Солтүстік Корея зымыран ұшырды
Солтүстік Корея зымыран ұшырды
193
оқылды

Апта басында Солтүстік Корея Вонсан портына жақын жердегі Кальма аймағынан қысқа қашықтықтағы екі зымыран ұшырды. 30 шақырым биіктікте 250 шақырым қашықтыққа ұшқан зымырандар Жапон теңізіне барып құлаған. Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі Чжон Кен Ду бұл жолғы зымырандардың осыған дейін сыналған қару үлгілерінен ерекшеленетінін айтты.

Өткен жылы АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескен Сол­түстік Корея басшысы Ким Чен Ын диалогқа дайын екенін біл­діріп, ядролық қару сынақтарын доғаруға келіскен. Өз кезегінде рес­ми Пхеньян АҚШ пен Оңтүстік Кореяға бірлескен әскери жат­тығу­ларын өткізбеу талабын қойған. Соңғы уақытта Корей түбе­гіндегі әскери жаттығулар саны қысқарғанымен, АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен қимылдары тоқтаған жоқ. Кезекті әс­кери жаттығу тамыз айына жоспарланған. Солтүстік Корея өз шекарасына жақын маңдағы әскери қимылдарды «соғысқа дайын­дық барысы» деп қабылдап, өзіне қарсы ұйымдастырылған қауіп көреді. Сон­дық­тан Солтүстік Корея билігі сейсенбі күні таңға жуық ұшырылған зы­мыранды көршісіне жасалған «салтанатты ескерту» деп атады. Ва­шингтондық сарапшы Харри Казианистің пікірінше, зымыран сы­нағы «сендер әскери жаттығуларыңды доғармасаңдар, біз әскери қуа­тымызды көрсетуді жалғастыра береміз» дегенді біл­діреді.

Бейсенбі күні Ұлыбритания, Франция және Германия Солтүстік Кореяны АҚШ-пен келіссөзге келуге шақырды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінде жабық есік артында өткен талқылаудан кейін «Пхеньян ядро­лық қару бағдарламасынан бас тартпайынша, Солтүстік Кореяға салынған халықаралық санкциялар өз күшінде қалуы керек» деген мәлімдеме жасалды.

Маусым айында Дональд Трамп пен Ким Чен Ын демилитариза­ция­­лық зонада кездесіп, ядролық қарудан бас тарту бойынша келіс­сөз­дерді қайта жандандыруға келіскен. Ресми Пхеньян «әскери жат­­тығулар аталған келіссөз барысына әсер етуі мүмкін» деп ескерт­кен. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Пампео алдағы уақытқа До­нальд Трамп пен Ким Чен Ынның кездесуі жоспарланбағанын, бі­рақ тараптар арасындағы диалог тезірек басталарына үміт арта­тынын жеткізді. ВВС өткен айда жер серігінен түсірілген суреттен Сол­түстік Корея территориясынан «радиоактивті заттардан ядролық отын жасау процесі» деп шамалауға болатын жұмыстар бай­қалғанын жазған. Ал кеше таңертең Солтүстік Корея осы апта­дағы үшінші зымыранын ұшырғаны белгілі болды.