Мамандар осылай деп дабыл қағуда. Карантин енгізілгеннен кейін адамдар «сыртта ауру жұқтырып аламыз» деп қауіптенеді. Сондықтан қан тапсыруға баратындар саны күрт азайған.
Оған қоса, қоғамдық көліктің тоқтауы да жағдайды қиындатқан. Бірақ донорларды тасымалдауға орталықта арнайы көлік қарастырылған. Карантинге дейін қан орталығына күніне 100-120 донор келсе, қазір олардың саны екі есе аз. Қаладағы медицина мекемелері қан қорын үнемі толықтырып отыруы қажет.
Әсіресе қазіргі жағдайда донорлардың азаюы бірден сезіледі. Орталықта коронавируспен ауырып шыққан адамдар иммундық плазма тапсырып, өзге науқастарға көмектесе алады. Жасы 18-ден асқан созылмалы аурулары жоқ азаматтар қан доноры бола алады.
- Коронавируспен ауырып, емделіп шыққан кісілерді, әсіресе ауруы орташа және ауыр дәрежелі түрде өткен, жазылып шығып, үй жағдайында екі апта карантинде болған адамдарды иммундық плазма тапсыруға шақырамыз. Себебі осы топтағы кісілердің денелерінде антиденелер болады. Осы антиденелер ауыр жағдайда ауырып жатқан адамдардың өмірін сақтауға жақсы көмектеседі, - деді трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының жоғары санатты трансфузиолог дәрігері Зәуреш Әлменова.