Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында карантин кезеңінде ірі сауда желілері бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын үстемеақысыз сатуда. Барлық Small супермаркет желісі осы жұмыс принципіне көшті. Magnum сауда желісі карантин кезеңінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар азықты арзанға сатады. КеңMart гипермаркеті 1 сәуірден бастап 130 тауардың бағасын 5%-ға төмендетті, картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат өз бағасымен сатылады. Елорда әкімдігі нарық қатысушыларымен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Елордада тұрақтандыру қоры құрылып, бөлшек сауда желілерін жеңілдетілген несие бойынша жұмыс жүргізілді, «айналым механизмі» жобасына бірқатар ірі сауда желілері мен базарлар қатысуда. Осылайша, қала әкімдігі нарық қатысушыларына қолдау көрсетуде.
Сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев: «Карантин режимі енгізілгеннен бері жарты айдан аса уақыт өтті. Қалаға тауарлар үздіксіз жеткізіліп жатыр, тапшылық байқалмайды. Жүк тасымалы үшін кіреберісте «жасыл дәліз» жасалған. Карантин енгізілген сәттен бастап, қалаға жалпы көлемі 39 812,2 тонна 3,776 жүк көлігі кірді. Оның ішінде азық-түлік өнімдері – 14 315,4 тонна. Бұл базар нарығындағы бүгінгі сатылым көлеміне сәйкес келеді. Бүгінде қалада азық-түлік қоры жеткілікті» деген еді.
Алайда бұл шекті бағаларды арнайы дүкендер ғана ұстап отыр ма дерсің. Сонымен бірге бұл шекті бағаны тек осы тоғыз тағам түріне ғана емес, барлық азық-түлікке қойған дұрыс-ау. Әйтпесе, қазіргі карантин уақытында қиналған халық күнделікті жейтін асқа ақша таба алмай қиналып отырғанда саудагерлер мен делдалдар пайда табуда. Қой еті ем деп еді, қымбаттап кетті. Басқа тауарларға да осының «салқыны» тиді.
Мысалы, елордадағы «Ануар» сауда үйінде 1 келі картоп бағасы – 217 теңге, сарымсақ – 841 теңге, лимон 820 теңгеге саудалануда. Ал сиыр еті – 2 500 теңге, қойдың еті 3 000 теңгеден асып кеткен. Мұндай жағдай еліміздің бірқатар өңірінде қайталануда.
Біле жүріңіз: Елордада Үкімет тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мақсатында тоғыз тауарға шекті баға қойылды. Олар: сұрыпталған бидай ұны (197 теңге), бірінші сұрыпты ұннан жасалған қалыпты нан (150 теңге/келі, 82,5 теңге/500 гр.), өлшемелі макарон (230 теңге), қарақұмық жармасы (239 теңге), өңделген күріш (307 теңге), сиыр еті (иық-кеуде сүйектері) (2113 теңге), тауық жұмыртқасы (І санат) (351 теңге), күнбағыс майы (481 теңге), ас тұзы («Экстраны» қоспағанда) (55 теңге). Бағалар әр өңірде жеке белгіленген. Белгіленген бағадан асқан жағдайда кәсіпкерлерге 265 мың теңгеден 530 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.
Комитет құрыла ма?
Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров министрлікке қарайтын Тамақ және өңдеу өнеркәсібі комитетін құруды ұсынды.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін болдырмау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты молықтыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Импорт алмастыруды ескере отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде айқын жоспар әзірленді. Сақтау инфрақұрылымы бойынша қазір республикада 27 млн тонна сақтау сыйымдылықтары, оның ішінде 189 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны бар. Алайда шағын және орта фермерлерге арналған 10 мың тоннаға дейінгі кішігірім астық қоймаларының мәселесін шешу керек. Мұндай тәжірибе АҚШ пен Канадада бар, біз де бұл бағытта мемлекеттік қолдау шараларын енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Министр маусымаралық кезеңде қазіргі заманғы көкөніс сақтау орындары мен жеміс сақтау орындары (1,9 млн тоннаға 1 249 бірлік) жетіспейтінін айтты.
– Бұл үшін заманауи сақтау орындарын салуға жеңілдетілген кредит беру және инвестициялық субсидиялау жүзеге асырылуда. Агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін іске асыруға қатысты сыртқы нарықтың конъюнктурасы зерттеледі. Көлік шығындарын субсидиялаумен қатар, экспорттық өнімді сертификаттауға жұмсалған шығынға өтемақыны енгізу, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы өнімін жылжытудың жаңа тиімді маркетингтік құралдарын енгізу пысықталатын болады. Импорттаушы елдердің нарықтарына егжей-тегжейлі шолу жасай отырып, «экспорттық гидтердің» үлгілік жүйесін енгізу жоспарланып отыр, – деді ол.
Министр ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуде бірыңғай саясатты қалыптастыру үшін тиісті функциялар мен қажетті штат санын бере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында Тамақ және өңдеу өнеркәсібі комитетін құруды ұсынатынын айтты.
Әрине, қолдауға тұрарлық ұсыныс. Бірақ әкімдіктерде осы саламен бұрыннан жұмыс істейтіндер, бағаны тұрақтандыра алмағанда «жаңа комитет не тындырмақ?» деген де ой келеді. Мүмкін жеке-дара комитет осы істі өзі ғана қолға алса, баға шынымен тұрақталар деген үміт те жоқ емес.