Нұрымбетов карантин кезінде берілетін 42 500 теңгеге өтініш қай күннен бастап қабылданатынын айтты
Нұрымбетов карантин кезінде берілетін 42 500 теңгеге өтініш қай күннен бастап қабылданатынын айтты
© А.Ахметқазы
241
оқылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов карантин кезінде берілетін 42 500 теңгеге өтініш қай күннен бастап қабылданатынын және қай күннен бастап төлем басталуы мүмкін екенін айтты.
«Карантинге қатысты шектеулер салдарынан табыссыз, жалақысыз қалған азаматтарға ең төменгі жалақы көлемінде бір реттік көмек беру туралы шешім қабылданды. Оның көлемі - 42 500 теңге», - деді Нұрымбетов брифингте.
Сонымен қатар Нұрымбетов өзге де сұрақтарға жауап берді.
«Халықтың тарапынан түсіп жатқан сұрақтарға қысқаша жауап берейін. Төлем бұл жолы кімдерге төленеді? Бұл жолғы 42 500 төлем төтенше жағдай кезіндегі қағидатқа сай төленеді. Яғни, жұмыс істеп жүріп, табысынан, алып жүрген жалақысынан айырылған азаматтарға төленеді. Екінші сұрақ - қашан төленеді? Бұл жолғы төлем жасаудың операторы ретінде тағы да мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры белгіленді. Өткенде бұл қордың қаржылық жағдайы туралы айтқанбыз. Қаржы мәселесі қиын. Бірақ, бүгін шешім қабылданды. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, бір апта ішінде Қордың қаржылық жағдайын шешуі керек. Оған дейін біз өтініш қабылдайтын порталдарды дайындаймыз. Осы жұма күні бүкіл портал өтініш беруге дайын болуы керек. Сол күннен бастап өтініш қабылдау басталады. Ал, 20 шілдеден бастап төлемдерді аударуға кірісеміз. Әзірге, электронды үкіметке, 42 500 сайтына кіріп, әуре болмаңыздар. Порталдарды біз жұмаға дейін дайындауға тырысамыз, төлем 20 шілдеден басталады деп  үміттеніп отырмыз», - деді Нұрымбетов.
Еске сала кетейік, Үкімет басшысы коронавирусқа қатысты енгізілген карантин режимі 2 тамызда аяқталатынын айтқан болатын.