қолдайтыны белгілі. Сондықтан оның өз риторикасында, сайлауалды кампаниясында саяси істерге діни рең беріп, ұрандатып,  қолдаушыларын рухтандырып отыратын әдеті бар. 2023 жылы президент сайлауы келе жатыр. Ердоғанның жағдайы мәз емес. Коронавирусқа дейін оны Түркия азаматтарының тек 41 пайызы қолдаса, пандемия кезінде оның рейтингі 55 пайызға өскен. Сайлауда жеңуге жеткіліксіз, алда бәрі де болуы мүмкін. Сондықтан Ердоған Айя Софияны мешітке айналдыру арқылы елдегі мұсылмандар арасында өзінің қолдауын да, абыройын да арттырғысы келген шығар. Өйткені Түркиядағы 83 млн халықтың 99 пайызы мұсылман (Үкіметтің ресми мәліметі, шын-өтірігін анықтау қиын). Сырттай қарасаңыз, конституциялық өзгеріске дауыс беру алдында Ресей президенті В.Путиннің КСРО-ны көксеген, орыс ұлтын ұлықтаған пафостық сөздеріне ұқсас. Саясаткерлердің ешбірінің шешімі тегін емес. Бұдан бөлек, Айя Софияны мешітке айналдырған сұлтан Мехмет ІІ. Ол  Осман тарихында құрметті тұлға саналады. Ердоған да Айя Софияны қайта мешіт ету арқылы өзін соның деңгейіне шығарғысы келген болар. Әрине, екеуін салыстыруға келмейді. Алайда егер түркиялық мем­лекеттік пропаганданы қосып жіберсе, оған сеніп қалатындар табылар. Бұл дегеніңіз –  қосымша саяси ұпай. Айя Софияның мешітке айналуына ЮНЕСКО, Еуроодақ, Ресейдің, Грекияның, АҚШ-тың дін өкілдері (православ) қарсылығын білдірді. Оған қоса, дәл осы Стамбұлда әлемдік православ шіркеуінің орталығы бар. Жетекшісі Константинополь патриархы Варфоломей. Ол «миллиондаған христиан исламға қарсы шығуы мүмкін» деп төндіріп, наразылығын танытты. Осыған қарамай, Ердоған өз шешімін қабылдады. Сарапшылар бұл АҚШ-тың өз елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіруіне жауап деп жатты. Әрине, саяси салмағы жағынан сайма-сай қадам деу қиын, бірақ екеуі де діни мәнге ие саяси бетбұрыс екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бәлкім, Түркия президенті осы арқылы Батыстың қысымын ескермей, тәуелсіз шешім шығара алатынын көрсеткісі келген болар. Өйткені Түркия Еуроодаққа кіремін деген ниетінен бас тартты. Кәрі Құрлық Түркияны құрамына қоспасы анық болды. Оған қоса, Сирия босқындары үшін Еуропамен ара-қатынасын бұзып бітті. Ал АҚШ уәде берген F-35 жойғыш ұшақтарын сатпайтын болды. Басқаша айтқанда, Ердоған Айя Софияны мешіт ету арқылы Батыс, христиан әлеміне жоғарыдағы өкпе-реніштері үшін жауап бергендей. Саясаткерлер шешімі тегін емес. Айя София мешіт ретінде есігін 15 шіл­деде ашпақ. Дәл осы күні 4 жыл бұрын Түркияда әскерилер мемлекеттік төң­керіс жасауға тырысқан еді. Ал 29 мамыр күні сол кездегі музейде (Айя Софияда) Құран оқылды. Содан кейін оны мешітке айналдыру бастамасы жиі көтерілді. 29 мамыр –  османдықтар 1453 жылы Константинопольды жаулап алған күн. Яғни, даталардың сәйкес келуін қарасақ, Ердоған бұл қадамды бұрыннан жоспарлаған секілді. Енді көпшілікті екі сауал мазалап тұр. Біріншісі – мешітте ислам талабы бойынша адам бейнесі салынбауы тиіс. Ендеше ғимараттағы фрескаларды өшіре ме, матамен жаба ма, әлде османдықтар секілді бетін бояумен шектей ме? Себебі сақ болмаса,  XVII ғасырлық тарихы бар көне өнер туындыcына зиян келтіреді. Екіншісі – ЮНЕСКО 1985 жылғы шешімін қайта қарап, жауап ретінде Айя Софияны әлемдік мәдени мұра тізімінен шығара ма?  

Нұрмұхамед БАЙҒАРА