АҚШ Иранның Сыртқы істер министрі Мұхаммед Жавад Зарифке қарсы санкция жариялады. Жаңа шектеулер Иран дипломатының АҚШ-тағы активтерін бұғаттап, оның халықаралық іссапарларына әсер етуі мүмкін.
Шілде айының ортасында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Мұхаммед Жавад Зарифке виза берілетінін, бірақ ол Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінің айналасындағы алты орам жерде ғана жүруге мүмкіндік алатынын мәлімдеген. Республикалық сенатор Ренд Пол Твиттердегі парақшасында «Дипломаттарға санкция салсаңдар, елдер арасындағы дипломатия да азаяды» деп жазды. Трамп әкімшілігі Иранмен диалогқа дайын екенін, бірақ келіссөздерді Зарифпен жүргізгісі келмейтінін айтады. Әкімшілік шенеунігінің мәлімдемесінде Зариф «Сыртқы істер министрі емес, Иран билігінің насихатшысы» деп аталған. Өз кезегінде Мұхаммед Жавад Зариф те Твиттерде АҚШ президентінің шешіміне қатысты ойын жазды. Ол «АҚШ-тың мұндай қадамға баруына (менің) Иран үкіметінің әлемдегі негізгі өкілі болуым себеп. Бұл шынымен сендердің шымбайларына қатты бата ма?» деп жазды. Иран дипломаты сондай-ақ санкциялардың өзіне әсер етпейтінін, өйткені шетелде активтері жоғын айтты. «Мені өздерің үшін ең үлкен қауіп көргендеріне рақмет» деді ол.
Иран мен АҚШ текетіресі бұрыннан жалғасып келеді. АҚШ бастаған батыс мемлекеттері Ираннан ядролық қару бағдарламасын жабуды талап етіп, санкциялар жариялаған. 2015 жылы АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама тұсында Иранды санкциялар бұғауынан босатып, батыс мемлекеттерінің ресми Тегеранмен қарым-қатынасын түзеген келісім жасалды. Өткен жылы Дональд Трамп Иран келісімінен шығатынын мәлімдеп, АҚШ-тың Иранға қарсы экономикалық санкциялары қайта күшіне енді.