Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында балалар театры жұмыс істей бастады. «Тамшы» балалар театры жас актер, режиссер Бейбіт Құсанбаевтың бастамасымен ашылды.
Бұл – ауылда құрылған алғашқы театр. Балалар театрын ашу идеясы осыдан 7-8 ай бұрын пайда болған. Бастапқы кезде шығармашылық үйірме ретінде жұмыс істей бастаған. Ауыл жасөспірімдері өнерге көптеп тартыла бастаған соң, үйірмені кеңейту туралы шешім қабылданады. Қазір театрда 60-қа жуық дарынды бала өнер көрсетеді. Олар көптеген байқауларға қатысып, жеңіспен де оралып жатыр. Одан бөлек, қайырымдылық концерттерін жиі ұйымдастырып тұрады.