Тіл оқыту орталықтары еліміздегі карантин кезінде мемлекеттік және басқа да тілдерді қашықтан оқыту шарасын бастады.
Қашықтан оқыту шарасы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен ұйымдастырылғалы отыр. Оның мақсаты – карантин кезінде ересек азаматтарға мемлекеттік және өзге тілдерді онлайн режімде инновациялық әдістер арқылы тегін оқыту, электронды оқу құралдарымен қамтамасыз ете отырып, тіл үйренуге арналған ІТ бағдарламалар мен платформалар арқылы өздігінен оқуға шақыру.
«Қашықтықтан білім беру – оқытудың айрықша технологиясы деген сөз емес, бұл, ең бірінші кезекте, «аудиторияда ғана оқу» секілді қалыптасқан қасаң түсініктің тар ауқымынан шығуға мүмкіндік береді. Сондықтан республикамыздың түкпір-түкпіріндегі орталыққа қарасты тілдерді дамыту, оқыту орталықтарының қазіргі қашықтықтан оқыту режімі туралы ізденісін пандемия жағдайындағы еріксіз мәжбүрлілік деп емес, қайта осы шекке дейін бұл салада жинақталған мол тәжірибені кеңінен қолданудың жан-жақты мүмкіндігі ретінде қабылдауға болады», - деп хабарлайды «Тіл-Қазына» орталығы.
Осы сала бойынша қызмет жасайтын 98 оқыту орталығы бүгінгі таңда қашықтан оқыту үрдісін «Қашықтан оқып, тіл үйрен!» акциясы аясында жалғастырып отыр.
Әрбір жергілікті жердің байланыс мүмкіндігі ескеріліп, ынта білдірушінің ыңғайына қарай таңдау еркі қарастырылған. ZOOM, Whatsapp, Skype, Google Classroom, Тelegram, Instagram платформалары арқылы тікелей онлайн сабаққа қатысып, онлайн сабақ жазбасын алу мүмкіндігі де қарастырылған.Тілді өз еркімен үйренгісі келетін азаматтарға арналған Tilqural.kz сайты жұмыс жасайды. Электронды оқу құралдарын, қажетті ақпаратты электронды поштамен алуға болады.
Оқыту орталықтарының тәжірибелі, білікті оқытушылары инновациялық технологияларды, әдістерді пайдалана отырып, қызықты әрі пайдалы дәріс жүргізеді.