Күлтөбеден көне жәдігер табылды
Күлтөбеден көне жәдігер табылды
«Күлтөбе қалашығы» ар­хеологиялық паркінің ресми сайтының хабарлауынша, Түркістан қаласындағы ар­хеологиялық зерттеу жұ­мыстарын Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жүргізіп жатыр. Жуырда қазіргі Түркістан облысындағы ескерткіштерді қазу, зерттеу барысында зер­герлік бұйымдар табылды. Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жобасының ғылыми қызметкері, археолог әрі реставратор Руслан Шер­баевтың болжамынша, күл­төбелік зергерлік бұйым, құрал-саймандардың екі түрі бар. Бірі – зергерлік, яғни XIX ғасырға жататын ою-өрнек пен зер салуға арналған құрал-саймандар. Соның бірі темірден жасалған. Өте нығыз, ұзындығы – 12 см, түп жағы сүйір, үшкір. Екіншісі – мыстан жасалған, іші қуыс. Құралдарды зерттеу барысында мұны жергілікті зергер, ұсталар ұзақ уақыт бойы қолданғаны анықталған. jadiger1 Руслан Шербаевтың айтуын­ша, зергерлік құралдарды реставрация жасағанда оның бастапқы табылған кездегі қалпын сақтап қалуға баса мән берген жөн. «Күлтөбе қалашығын қазу, зерттеу барысында зергерлік бұйымдар жиі шығады. Жәдігерлер пішіні жағынан бір-біріне ұқсас келеді. Кө­бісінде қаңлылар дәуіріне жататын ертедегі полихромды стильдегі нақыш, ою-өрнек түріндегі бейнелер жиі кез­деседі. Археологиялық қазба жұмыстарын зерделеу, сақтау, зерттеу кезінде жәдігерлер жиынтығы ежелгі және кейінгі орта ғасырлардағы зергерлік өнер  жәдігерлерімен үнемі толықтырылады. Алтын, күміс, қола, мыстан жасалған қолөнер бұйымдары сол кездегі халықтың өмірінен хабар береді», – дейді археолог. Ал «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын рес­таврациялау» жобасының ғылы­ми қызметкері Айсұлу Ержігітованың айтуынша, құралдармен бірге қалашықта мыстан жасалған құйма табылды. Түрлі-түсті металдардан жасалған құймалар Күлтөбе қалашығынан табылған қолөнер бұйымдарына әртүрлі заттар қолданылғанын растайды. Құйманың көлемі – 6х4 см. Ені – 0,8 см, салмағы – 150 грамм. Археологтардың болжамынша, құрал әйелдердің сырғасын құюға қолданылған. Қалашықтан табылған зергерлер соққан бұйымдарда ақ түсті металдан құйылған білезік, оның беткі тұсында өсімдікке ұқсас ою-өрнек бейнеленген. Мыс білезікпен бірге мыстан соғылған жүзік те бар. Мыс бұйымдар әлі де зерттеліп жатыр.  

Н.БАҚЫТ