«Ғаламтордағы үкімет»
«Ғаламтордағы үкімет»
211
оқылды
 

Тұрақты даму жоқ

БҰҰ Электронды үкіметті дамытудың жаһандық рейтингін жариялады. Бұл рейтинг әр екі жыл сайын жаңарып отырады. БҰҰ-ға мүше 193 елдің көрсеткіштері сараланады. Биылғы рейтинг мемлекеттердің 2018-2019 жылдары жүргізген жұмыстарының нәтижесінде шығарылған. БҰҰ-ның жариялаған есебіне сәйкес, Электронды үкіметті дамыту бойынша үздік үштікте Дания, Оңтүстік Корея және Эстония мемлекеттері кірді. Ал Қазақстан 29-орынға көтерілді. Әрине, 2018 жылмен салыстырғанда жоғары, ол кезде 39-орында болатынбыз. Бұл көрсеткіштер 2014 жылы тіркелген нәтижеден төмен.  Еліміздің аталған рейтингтегі ең жоғары позициясы 28-орын болатын. Осы көрсеткіштерді ескерсек, Электронды үкіметтің дамуы тұрақты дей алмаймыз. Ал ТМД елдері арасында Қазақстан екінші орыннан бірінші орынға көтерілді. Екінші орында Ресей, ары қарай Беларусь, Украина, Молдова, Өзбекстан деп кете береді. Электронды үкіметті дамыту бойынша БҰҰ-ның жаһандық рейтингінде негізге алынатын компоненттердің бірі – телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту. Осы салада көрсеткіш 22,7 пайыз, яғни адами капитал мен электронды қызметтерді дамыту көрсеткіштерімен салыстырғанда біршама жақсы. Жалпы, биыл екі ірі жоба аяқталып, ел халқының 99,3%-ы жоғары жылдамдықты мобильді интернетке қосу жоспары бар. Атап айтқанда, мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобасы аясында байланыс операторлары 20 мың шақырымнан астам оптикалық байланыс желісін жүргізбек.  Оның орындалуын уақыт көрсете жатар. Электронды үкіметті қолдануды дамыту бойынша Қазақстан 26-орында. Елде соңғы 2 жылда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, автоматтандырылған мем­лекеттік қызметтер санының біршама артуына жаңа технологиялар туралы заңдар қабылдануы түрткі болды деуге болады. Сонымен бірге телеграм-бот арқылы қызмет алу мүмкіндігі, азаматтардың әлеуметтік желілерді де белсенді қолдануы, eGovmobile жаңа мобильдік қосымшасының іске қосылуы да септігін тигізді.  

Интернет жылдамдығы төмен

Электронды қызметтің кеңінен қолданылуына кедергі жайттың бірі –  интернет жылдамдығының нашарлығы. Қазақстан аумағында мобильді интернеттің жылдамдығы секундына 19 Мбит-ке де жетпейді. Ал әлемдік көрсеткіш – 32 Мбит межесінде. Қолданушылар санының көбеюіне байланысты Қазақстан аталған тізімде 85-орыннан 103-орынға төмендеп, Сирияның қасына ығысқан. Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында Армения мен Ресей алдыңғы орында тұр. Бұл бағытта Біріккен Араб Әмірліктері мен Оңтүстік Корея және Катарда интернеттің жылдамдығы жоғары. Салыстырсақ, аталған елдердегі ғаламтордың жылдамдығы Қазақстаннан төрт есеге дейін артық. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5G технологиясын енгізу жоспарланған. «Қазіргі кезде елімізде смартфондарда пайдаланылып жүрген 4G технологиясы кеңінен тараған. Енді 5G іске қосылатын жиілік спекторы бойынша жұмыстар атқарылуда. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте тестілік аумақтарды қойдық. Тестілеу нәтижесі интернеттің жақсы нәтижесін көрсетті», –  деген болатын «Қазақтелеком» АҚ басқарма басшысы Қуанышбек Есекеев. Ұлттық экономика министрлігінің  деректері бойынша, соңғы он жылда елімізде интернет желілерін дамыту мен жабдықтауға 1 трлн теңге инвестиция салынған.   5G  

Электронды қызметті жетілдіру қажет

Елімізде кейінгі жылдары қызметтерді проактивті түрде ұсыну басталды. Бұл дегеніңіз, мемлекет азаматтың өтінім беруін күтпей-ақ, қызметтерді өзі ұсынатын болады. Мысалы, өмірге нәресте келгенде оның туғанын есепке алу, бала туу бойынша берілетін жәрдемақының екі түрін тағайындау, тұрғылықты мекенжайына тіркеу және балабақша кезегіне қою бір мезетте ұсынылады. Өткен жылы аталған қызмет 100 мыңнан астам адамға көрсетілген. Сонымен бірге  «бір терезе» қағидатынан «бір өтінім» қағидатына көшу.  Яғни, бірнеше ілеспе қызметтер кешенді түрде ұсынылады деген сөз. Ол үшін азаматқа тек бір рет өтініш беру жеткілікті. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары оларды дәрігерлік тексеруден өткізу, оқыту және оңалту бойынша 6 түрлі қызмет түрін алуы тиіс. Ол бума-бума құжат жинауды, уақытты қажет етеді. Ендігі жерде оларға бір рет өтініш беру арқылы қызметтің 6 түрін алу мүмкіндігі бар. Мемлекеттік қызметтің бірнеше түрін біріктірген осындай композиттік қызмет енгізілмек.  Бұдан басқа, көшелер мен елдімекендерді қайта атау кезінде деректер базасындағы мекенжай атауы да автоматты түрде өзгереді. Жаңа тәсіл 124 мемлекеттік қызметті оңтайландыруды, қызмет көрсету мерзімін 178 күнге қысқартуды, 90-нан астам құжатты қысқартуды, 82 мемлекеттік қызметті белсенді етуді көздейді. Аталған қадам азаматтардың кейбір құжат рәсімдерін жеңілдетіп, әлеуметтік қамту саласына оң серпін берері сөзсіз. Электронды үкіметтің игілігін халық толық пайдалана алып отыр деп айта алмаймыз. Интернеттің қолжетімділігі өз алдына, электронды қызмет көрсету ресурстарының қызметі сынға ұшырады. Төтенше жағдай режимінде әлеуметтік төлем алу кезіндегі жағдайлар мысал бола алады. Елдегі орта мектептерде информатика сабағы 1-сыныптан бастап енгізілді, ЖОО-лар академиялық еркіндікке ие болды, «Астана Хаб» индустриалды паркінде alem бағдарламалау мектебі, AХҚО бюросы базасында QWANT жаңа технологиялар мектебі жұмыс істейді, Astana IT University де ашылған. Елімізде IT-мамандықтар бойынша берілетін грант саны 3 есеге дейін артып отыр. Бірақ адами капитал бойынша Электронды үкіметті дамыту индексі төмен деңгейде. 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, биылғы өсім – 5,6%. Қазіргі технология заманында элек­тронды қызмет ауадай қажет. Алайда оны қолжетімді, қолданылуын тиімді ете білу, экономикалық қиын сәтте қаржыны үнемдей білу  – басты назарда болуы тиіс.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=