Кәсіби маманға кім жетеді?
Кәсіби маманға кім жетеді?
762
оқылды

Қазір заман да, адам да нөпір өзгерістер астында қалды. Кеше аса қажет болған мамандыққа бүгін сұраныс жоқ болып жатса, таңғалмайсыз. Жұмысты жапырып істейтін жұмысшы, қалағы қолынан түспейтін құрылысшы мамандықта­рына сұраныс көп сияқты көрінетін. Бұл күнде ІТ маман, мерчендайзер, блогер, бета-тестер, SMM мамандықтарына сұраныс артып отыр.

Келешекте инженер, мате­матик, сәулетші, биолог, ІТ ма­ман, бизнесті дамыту және ме­неджер болғысы келетіндерге қалауына қарай жұмыс табылуы мүмкін. Дүниежүзілік эконо­микалық форум мамандарының пікірінше, құрылысшы, өндіріс жұмысшылары, кеңсе және әкім­шілік қызметкерлері, тілшілер мен сәнгерлер үшін сұраныс азайып кететін көрінеді. Оларды 3D принтерлер мен роботтар алмастырады деген болжам бар.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне қарасақ, дамушы елдердегі роботтандыру электро­техника және автокөлік саласын­дағы қызметкерлердің үштен екі бөлігінің орнын алмастырады. 3D принтерлер құрылысшылардың 50 пайызының орнын басады.

Бұл әрине – болжам. «Бізге жеткенше әлі талай уақыт бар» деп әсте бойды аулақ салуға бол­майды. Әлемдегі үрдіс көзді ашып жұмғанша кез келген елге кеп қалуы ғажап емес.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қалада құры­лысшылардың жетпей жатқанын мәлімдеген болатын. Кейінгі кезде қазақ жастары жұмыс іздеп Ресейге көбірек кетіп жатыр. Бұрынғыдай өзбек елінен жалда­малы жұмысшылар келуін азайт­қан. Тұрақты жұмыс орны бол­мағандықтан, кәсіби құрылыс­шылар өз нәсібін көрші елдерден табуға ниет етеді екен.

Биылғы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдіргендердің жалпы саны – 117 242, оның 96 380-і – осы жылғы түлектер. Еңбек ре­сурс­тарын дамыту орталығы еліміздегі ең сұранысы көп ма­мандық орта мектеп мұғалімдері мен бухгалтерлер екенін хабар­лады. Одан кейін супервайзерлер, дүкен сатушылары және олардың көмекшілеріне деген сұраныс жоғары көрінеді.

Жеңіл автокөлік, такси және фургон жүргізушілеріне деген сұраныс баршылық. Сондай-ақ орта медициналық қызметкерлер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілеріне деген қажеттілік артпаса, тө­мендемепті.

Жас түлектер қандай маман­дықты таңдаса да бірінші кезекте кәсібилік деңгейдің биігіне шығуды есте ұстауы керек. Білікті маманға деген сұраныс қай кезде де жоғары болмақ.

Біздің қоғамға еңбек культін жасау жағы жетіспейтіндей кө­рінеді. Еңбекті бағалаудың, сәй­кесінше тиісті жалақы төлеудің теңгермелі жүйесінен батыстық үлгіге көшу ісі де жедел өзгерісті қажет етеді. Нарықтық экономи­каның өз талабы бар. Сол талап тезірек орнықса, білікті, кәсіби мамандардың орны айқын анық­талар ма еді?!.